ЗК-19/1 тергеу изоляторында экстремизм және терроризм баптары бойынша қамауда отырған сотталғандарымен мекеме теологтары түрлі бағытта жұмыс атқарып келеді.
Соның бірі ретінде, бүгін оқшауланған аймақтағы сотталғандарды, бойкүйездік пен жағымсыз ойлардан арылтып, өмірге деген құлшыныстарын арттырып, көзқарастарын оң бағытқа қайтару мақсатында спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
– Жат ағымның жетегіне ергендерді оңалту жұмысы ұзақ мерзімді талап етеді. Әрі олардың бетін бері қайтару үшін біз әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Соның бірі ретінде бүгін жазасын өтеушілер жарысқа қатыстырылды. Жарыста жазасын өтеушілер қол күресі мен кір тасын көтеріп сынға түсті. Күні бойы тар қапаста отырғандар, дене қимылын жасап, біраз серпіліп қалды.
Спорттық іс-шаралар, сотталғандарды ынталандырып, жақсы мінез-құлықта болуға бағыттайды. Әрі қатысқандардың барлығына үстел теннисінің ракеткалар жиынтығы сыйға берілді. Бұл сыйлықтарды қаламыздағы «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының директоры Айтмамбетова Айжан әкеліп, демеушілік жасады.
Бұдан бөлек, бұл қоғамдық қордан екі командаға арналған бес-бестен екі түрлі түсті 10 адамға арналған спорттық киім мен 3 түрлі (футбол, волейбол, баскетбол) спорттық ойын түрлеріне арналынған доп түрлерін тәрбие бөлімінің бастығына әкеліп тапсырды, – деді мекеме теологы, әділет лейтенанты Р. Рузиев.
– Маған бүгінгі іс-шара қатты ұнады. Белсене қатыстым. Ұтып алған сыйлығымды екі күннен соң әйелім ұзақ мерзімді кездесуге келгенде ұлыма беріп жіберемін, – деді С. есімді жазасын өтеуші азамат.