Сұрақ: Ислам адамды үнемі «жақсы ойда болуға» шақырады. Оның мәні неде?

Жауап: Әдетте адамға қандай бір жағдай болмасын, дереу жаман ой келеді. Міне, осы уақытта мұсылман басқа адамдар түрасында жақсы ойда болып, жаман ойға түсуден сақтануы тиіс деген ережені ұстануы керек. Басқаша айтқанда, адам басқа адамның «айыбын» көрсе, оны дереу жамандыққа жорып, шешім қабылдамай, ол турасында жақсы ой ойлау деген сөз. Адам көзімен көрген істің сыртқы бейнесін көргенімен, оның шынайы мазмүұнын білмеуі әбден мұмкін, яғни оның артында басқа нәрсе болуы ықтимал:

«Ей, мүміндер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені күмәннің кейбірі күнә» (Хужурат: 12).

Пайғамбар да (с.ғ.с.) мұсылмандарды басқалар жайында жаман ойдан сақтануға шақырған. Мысалы, бір кісі көлігімен қатты жылдамдықпен сіздің жолды кесіп өтті делік немесе уәделенген орынға кешігіп келді. Мұсылман адам дереу жаман ойда болмай, себеп-салдарына көз жеткізгенше кесімді шешім шығаруға асықпауы қажет.

Бірніші жағдайда жолды көлігімен кесіп өткен адам емханаға немесе ұшаққа кешігуі себепті асығыс болған шығар. Сол үшін ол адам сізден кешірім сұрамастан асығыс өтіп кеткен болуы мүмкін.

Ал екінші жағдайға келер болсақ, яғни уағдаласқан жерге уақытынан тыс кешігіп келген адам, қаланы дұрыс білмеуі себепті біраз адасып немесе жолда бір оқиғаға тап болғандықтан кешігуі ықтимал.

Жалпы ислам мүмкін болғанша басқалар жөнінде осы сияқты себептерді ойлап, ақиқатқа жетпейінше жақсы ойда болуға шықырады. Мұны шариғатта «хусн әз-зан» деп атайды. Қазақша «басқалар жайында жақсы ойда болу» деген мағынаны білдіреді.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу