Кез келген қоғамдағы дін мен саясаттың арақатынасына сол қоғамның тарихи және ұлттық жағдайлары мен ерекшеліктері ықпал ететіні сөзсіз. Дін мен саясаттың қарым-қатынастарына нақты қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан діннің құрылымы мен мәртебесі, билік түрлері, саяси режимдер, экономикалық, мәдени факторлар мен сыртқы факторлар ықпал етіп, соған сәйкес қоғамдық-мәдени ерекшеліктерді қалыптастырады.

Мемлекет пен діннің қарым-қатынастарын зерттеуші Маттиас Коениг мемлекет пен діни ұйымдардың қатынастарының қалыптасуы мен олардың белгілі бір бағытта дамуына мемлекеттің дінді басқару түрі мен азаматтардың сол үдерістерге қатысу үрдісі ықпал етеді деп есептейді. Зерттеушілер осы ретте дінді басшылыққа алудың шартты түрдегі американдық және еуропалық үлгілердің ерекшеліктерін тілге жиі тиек етеді.

Мәселен, американдық үлгі діндерді бизнес саласындағы тұтынушылар үшін бәсекеге түсетін, өз мүшелерін көбейтуге мүдделі және өз еркімен біріккен жеке ұйымдардың ашық нарығы ретінде қарастырады. Діни ұйымдардың табысты болуы олардың тұтынушылық талаптарды жүзеге асыруларына байланысты, яғни діни ұйымдардың (шіркеу, мешіт, басқа да діни ғибадат орындарының) дамуы немесе құлдырауы олардың өз сенушілерінің қатарын толтыра алу қабілеттеріне байланысты. Нарықтың еркін дамуы үшін барлығына ортақ жағдайлар жасауды ұстанатын американдық үлгіде мемлекет діннің қызмет етуіне кең мүмкіндіктер бергенімен, белгілі бір дінге не діндерге аса қолдау көрсете қоймайды.

Еуропалық діни үлгіге келер болсақ, бұл кеңістіктегі діни жағдай өзіне тән ерекшеліктерімен қалыптасқандықтан, ол елдердің әрқайсысының дін саласында өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар. Мәселен, еуропа елдерінің бірқатарында мемлекеттік немесе ресми бекітілген шіркеулері бар болса, екіншілерінде қатаң мемлекеттік секулярлық саясат жүргізіледі.

Десек те, еуропалық үлгіде белгілі бір діннің (шіркеудің) ұлттық түрде көрініс табуы қалыпты жағдай болып табылатынын айта кету керек.

Жоғарыда айтқандай, американдықтар шіркеуді (мешітті, синагоганы және т.б.) өз мүшелері үшін бәсекеге түсетін және азаматтардың өз еріктерімен біріккен ұйымдары ретінде қарастырса, еуропалықтар шіркеуді мемлекет қолдау көрсетіп отыратын дәстүрлі институт ретінде түсінеді. Еуропалықтар бұл мәселеде өз елдерінің тарихын ұлттық сипатқа ие белгілі бір конфессиялармен тығыз байланыста дамығанымен түсіндірсе, мүлде басқа қоғамдық-саяси ортада қалыптасқан американдықтар үшін мұндай қисынды қабылдау қиын.

Мұны басқа да факторлардан бөлек Еуропа тарихының белгілі бір кезеңін мемлекеттегі саяси билік пен шіркеу билігінің қоғамдық ықпал орнату және оны сақтау мақсатында бір-бірімен жүргізген күресімен түсіндіруге болады. Брайан Терней осы ретте мемлекеттік биліктің батыстық дәстүрінің бүгінгі көрінісі Орта ғасырлардағы шіркеу мен мемлекеттің бір-бірімен жүргізген ұзақ күрестерінің нәтижесі екенін айтады.

Еуропадағы мемлекет – дін қатынастарының ерекшеліктері өзіндік саяси-құқықтық сипатында да көрініс табады. Мәселен, Болгария конституциясында православие шіркеуіне елдегі дәстүрлі шіркеу деген статуста болса, Грекия Конституциясында  православие  шіркеуі мемлекеттік дін ретінде бекітілген. Сонымен қатар Грекияда прозелетизмге тыйым салынған, яғни бұл елде азаматтарды өзге дінге үгіттеу заңмен қудаланатынын айта кету қажет.

Польша қоғамы мен мәдениетінде католик шіркеуі поляк халқын біріктіруші және ұлттық бірегейлікті сақтаушы рухани күш ретінде танылады, елдегі католик шіркеуіне артықшылықтармен қатар мемлекеттік бюджеттен шіркеу қажеттіктеріне қаржылық қолдау көрсетіледі. Англияда англикан шіркеуі мемлекеттік мәртебеге ие, ал осы ресми діннің және саяси жүйенің басшысы Британия монархы болып табылады.

Жалпы, еуропалық кеңістіктегі елдерде шіркеулерді ұлттық бірегейлік пен дәстүрлі мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарастыра отырып, шіркеумен қоғамдық салаларда тығыз қарым-қатынас орнату және оларға қаржылық және тағы басқа қолдаулар көрсету тән десе болады. Еуропа елдерінің басым көпшілігінде мектептерде діни білім беру мемлекеттік білім берудің міндетті компоненті болып табылатыны да көп жайтты аңғартса керек. Сәйкесінше, еуропалық кеңістіктегі зайырлылық қағидаты да әрбір мемлекеттің тарихи, мәдени және қоғамдық-саяси факторларына байланысты түрлі жүйеде жүзеге асырылады.

Еуропалық дәстүрдегі мұндай көріністерді АҚШ тәжірибесінде елестету қиын, өйткені ол өзге конфессиялар мен деноминациялардың құқықтарын шектеу және конституциялық норманы бұзу ретінде түсінілуі мүмкін. Мұны американдық қоғамдық-саяси ортада қалыптасқан мемлекет-шіркеу қатынастарының негізін діни плюрализм қалағанымен түсіндіруге болады. Көп жағдайда Еуропа елдерінен діни сенімдері үшін қудаланған әртүрлі эмигранттар толқыны американ мемлекетінің құрылуы барысында плюралистік қоғамның қалыптасуының негізін қалады.

Осы ретте АҚШ Конституциясы мен саяси жүйесінің негізін қалаушылардың бәрі дерлік дін ұстанған тұлғалар болса да, олар еуропалық тәжірибедегі ресми діннің қоғамға тигізуі мүмкін қатерінің алдын алып, зайырлы мемлекет қағидаттарын орнықтыруға баса мән берді. Сәйкесінше, өзіне тән қоғамдық, саяси және мәдени алғышарттармен қалыптасқан діни жағдай АҚШ-тағы мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы қатынастардың еуропалық мемлекеттерден ерекше бағытта дамуын анықтап берді.

Осы орайда Еуропа елдері мен АҚШ-тың мемлекет-конфессияаралық тәжірибесінің ортақ тұсы ретінде осы елдерде ғасырлар бойы қалыптасқан құрылымдық және ұйымдық тұрғыдан мықты институттанған діни ұйымдардың болуымен және олардың мемлекеттік билікпен тең дәрежеде өзара әрекеттесе алатын мүмкіндіктерімен түсіндіруге болады.

Жалпы, белгілі бір конфессияны дәстүрлі деп тану нақты діни сенімнің сол халықтың рухани өміріндегі тарихи-мәдени маңызын мойындаумен байланысты екені белгілі. Дегенмен, жекелеген елдерде діни ұйымдарға қосымша құқықтар берілгенімен, дәстүрлі дін мәртебесінің нақты мазмұны әр елде әртүрлі сипатта көрініс табатынын айта кету керек. Ол кей жағдайда заң нормасының орын алған жағдайды жай сипаттауымен шектелуі мүмкін.

Мәселен, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңының преамбуласында «мемлекеттің халықтың мәдениеті мен діни өмірін дамытуда ханафи бағытындағы исламның және православтық христиан діндерінің тарихи рөлін танитыны» аталып көрсетілгенімен, іс жүзінде бұл оларға ешқандай ерекше құқықтар бермейтінін айта кету керек.

Ойды тұжырымдап айтар болсам, зайырлы даму жолындағы қазіргі елдерде мемлекет-дін қатынастары ортақ үрдіс аясында дамып отырғанымен, олардың белгілі бір мемлекет шеңберінде қалыптасқан тарихи, қоғамдық-мәдени, саяси жағдайларға сәйкес өзіндік ерекшеліктері де болады. Осы орайда, өткен тарихи кезеңдерде әрбір мемлекет тек бір ғана дінге басымдық беретін қоғамдық қатынастарды қалыптастырса, бүгінгі таңдағы мемлекеттерге қоғамда қызмет атқарып отырған барлық діндермен теңдей қатынасқа түсетін діни плюрализмді басшылыққа алу маңызды.

  Иманбаев Мейрам,
сарапшы

Пікір жазу