Әрбір ұлттың ғасырлар бойы жинақтап, бойына сіңірген рухани құндылықтары бар. Атап айтқанда салт-дәстүрі, таным түсінігі болады. Алайда бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарын мансұқтап, керітартпалық немесе діни танымыма қайшы келеді деп қарсы шығушылардың қатары артуда.
Шындап келгенде дәстүрлі дүниетанымымыз, салтымыз ұлтымыздың жазылмаған заңы іспетті. Ұлтымыздың ұлт болып сақталып қалуының кепілі. Осы орайда дәстүрдің шығуы мен ұлттың ұлт болып қалыптасуында алатын орны жайында сөз еткен орынды. Белгілі отандық ұлт менталитетін зерттеуші Т.Бурабаев руханилық халықтың мінез-құлқында, салты мен дәстүрінде, санасы мен дүниеге көзқарастарында, қала берді аңыз-ертегілерінде, мифтерінде, практикалық іс-қимылдарында, тұрмыс-салтында орын алғанын ерекше атап өтеді. Олар ұлттың бет-бейнесін, қадір-қасиетін, басқалардан ерекшелігін, жалпы ұлттық рухани болмысын көрсетеді.
Халықтың дәстүрі оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор. Дәстүр – руханияттың өзекті саласы. Дәстүр тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен дүниетанымын ұғыну үшін мәдени тұтастықтағы дәстүрді терең зерттеп, зерделеудің маңызы ерекше.
Кез келген ұлттың мәдени дәстүрлері мен менталитетінің астарында сол халықтың рухани негізі саналатын дүниені қабылдау және ойлау ерекшеліктерін көрсететін құндылықтары бар. Ұлттық мінез-құлық стереотипінің қалыптасуына ықпал ететін және дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіндегі мәдени белгілерінде көрініс табатын рухани құбылыс – діни наным-сенімдердің негізінде санада туындаған терең қатпарларында сақталады және ұлттық мәдениеттің рухани түп-тамырына айналады.
Бүгінде әрбір тұлға дәстүрдің туындау себептері мен ұлттық дәстүрде сақталған киелі ұғымдарды біліп, олардың қазақ мәдениетіне қатынасын түсінуі қажет. Түркі дүниетанымының негізінде орныққан киелі ұғымдардың салт-жоралардағы көрісін ажырата білмегі ләзім. Діни түсініктер мен наным-сенімдер және мұсылмандық діни дәстүрлердің өзара бір-бірімен терең ұштасқан даму процесі мен заңдылықтарын ұғынбағы керек.
Қазіргі заманғы адамның санасын, оның мәдени-рухани даму процесіне қатынасын екі ұғым арқылы сипаттауға болады. Оның бірі – «тарихи зерделік, екіншісі – «мәңгүрттік» деп атап көрсетеді белгілі ғалым А. Қасымжанов.
Тарихи зерделілік – әрбір жеке адамға, тұтас ұрпаққа байланысты адамның, жас ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, ұлтын, оның рухани түп-тамырларын танып-білуге ұмтұлу, сана-сезімінің оянуы. Мәңгүрттік – адамның ұлттық рухани тамырларынан, тарихынан қашықтауы, өзгермелі құндылықтарды қабылдап, ұлттық рухани құндылықтардан бас тартуы. Демек, руханилық – кез келген ұлттық мәдениеттің «жаны», дүниетанымы, салт-дәстүрлері, құндылықтары, идеялары мен символдары.
Кеңес ғылымдары “дәстүр дегеніміз белгілі бір қоғамда, таптар мен әлеуметтік топтарда ұзақ уақыттар бойы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырылатын әлеуметтік және мәдени мұраның элементтері” деп үйретіп келді. Ал бұл, шындап келгенде, дәстүр ұғымының мәніне тым шолақ қайырым еді. Дәстүр ұғымына К.Бикенова, М.Садырова Әлеуметтенудың түсіндірме сөздігінде «Дәстүр дегеніміз – (лат. traditio – сабақтастық) – әлеуметтік-мәдени мұраның ұзақ уақыт бойына адамдар атадан балаға қалдыратын, әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі. Дәстүр тек мұраның нысандарын ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік мұрагерлік процесі мен оның әдіс-тәсілдерін де қосып алады, – деп анықтама береді. Ал Мәдени-философиялық энциклопедияда «Дәстүр» – әлеуметтік және мәдени құндылықтардың ұзақ уақыт қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастық арқылы сұрыпталып келуін білдіретін және мәдениеттануда да кеңінен қолданылатын ұғым-термин. Дәстүрдің негізі ретінде белгілі бір қоғамдық ұстанымдар, мінез-құлық, құндылықтар, идея, әдет-ғұрып, басқа да рухани дәстүрлік қасиеті бар іс-әрекет көрініс табады, – деп анықтама береді. Сондай-ақ діни тұрғыда мынадай түсіндірме келтіріледі «Дәстүр» – «дустур» деп айтылатын арап сөзінің баламасы, конституция, құқытық негіз, заң дегенді білдіреді.
Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар – материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтар дәстүрді құрайды. “Салт-дәстүр – тіл мен мәдениет бастауларының анасы” деген. XVIII ғасырдағы неміс ағартушысы И.Г. Гердер оның жазба мәдениет пен азаматтық қоғам қалыптасқанға дейінгі уақыттағы мәдениетті тасымалдаушы маңызын бағалап отыр.
Дәстүр дегеніміз, біздің таным-түсінігіміз бойынша, белгілі бір ұлтты құрайтын халықтың ата-бабаларының халық болып қалыптасу жолындағы бүкіл тіршілік тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптау тезінен өткізіп, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген өмір сүру заңы, яғни бүгінгі түсінікпен айтсақ, қатал тірліктің қағидаларынан қорытып, уақыттың өзі бекітіп берген конституциясы. Оған басқа ұлттың ортақтығы жоқ. Оның бір ұлтқа тәуелділеніп, “ұлттық дәстүр” деп аталуы да сол бір ғана ұлтқа тәндігінде, жалғыздығында. Қазақтың дәстүр сөзіне “салт” сөзін тіркеп айтатындығының мәні де, оның осы даралығында. “Салт” сөзі жалғыздықты, даралықты білдіреді. Сонда “ұлттық салт-дәстүр” деген белгілі бір ұлттың өзіне тән жеке дара дәстүрі деген ұғымға саяды деп түсініктеме береді ғалымдарымыз.
Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық — өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, науры көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы — мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі – деген анықтама берілген Қазақ энциклопедиясында.
Өкінішке орай, бүгінгі жастарымыз ата бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтарымызды жатсынады. Ата анасының діни көзқарастарын сынап, құрметсіздік көрсетеді. Ұлттық мейрамдарымызды мойындамай, тек діни мейрамдарды ғана тойлаумен шектелгісі келеді. Дәстүрлі дүние танымымыз арқылы дінімізге сіңісіп кеткен салт-жоралғыларымызды жоққа шығаруда. Шындап келгенде ғасырлар көлемінде електен өткендей іріктеліп жеткен салт-дәстүрлеріміз дінімізге қайшы емес, керісінше ұлтымыздың тұтастығы мен тұрақтылығының кепілі болмақ.
Гүлмира СЕРІКБАЕВА,
Гуманитарлық ғылымдар магистрі