Сұрақ: Яхуди, христиан діндерінде исламдағы (намаз, ораза, зекет, қажылық және т.б.) ғибадат түрлері бар ма?
Жауап: Негізінде бұл діндерде де дұға, ораза, қажылық және зекет секілді құлшылық саналатын амалдарды атап айта аламыз. Бірақ, әр діннің өз ерекшелігіне сай пішіні (формасы) басқа сияқты болып көрінгенімен, құлшылық жасау негіздерінің пәлсапасы ұқсайды.
Мысалы, Мұса пайғамбардың (ғ.с.) дінінде Тәңірдің жалғыз екені, ата-анаға құрмет көрсетудің міндеті, сенбі күні Тәңірді еске алып зікір ету (дұға жасау, мінажат ету), бұл күннің (исламдағы жұма күні сияқты) қасиетті күн екені, бұл күні еш нәрсені өлтірмеу керектігі, зина жасамау, жалған куәлік бермеу, басқа жанның мүлкіне дәмелі болмау және т.б. исламдағы секілді адалдық қағидаттары бар.
Сондай-ақ, христиан дінінде де жоғарыда айтылған яһуди немесе ислам діндеріндегі сияқты негізгі құлшылық қағидаттары жетіп жатыр. Аталмыш діндерде өз ережелеріне сай құлшылық, мінажат, қасиетті жерге қажылық жасау, ораза ұстау секілді құлшылық түрлері бар.
Діндерде құлшылық жасау рәсімдері сырт көзге түрлі болып көрінгенімен оларды орындау шарттары бір-біріне жақын және өз ұстанымдарына сәйкес адал мен арамды анықтайтын ережелері тағы бар. Сол үшін бұл діндерді (яхуди, христиан және ислам) мамандар «аврамдық діндер» немесе көктен түскен «монотеистік» (Құдайды бірлеу) діндер деп атайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ