Отбасылы болу – Алланың адам баласына берген нығметі әрі сынағы. Әке атану, ана болу, бала сүю – өмірдің бұлжымас заңдылығы. Өмірдің қызығы да осы ер мен әйел болып, бір-бірілерін толықтырып «жанұя» атанып өмір сүруде жатыр.

Бірақ, сол отбасын құрып, үйлене салу оп-оңай болғанымен, үй болып тату-тәтті ғұмыр кешу қиынның қиыны. Күн өткен сайын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақтың келелі сөзінің мәні енді аңғарылып жатқандай.

Сонда, «үй болу» үшін не істемек керек? Қандай заңды басшылыққа алған отбасы екі дүниеде де бақытты болады? Осы және өзге де сұрақтар отбасын құрған жастардың санасын сан-саққа жүгіртіп жатыр. Ендеше бірге жауап іздеп көрелік…

Әрбір тұлғаның отбасы алдында белгілі міндеттері мен мақсаттары бар. Шаңырақ көтерген мұсылман ер мен әйел сол ошаққа жауапты екендіктерін терең сезініп, Ислам дінінің бұйрықтары мен тыйымдары шеңберінде өмір сүруге міндетті.

Алла Құран Кәрімде: «Адам баласы өзін емін-еркін жіберілгенбіз деп ойлай ма?» – (Қиямет, 36-аят) деу арқылы, өмірдің мәнін келтіріп, мағыналы ғұмыр кешу үшін шариғатты басшылыққа алу керек екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, дініміз бекіткен өміршең қағидаларды сақтап, ер мен әйел өз міндеттерін біліп, соны атқаруға талпынғанда ғана отбасының түтіні түзу шығып, шаңырақта шаттық орнайтынын айтып: «Ерлердің әйелдерге ақысы болғаны секілді, әйелдердің де ерлерде жақсылықпен өтелетін ақылары бар», – (Бақара 228-аят) дейді.

Яғни, отбасын бақытты етіп ұстау үшін бір ғана жол бар екенін ұғынып отырмыз. Ол – иләһи және өміршең, Алланың Өзі бекіткен шариғаты екен. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген атам қазақ, отбасы жауапкершілігін тек имандылық деген қасиетті ұғым ғана қалыптастыратынын айтып кеткен. Өзіміз ойлап көрелік, Құдайдан қорыққан ер азамат әйелін жылата ма? Ал жүрегінде Аллаға деген иманы орныққан әйел заты күйеуін ренжіте ме? Әрине, жоқ.

Ей, жас отбасы!

Ойланып көріңіздерші! Неге кейбір отбасылар «бақытты» емес? Неге олардың көздерін жас жуып, жүректерін тұрақсыздық билеген? Олар сол бақытты қайдан іздеп жүр? Іздегендер қайдан тауып жатыр? Ойланып көрдіңіздер ме? Ал тапқан адамдар оны қадірлеп жатыр ма?

Ей, жас отбасы!

Бір-бірлерін «сүйдім, күйдім» деп, шаңырақ құрып жатқан жанұялар аз уақыт ішінде неге ажырасып кетіп жатыр? Балалар неге тірі жетім?  Осыны ойланып көрдіңіздер ме?

Ей, жас отбасы!

Неге бала әкеге қарсы шығып, қыз анасының жағасынан алып жатыр? Неге балалары ер жетіп, жаман жолды серік етіп, «көргенсіз» атанып жүр?

Ей, жас отбасы!

Неге кейбір «тепсе темір үзетін» жігіттер, сыңғырлаған әйелінің күлкісінен «балқып», сиқырлы сөздерінен «бастары айналып», тоғыз ай тоғыз күн көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп, бауырына басып, құшағына қысып мәпелеген анасының сөзін көтере алмай, әйелінінің жағында болып, әке-шешесін «қарттар үйіне» апарып, арсыздық жасап жатыр? Осы дүниелерді ой електеріңізден өткізіп, саралап көрдіңіздер ме?

Осы қорқынышты көріністерден құтылып, шаттыққа толы ғұмыр кешіп, Алла разы болатындай өмір сүргіңіз келе ме? Екі дүниеде де Алланың назарында, бақыттың базарында болғыңыз келе ме? Ендеше, маған құлақ түріңіз…

Ей, бақыт іздеген отбасы!

Бақыт Исламда екенін түсініңіздер. Оны тәкаппарлық етпей мойындау керек. Құтылудың жолы шариғат екенін естеріңізден шығармаңыздар. Шариғатымыз бойынша отбасы мүшелерінің бір-біріне қатысты ақылары бар. «Ақы» деген ұғымды қалай түсінеміз? «Әкенің ақысы», «баланың ақысы» деген ұғымдар қазақ мәдениетінде әбден қалыптасқан. Сол секілді ер адамның да әйелінен алар ақылары бар. Сол секілді әйел адамның да ер адамынан алар ақылары бар. Оны әйелдің күйеуінің алдындағы, күйеуінің әйелі алдындағы міндеттері деп те атауға болады.

Отағасы!

Сіздің міндеттеріңіз төмендегідей… Сіз – отбасын басқаратын адамсыз. Алла сізге осындай дәреже берді. Әйел, бала-шағаны басқарып, қорған болу сізге – парыз. Қасиетті Құранда: «Ер адамдар әйелдерге жауапты, әрі билеуші», – деген аят бар («Ниса» сүресі, 34-аят). Ал Алла елшісі (с.ғ.с.) болса: «Ер адам жанұясына жауапты. Жанұясы үшін сұралады», – деген (Бухари).

Әйел, бала-шағаңызға нәпақа тауып беріңіз. Оны өзіңізге міндет етіңіз, бірақ міндетсініп кетпеңіз. Хадисте: «Бала-шағаң, жұбайың және қызметшің үшін  жұмсағандарың – садақа», – делінген.

Төркініне барып тұруға рұқсат беріңіз. Себебі, туыстық қарым-қатынасты үзген адамның жәннатқа кірмейтіні айтылған хадистерде. Жұбайыңыздың білімін жетілдіруге жағдай жасаңыз. Себебі, білім алу тек ер адамға ғана емес, әйел адамға да парыз екенін есіңізден шығармаңыз.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Әлемжелідегі жат ағым әлегі

Дінді үйрену – өмірді үйрену. Оған уағыз айтыңыз. Алланы есіне салыңыз. Сонда ғана сіз әйеліңізден керемет «тақуалықтар» күте аласыз…

Жұбайыңыздың табысына қол сұқпаңыз, егер әрине ол жұмыс істейтін болса. Жұбайыңыздың жұмыс істеуіне егер ол рұқсат сұраса қарсылық танытпаңыз. Оны баласынан айырмаңыз және төсек қатынасынсыз қалдырмаңыз.

Жұбайыңызбен жылы сөйлесіңіз. Хадистерде: «Мұсылманның ең жақсысы – әйеліне жақсы қарағандары», – деп айтылады. Ашуыңыз келсе, оны тізгіндей біліңіз. Себебі орынсыз ашу ессіздікке апарып, аяғында «өкінішпен» жаныңызды өртеп жіберуі мүмкін.

Жұбайыңыздың кемшіліктерін тіміскілеп, айыптарын бетіне баспаңыз. Орнымен қызғану керек. Орынсыз қызғаныш Аллаға ұнамайтынын біліңіз. Ал Аллаға ұнамайтын амал Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті болуы мүмкін емес.

Үйіңізге сәлем беріп кіріңіз. Бұл амалға ұсақ-түйек деп мән бермей жүрмеңіз. Үлкен өрт кішкентай шырпыдан пайда болатынын білмейтін бе едіңіз?

Үйге қарай асығып тұру керек. Бұл – кемшілік емес. Үйге қарай асыққан жігіттің әрекетінен әйелінің жақсы адам екенін білуге болады. Түн жарымда ескертусіз үйге келуші болмаңыз. Әйеліңіздің көңілін қалдырасыз. «Бұл мені аңдып, бақылап жүр ме? Маған сенбей ме?» деген ойға жетелейсіз.

Үй ішіндегі тірліктерде әйеліңізге жәрдемдесіңіз. Одан кіші болып кетпейсіз. Араларыңызда сый мен құрмет артады. Әйеліңіздің көңілін аулаңыз. Үсті басыңызды реттеп, қадағалап жүріңіз. Осы кеңестерімді бұлжытпай орындаңыз. Бұл сіздің әйеліңіздің  алдындағы міндеттеріңіз.

Әйелдің міндеттері.

Әйел – үйдің тірегі. Күйеуіңіздің басын төрге де, көрге де сүйрейтін – сізсіз. Міндеттеріңізді жақсылап біліп алыңыз. Ең алдымен әйел күйеуінің өзінен бір саты жоғары тұратынын мойындауға міндетті. Алла оны ашық айтқан.

Күйеуіңізге бағыныңыз. Ол сіздің жердегі жұмағыңыз, не тозағыңыз. Оның разы болуы – Алланың да разылығы.

Бір күні бір әйел ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, менің күйеуімнің алдында қандай міндеттерім бар?» – деп сұрады. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған бағынады, қарсы келмейді. Оның рұқсатынсыз үйінен ешбір нәрсені садақа етпейді. Нәпіл ораза ұстағысы келсе, міндетті түрде оның рұқсатын алады. Ол оны түйенің үстінде отырған жерінен шақырса да, өзін ұстап қалмайды (яғни сұрағанын береді). Оның рұқсатынсыз үйінен шықпайды. Егер де рұқсатсыз шығып кетсе, онда ол үйіне қайтып келгенге дейін оны аспан періштелері де, жер періштелері де, ашу періштелері де, рахым періштелері де қарғап, лағынетін жаудырып тұрады», – деп жауап қайырды.

Қасым Аманжолов ағамыз өзінің жарына арнаған өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет. Сен – премьер, мен – президент», – деген екен.

Алла Тағала әйел адамның бақытын «еріне бағынуға» жасырып қойған. Әйелдер қауымы бұған бей-жай қарамаулары керек. Жанұяның көп проблемасы, әйелдің күйеуге бағынбағанынан, өзімбілемдікке салынғандығынан, үйдегі нәрсені рұқсатсыз бергеннен туындайды.

Күйеуіңіздің ар-намысына кір келтірмеңіз. Жыныстық міндетіңізді атқарыңыз. Оның рұқсатынсыз басқа ер адамдармен сөйлеспеңіз. Рұқсатын алмай сыртқа шықпаңыз. Ол ұнатпайтын адамдарды қонаққа шақырмаңыз. Оның мал-мүлкіне өзі жоқ кезде ие болыңыз. «Әке» атану арманынан мақұрым етпеңіз.

Күйеуіңізді ашуландырудан аулақ болыңыз. Оған адал қызмет жасаңыз. Оның Алланың әмірлерін орындау үшін жағдай жасаңыз. Істеген жақсылықтарын жоққа шығармаңыз. Оны күлімдеп қарсы алып, күлімдеп шығарып салыңыз.

Бұл амалға бей-жай қарамаңыз. Оның нәтижесін көресіз. Онымен сыпайы сөйлесіңіз. Орынсыз ажырасуды талап етпеңіз. Үй ішіндегі қызметтерді атқарыңыз. Үйді таза ұстау керек. Оның ұйықтайтын және тамақтанатын уақыттарына сақ болыңыз. Аштық пен ұйқысыздық – ашуды тудырады. Қонақ күтуде мұқият болыңыз. Ысырап етпеңіз. Үнемшіл болыңыз.

Алланың разылығына талпынған отбасы!

Осы айтылған насихаттарды ұстану және оған берік болу – бақыттың кілті. Егер ер адам өз міндетін, әйел өз міндетін мүлтіксіз атқарса, отбасында махаббат та, құрмет те өз дәрежесінде кемел болады.

Алланың разылығын іздеген өмірлік жарыңа ғашық болмау мүмкін емес. Себебі, махаббат пен мейірім некеден кейін пайда болатын құбылыс. Алла осы ақиқатты: «Араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім орнатқандығы да Оның белгілерінің бірі», – деп (Рум, 23-аят) ашық айтады. Алла өз уәдесін орындайды. Сіз тек өз міндетіңізді атқарсаңыз болғаны…

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

Ақтөбе облысы, Темір ауданы

«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің имамы,

Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі

Пікір жазу