Сайрам қаласында «Ақата баба» атты кесене бар. Жергілікті халық Ақата бабаның шын есімі Шахабатдин Исфиджаби екенін айтады. Тақуалығына байланысты жұрт оны «Ақ ата» деп атаған көрінеді.
Сайрамдық осы Ақ Ата бабаны Қ.А. Ясауидің алғашқы ұстазы болған деседі. Ел арасына тараған аңыздарда Ақа Атаның шәкірттеріне «Құдай көрмейтін жерде қораз сойып әкеліңдер» дегенінде, Ахмет қана бұл тапсырманы орындамайды. Оның даналығына тәнті болған Ақ Ата: «Бәрекелді, Ахметім! Менің өзім де сен туралы осындай бір сырлы құпияны білу үшін істеген едім», – деп батасын берген екен.
Ғұмырын исламға бағыштаған отбасыдан шыққан ерен ұлдың Хақ дінді бала күнінен танып-білуге ұмтылғаны анық. Бұл жөнінде Қ.А. Ясауи былай деп хикмет айтады:
Бес жасымда белім байлап тағат қылдым,
Нәпіл ораза тұтып әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып әдет қылдым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Алты жаста тұрмай қаштым халайықтан,
Көкке шығып дәріс алдым мәләйіктен.
Арқан кесіп, барша әһлі әлайқдин (туыс),
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Ақ Ата бабаның тарихи тұлғасын ашатын жазбаша деректер кездеспегендіктен, оның Сайрамдағы кесенесіне және осы өңірге тараған әпсаналарға қарап, Қ.А.Ясауиге бала күнінде хат танытып, алғаш діни білім берген сол болуы мүмкін деп тұжырымдаймыз. Бір қызығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлерінің пайымдауынша, Қ.А. Ясауи кесенесі маңайында да Шахабаддин Исфиджаби (Әзіреті Молла) атты тұлға жерленген екен. Оны да музейдің ғылыми қызметкерлері Қ.А. Ясауидің ұстазы деп біледі.
Сайрамда жерленген Ақата баба мен Түркістандағы Әзіреті Молла бөлек-бөлек тұлғалар ма, әлде екеуі де Қ.А. Ясауидің алғашқы ұстазы Шахабаддин Исфиджаби ме? Бұл жағы бізге әлі белгісіз. Дегенмен, Қ.А. Ясауидің алғашқы Шахабаддин Исфиджаби атты ұстазы болғаны баяндайтын ауыз-екі деректерді жоққа шығара алмаймыз. Оның қандай тұлға болғаны туралы жазбаша деректер кездеспейді. Сол себепті, Қ.А. Ясауидің алғашқы ұстазының діни ұстанымы туралы нақты пікір айта алмаймыз.
Әйткенмен, X-XII ғасырларда Түркістан мен Мәуараннахр өлкелерінде саяси билік жүргізген Қарақан мемлекетінің Ханафи мәзһабына қолдау көрсетуіне қарап, сондай-ақ, аталған дәуірде Сайрам қаласынан бірнеше Ханафи мәзһабының ғұламаларының шыққанын ескерсек, Қ.А. Ясауидің алғашқы ұстаздары (Ақ Ата, Әзірет Молла) Әбу Ханифа өкілдері болған деп жорамалдаймыз.
Мұхан ИСАХАН