“Нұр-Мүбарак” университеті жаңа 2022-2023 оқу жылын жақсы жаңалықтармен бастады. Бұл жөнінде Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаевтың құттықтау сөздерінен белгілі болды.
Биыл оқуға қабылданған студент, магистрант, докторанттар қатары – 668. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда ең үлкен көрсеткіш. Әрі биыл мемлекеттік 200 білім грантының 173-і Нұр-Мүбарак университетінің үлесінде. Жалпы бакалавриат бөліміне – 630 студент (грант – 221, ақылы – 409), магистратураға – 32 (25-грант, 7-ақылы), 6 докторант (6 грант) оқуға қабылданды.
Осы орайда жаңа оқу жылы алдында оқытушы-профессорлардың басын қосып, биылғы білім сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат оқытушыларға қашанда қолдау жасалатындығын да атап өтті.
Ал бүгінгі Білім күнінде алғашқы студенттермен кездесу қасиетті Құран аятымен басталды. Ректор студенттерге құттықтау сөзбен бірге білімнің артықшылығын атай келе, бакалавриат бағдарламасын меңгеру болашақ маманның білімі мен білігінің негізі екенін жан-жақты тәптіштеді. Ал проректор, PhD доктор Қ. Құрманбаев университет тарихымен қатар, оның ел дамуындағы маңызына тоқтала келе, сапалы білім алуға қатысты талаптармен таныстырып өтті. Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттар ағыны мен әлеуметтік желілердің ықпалында кетпеудің жолдарымен қатар, ислами білім алудың маңыздылығы мен ерекшеліктеріне тоқталды.
Білім күніндегі маңызды басқосуды университеттің Академиялық мәселелер департаментінің директоры Мұратхан Махмет жалғастырды. Ол студенттерге оқу үдерісінің жай-жапсарымен қатар ішкі тәртіптің талаптарын да таныстырды.
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі