Сұрақ: Жасаған құлшылықтың қабыл болғанын қалай білеміз?
Жауап: Расында дінге жаңадан кіріп, діни ғибадаттарын орындап жүрген кейбір адамдар: «Құлшылығымды тұрақты түрде орындап жүрмін, бірақ оның Раббымыздың тарапынан қабыл болғанын білмеймін. Оның бір белгілері бар ма?» – деп сұрап келеді.
Дінде бұл мәселеге қатысты нақты үкім жоқ. Алайда, ғалымдар құлшылықты ықыласпен орындаған адамның мынадай белгілері бар екенін алға тартады. Мысалы, ондай адам өзін күнәлардан алыс ұстайды, жүрегінде дүниеқұмарлық махаббаты азаяды, әрбір құбылыстан Алланың құдіретін сезеді, тақуа, діндар адамдарға жақын бола бастайды, күнәһардан аулақ жүреді, азға қанағат, барға шүкір етеді. Ақыреті үшін жиған азығын аз санап, ізгі амалдарын еселей түседі. Ондай адамның жүрегі үнемі Алланы естен шығармайды, аз сөйлейді, өзіне әрбір ісі үшін есеп береді.
Жалпы мұсылман адамға жасаған құлшылығының қабыл болып-болмағанын уайымдап шаршаған жараспас болар. Дін ислам бұлай жасауды мақұл көрмейді. Адам шамасы келгенше өзіне жүктелген мұсылмандық міндеттерді орындап, олардың қабыл болуын Алладан үміт етіп өмір сүреді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ