Биыл әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне байланысты Ақтөбе облысында алты ай ішінде 6 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейгені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтсақ, ендігі жерде барлық өңірдегі полиция ұйымдары тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырады. Яғни, жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға болады. Ол үшін әйел адамның тұрмыстық зорлық-зомбылық көргені туралы көршілері, туыстары, таныстары сотқа дерек жеткізіп берсе болғаны.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақкүл Қасанғалиеваның айтуынша, жаңа заңға сәйкес екі тарапты қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталған. Себебі қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің дені іс сотта қаралған кезде арыздарын қайтарып алатын болған.
1 шілдеден бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру (ҚК 106-бабы, ҚК 107-бабы) баптарына «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» белгісі енгізілді. Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді полиция майоры.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 6 айында Ақтөбе облысында әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне байланысты 6 қылмыс тіркелген. Ал жалпы қыз-келіншектерге қатысты І жартыжылдықта 919 іс қозғалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмен.
Қазір әйелдер заң тұрғысынан сауатты. Сондықтан күйеуінен зорлық көрген әйелдердің көбі құқық қорғау органдарына шағымдана алады. Әрине, бәрі бірдей арыз-шағым жазып жатпайды. Дегенмен қалай десек те, әлі күнге дейін облысымызда азаматынан таяқ жеп, зорлық көріп отырған әйелдер саны азаяр емес. Нақты статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың басынан бері өңірімізде 3 әйелге отбасында қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтірілсе, екі әйел қасақана дене жарақатын алған. Ал бір дерек тағы басқа себепке байланысты болып отыр. Былтыр облыс бойынша 7 қылмыс тіркелсе, биыл жалпы саны 6 қылмыс тіркеліп отыр, – дейді Қасанғалиева.