Уахи – кітап, ишара, илхам,[1] тез, жылдам, әмір, ер адамнан болған басшы, Аллаһтың жүрекке қоюы, жылату,[2] уахи етушіден «уахи» етушіге жіберілген нәрселер,[3] сонымен қатар, Аллаһтан келген хабар»[4] деген мағыналарды білдіреді.
Құранда Аллаһтың араға, Мұсаның анасына, Исаның Хауарилеріне, періштелерге, жерге және аспанның жеті қабатына уахи етілгендігі айтылады, бұдан «уахи» сөзінің кеңінен қолданғанын көреміз.[5]
Сонымен қатар, «уахи» сөзінің терминдік мағынасы – Аллаһ тағаланың адамдарға білдіретін иләһи әмірі, жарлығы мен тыйым салуы және басқа да барлық хабарларын Жәбірейіл періште арқылы яки бізге беймәлім жолмен тікелей пайғамбарларына жеткізуі.
Уахи тек Мұхаммед пайғамбарға ғана емес, Адамнан (ғ.с.) бастап күллі пайғамбарларға келген. Бұл туралы Құранда:
إِنَّا أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ كَمَا أَوْحَيْنَا إِلَى نُوحٍ وَالنَّبِيِّينَ مِن بَعْدِهِ وَأَوْحَيْنَا إِلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَاقَ وَيَعْقُوبَ وَالأَسْبَاطِ وَعِيسَى وَأَيُّوبَ وَيُونُسَ وَهَارُونَ وَسُلَيْمَانَ وَآتَيْنَا دَاوُودَ زَبُوراً
«Нұхқа және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да (Мұхаммед) уахи еттік. Ибраһимге, Исмайылға, Ысқаққа, Жақып қа, Жақып тың ұрпақтарына, Исаға, Әйюб, Жүніс, Һарун және Сүлейменге де уахи еттік. Дәуітке Забурды бердік»,[6]– дейді.
Бұған қоса, «Саған бұл Құранды уахи ету арқылы өзіңе тарихи әңгімелердің ең жақсысын баян етеміз»,[7]– деп Құранның уахи арқылы түскендігі баяндалады.
Уахидың түрлері
Құранда: «Аллаһ бір адамға уахи жолымен ғана немесе перде артынан, не болмаса бір елші жіберіп өз рұқсатымен оған қалаған нәрсесін уахи етеді»,[8]– деп уахидың келу жолдарын үш түрге бөледі.
- «Аллаһ бір адамға уахи жолымен», – яғни, Хақ тағала пайғамбардың жүрегіне дәнекерсіз уахи салуы. Мұндай уахи пайғамбардың өңінде де, түсінде де келуі мүмкін. Пайғамбар да мұның Аллаһтан екенін біледі.
- «Перде сыртынан» пайғамбарына уахи етуі. Аллаһ тағала Мұса (ғ.с.) мен Тұр тауында және Тува ойпатында тікелей тілдескен.
- «Бір елші жіберіп өз рұқсатымен оған қалаған нәрсесін уахи етеді». Аллаһ тағала уахиды Жәбірейіл періште арқылы пайғамбарына білдірген.[9]
Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уахи мына төмендегі мәртебелермен келген:
- Уахидың ақиқат түс (Руия-и садыка) арқылы келуі. Бұл бүкіл пайғамбарларға келген уахидың ең жеңіл түрі. Пайғамбарлар ақиқат түстері арқылы уахи алған. Олардың көздері ұйқыда, ал жүректері ояу болған. Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келген алғашқы уахи осылай басталған еді.
- Уахидың жауапты періште Жәбірейіл арқылы келуі. Пайғамбарымыздың жүрегіне тікелей уахидың келуі сияқты.
- Уахиды әкелген періштенің адам бейнесінде келуі. Жәбірейіл періштенің Дыһия ибн Халифа әл-Кәлбидің (р.а.) бейнесінде келгеніндей.[10]
- Уахидың қоңырау үніне ұқсайтын түрде келуі. Бұл уахидың ең ауыр түрі екендігі айтылады.
- Жәбірейіл періштенің тікелей өз бейнесінде уахи әкелуі. Жәбірейіл періштенің Хира тауында және Миғражда пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз бейнесінде көрінгеніндей.[11]
- Аллаһ тағаламен тікелей тілдесу. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Миғражда, Мұсаның (ғ.с.) да Тур Сина тауында дәнекерсіз Аллаһ тағаламен тілдескеніндей.
Мінеки, сол сияқты пайғамбарлық пен уахи бір-бірінен ажырамайтын екі маңызды ұғым. Уахисыз пайғамбар және пайғамбар да уахисыз болуы мүмкін емес. Пайғамбар міндетті түрде уахиға арқа сүйейді.
[1] Жауһари, әс-Сихах тажул-луға уә сихахул-арабия, Бейрут, 1990, VІ/2520
[2] Ибн Манзур, Лисанул Араб, ХV/381-382
[3] Табари, Жамиул-Баян тәуилил Қуран, Бейрут, 1978, ІІІ/183
[4] Матуриди, Тәуилатул Қуран, 413а, 534а, 576а парақ
[5] Қараңыз: «Нахыл», 16/68; «Қасас», 28/7; «Мәида», 5/111; «Әнфал», 8/12; «Зілзәл», 99/5; «Фұссилат», 41/12
[6] «Ниса», 4/163
[7] «Юсуф», 12/3
[8] «Шура», 42 /51
[9] А.Унал, Қуран мәалі, Шура, 42/51 (1059)
[10] Қараңыз: Бухари, Табир, 33, Фитән, 26, Әнбия, 48; Муслим, Иман, 271
[11] Қараңыз: «Тәкуир», 81/23; «Нәжім», 53/13-14