Тоқал алу үшін бәйбішенің рұқсаты керек пе?

    1782

    Алғашқы Адам ата мен Хауа анамыз жаратылып, отау құрып жанұя болғаннан бүгінгі күнге дейін барлық адамның бас тарта алмайтын ең қастерлі құндылықтарының бірі — жанұя екені даусыз. Өмірге алғашқы келген күннен бастап, соңғы сапарымызға дейін және бізді арулап бақилық жолға дайындайтын жанұяға әрбір адам мұқтаж. Сонымен қатар, бұл өмірдегі міндетіміз бен мақсатымызды, жақсылық пен жамандықты, ең маңыздысы да білімді осы жанұядан үйренеміз. Біздің қай дінді қабылдап, сонымен өмірімізге мән беруге себепкер болу да жанұя тәрбиесіне негізделген.

    Уақыт өте келе сондай бір жанұя құрып, бала тәрбиелеп солардың болашағына деген жоспарлар құрып, қызықты күндерімізді басымыздан өткіземіз. Осындай бақытты сәттердің қадірін білмеген немесе жалған бақыттың құрбаны болған кей жандар, екінші әйел аламын деп, бірінші жанұясынан ажырап қалып жатады. Тәуелсіз еліміздің Ата Заңында «Неке және отбасы» туралы кодексінде, Қазақстан Республикасының азаматтары мен азаматшалары екінші рет мемлекеттік некеге тіркеле алмайтыны нақты әрі айқын көрсетілген.

    Ал, Исламда ер адамның төртеуге дейін некелесуге «рұқсат» деген қағида бар. Алайда, исламда рұқсат терминінің бірнеше мағынасы оқиғаға қарай өзгеретіні айтылған. «Рұқсаттың түрлері» туралы келесі мақаламызда жариялайтын боламыз. Осы жерде айта кету керек, исламда екінші рет некелесу шарттарында әйелінен рұқсат алу керек деген қағида жоқ. Сонымен қатар, некелескен жолдасының «балаларын емізу», «тамақ пісіру», «киімін тазалау» не болмаса басқа да күнделікті тіршілікке қатысты әйелдің міндеті жоқ екенін де естен шығармаған абзал. Бұл амалдар некелі әйелдің әдептілігінен, алған тәрбиесінің нәтижесі және жолдасының разылығын алу үшін ғана атқарылатын істер. Сондай-ақ, некелескен жолдасыңа жоғарыда аталған істерді істеуді шариғат шарт қоспайды.

    Исламдағы неке уақытша қызығушылыққа немесе ләззатқа негізделмеген. Сонымен қатар, ислам неге бірден көп әйелмен некелесуге рұқсат етуінің бірнеше себептері бар.

    Ең бірінші айтылуы керек болған нәрсе, бірден көп некелесу Ислам келместен бұрын қоғамның дерті болған. Ислам келместен алдын, арабтар әйел алуда шектеу қоймаған және күңдерімен қоса алғанда оннан асып жығылатын болған. Ислам бұлардың санын шектеп, төртеуден аспауына шарт қосты. Сонымен қатар, төрт әйел алу мұсылмандардың барлығына бірдей «парыз» емес және кей жағдайларда ғана мәжбүрден берілген рұқсат ғана.

    Адам болған соң, көптеген күтпеген жағдайлар басына келуі әбден мүмкін. Кейде ер адам бір некеге қанағаттанбауы мүмкін. Ал, кейде некелі әйел әртүрлі себептермен (бедеулік, паралич, жазатайым оқиға салдарынан мүгедектік, тұрақты ауру, әлсіздік және т.б.) отбасылық өмірін жалғастыру мүмкіндігі болмаған проблемаларды тудыруы да әбден мүмкін. Осындай жағдайлар туындағанда, төрт әйелге дейін ғана әділетті болу шартымен рұқсат етілген. Ал егер, «әділетті болудан қорқатын болсаңдар, біреумен ғана шектеліңдер» [1] деп әмір етуде. Ал, «Қанша тырыссаңдар да, әйелдеріңнің арасында тұтастай әділ мәміледе бола алмайсыңдар»[2]  деп Құран Кәрімде ескерткен. Осы мәселеге қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде «Бір еркектің некесінде екі әйел болып, араларында әділдікті сақтамайтын болса, қиямет күнінде бір жағы сал болып жаратылады»[3] деп бұйырған.

    ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Күнәні кіші көруге бола ма?

    Ислам соғыс және сол сияқты еркектер топ-тобымен өлтірілген жағдайда, қамқорлыққа мұқтаж әйелдер мен балаларды қоғамда кездесетін қиындықтар мен зияндардан қорғау мақсатында ғана рұқсат етілген. Мұның тарихтағы ең жақсы мысалы, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Германияны атап көрсете аламыз.

    Ислам қандай жағдайда болмасын, неке адалдығын бұзуға (зинаға) жол бермейді. Некесі бола тұра, басқасымен жасалған зинаға қатаң түрде тиым салып, жазалар берілген. Зина Алла тарапынан жіберілген барлық діндерде тиым салынған. Еуропа мен Америкада зина жасының 12-13-ке дейін төмендегені, жанұялардың ыдырауына және бала туудың азаюына себеп болған. Мұндай келеңсіз оқиғалар Ислам әлемінде жоқтың қасы. Жоғарыдағы айтылғандардың барлығын ескере отырып, Ислам өмірдің қандай жағдайында екінші некеге жол беретіні түсінікті.

    Ислам тек бақуаттылықта ғана емес, қоғамның барлық саласында жайлылық сәттерін ғана емес қиын кезеңдерде, сондай-ақ ер адамның ғана емес, сонымен бірге әйелдің де сақталуға тиіс барлық құқықтарын қорғайды. Жеке адамды және қоғамды ойлайтын әрі отбасының бұзылуына, баланың бақытсыздық пен апатқа ұшырауына жол бермеу үшін, адамгершілік пен ар-намысты қорғайтын жалғыз дін екенін ұмытпағанымыз абзал.

    Қорытындылай келе, осындай жағдайларды ескере отырып, ерлі-зайыптылар некелесу барысында, әйелі: «Мен бола тұра екінші рет үйленбейсің» деген шарт қосқан жағдайда, ерінің екінші рет үйленуі діни тұрғыдан мақұлданбайды. Сонымен қатар, қоғамдық санамен санасуымыз керек. Мысалы «Беташар» шариғат талаптарына жатпайды. Алайда, Қазақ қоғамының ұлттық дәстүрі әрі жазылмаған қағидаларының бірі болып, қазақ қоғамының санасына сіңіп кеткен. Сол себептен де, беташар рәсімі болмай некелесу де, қоғаммен санаспау болып саналады. Яғни, жасырын некелесуге болмайды. Бұған қоса алғанда, әйелдердің табиғи  жаратылысынан пайда болған ерін бөлісе алмауын да ескерер болсақ, екінші әйел мәселесінде бірінші некесінен «рұқсат алу емес», ақылдасқан абзал деген қорытынды шығады.

    Исатай Бердалиев

    Ислам Құқық ғылымдарының докторы

    [1] «Ниса» сүресі, 3-аят

    [2] «Ниса» сүресі, 129-аят

    [3] Ибн Мажа, «Неке» 47 хадис.

    Пікір жазу