Дін дегеніміз – Сенім әрі өмір сүру салты; Бақытқа жеткізер Өмір Жолы. Ал Ұлт немесе Халық – адам сомдайтын Қалып, азамат қалыптастыратын рухани Орта.
Дін – Ұлтты қалыптастыратын һәм сақтайтын мына жеті негіздің бірегейі: тілі, діні, салт-дәстүрі, тарихы, өнері, атамекені, мемлекеті. Бұл жетеуін тағы жинақтай түссек, онда Ұлттың үш негізі шығады: Мекені, Байлығы, Мәдениеті. Яғни Территориясы, Экономикасы, Идеологиясы қалыптаспаған халық Ел болып ұйысып, Мемлекет болып тұтастыққа, Бірлікке жете алмайды. Ал бұл үшеуінің ішіндегі басты тұғыр – мәдениет-идеология саласы. Өйткені, пендені Адам қылатын нәрсе – рух болса, ұлттың өзегі – рухани құндылықтарында. Яғни, Ұлт дегеніміз – рухани бірлік, адами ерліктің нәтижесі!
Пайғамбар хадисінде «жаңбыр» образында суреттелген Дін «ұлт» топырағына сіңіп, өзіндік бейнесінде бүр жарып, гүлденеді. Сол себепті Нәр (дін) – біреу болғанымен, жеміс (ұлт мәдениеті) – бөлек. Өмір сонысымен қызық! Алла Тағаланың шеберлігі мен даналығы да осында!..
Сондықтан дін мен ұлтты қарсы қою, екі бөлек бөлек дүние секілді елестету қандай қателік болса, басқа топырақтан (ұлттан) әкелінген діни білімді талғамсыз-таразысыз қабылдау да – сондай қателік. Хақ дін Ислам әрбір ұлттың төл мәдениеті болғанын, өз болмысын сақтағанын, адамзаттық өркениетті өзіндік өрнегімен байытқанын, барлық ұлттың бір-бірімен жақсылықтың жолында жарысқанын құптайды.
Иә, түбінде бір ата-анадан тарағанымызбен, Алла Тағаланың даналығына сәйкес, дәстүріміз бен дініміз, түріміз бен тіліміз – бөлек-бөлек қауымбыз. Қасиетті Құранның мына аяты діни сенім мен ұлттық ерекшелік те – пенденің өтер сынағының бір қыры екенін дәйектейді: «Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір-ақ үмбет қылар еді. Алайда сендерге берген жол-жобаларында сынамақшы. Ендеше жақсылыққа жарысыңдар. Біртұтас барар жерлерің – Алланың алды. Ол сендердің таласқан нәрселеріңді білдіреді» («Мәида» сүресі, 48-аят).
Тілінен айырылған жұрт – санасынан сансырап, мәңгүртке айналса, дінінен айырылған ел де – рухани өзегінен ажырап, санасыз тобырға айналады. Өйткені дін – халықтың дүниетанымы мен сана-сезімін, қам-харекетін бір арнаға тоғыстырушы, бір мақсатқа жұмылдырушы қасиет-қуат. Кезінде түрік тектес халықтардың құрамында болған, бірақ басқа сенім-нанымды қабылдағаны себепті, өз тамырынан ажырап қалған хакас, тува, якут секілді ұлттардың аянышты тағдыры – тарих сабағы.
Ұлтыңа ұл болу – Жаратқанға құл болудың шарты. Өйткені, ұлтыңа ұл болу – өзімшіл нәпсінің құрсауынан құтылғанда, отбасылық тұйықтық пен әулеттік мақтаннан, рулық-жүздік жіктелуден жоғары көтеріле алғанда ғана; әр қандас бауырыңа мейірім мен әділет тұрғысынан қарай алған кезде ғана жүзеге аспақ. Асыл дініміздің талабын былай түйіндесек болады: «Әр адам – менің бауырым, әр қазақ – менің жалғызым!»
Хақ дін Ислам ұлттық намыс пен абыройды қолдағанымен, нәсілдік, ұлттық, тектік астамшылыққа тыйым салады. Жеке адамның тәкаппарлығы секілді, шектен шыққан надан ұлтшылдықты айыптайды: «Уа, мүміндер! Бір ел бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім, олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді кемсітпеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін, бұзық ат тағу – нендей жаман! Ал кім тәубе қылмаса, міне солар – залымдар» (Құран, «Хужурат» сүресі, 11-аят).
Ислам қағидасы бойынша тегіңнен, ұлтыңнан бас тарту – зор күнә болып есептеледі. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) былай дейді: «Қайсыбір кісі, біле тұра, өз әкесінен басқаның баласымын деп жарияласа – кәпір болғаны, ал кімде-кім өзін тектік қатысы болмаған «бір қауымнанмын» деп жарияласа – тозақтан орынын дайындай берсін» (Бухари жеткізген хадис).
Мұсылман адам өз тағдырын халқының тағдырымен қабыстырып, отанының өркендеуіне, рухани гүлденуіне өзін жауапкер сезінуі тиіс. Өйткені, ата дініміз бес нәрсені: дініңді, ар-намысыңды, жаныңды және ұрпағың мен дүниеңді қызғыштай қорғауды міндеттейді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Сол себепті өскелең ұрпаққа бала жасынан, жан-тәні мен мал-мүлкін қорғағанындай, тілін, дінін, салт-санасын, отанын қорғауды ұлттық құндылық ретінде сіңіру – тәлім-тәрбиенің негізі.
Ұлттың өркендеуі – оның әрбір өкіліне тікелей байланысты. Ұлтыңды сүю – оның тарихын, атамекенін, тілі мен дінін, салт-дәстүрі мен мінезін және еліңе қатысты барлық құндылықтарды сүю деген сөз; өз ел-жұртыңның бүгіні мен келешегі үшін жауапкершілік арқалап, саудасыз тер төгу деген сөз.
Иә, атасының қаны мен анасының көз жасы сіңген ата жұртын; ойын өсірген, жандүниесін жетілдірген ана тілін; жан-ділін қалыптастырған ата дінін сүймеген, қадірлемеген жан – адамшылықтың мәнін, имандылықтың сәнін түсіне алмаған жан…
Туған еліміздің тағдырымен тамырластықты сезіну, оның абыройы үшін еңбек ету – қастерлі парызымыз, асыл мұратымыз! Тәуелсіздік тұғыры – бәрімізге аманат!…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ