Сұрақ: Тәубе етудің арнайы уақыты бар ма?
Жауап: Тәубенің белгілі бір уақыты, күн-түні жоқ. Кез келген кезде тәубе ету мүмкіндігі бар. Себебі, Алла пендесін жақсы көреді және оның Өзіне тәубе қылғанын күтеді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқан:
«Күн батқан тараптан қайта шыққан уақытқа дейін», яғни қияметке дейін адамдар күнәларына тәубе ете алады (Мүслім 2759).
Адам пенде болған соң біліп немесе білместікпен күнә жасап қояды. Мысалы, біреуге қатты сөйлейді, ренжітіп қояды немесе алдайды, кісі ақысын жеп қояды және сол сияқты т.б. Ғалымдардың айтуынша мұсылман үшін екі қиямет бар екен: біріншісі – үлкен қиямет. Ақыр заман болған уақыттағы қиямет. Ал екіншісі – кіші қиямет. Кіші қиямет дегеніміз – ақтық деміміз шыққан күн.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рухымыз денемізден шыққанға дейін Алла Тағала тәубемізді қабыл алады деп айтқан (Термези 3537). Олай болса, қазір де тәубе ете аламыз. Ертеде тақуалар адамның алған әр демі оған тәубе үшін берілген бір мүмкіндік деп білген екен. Дегенмен, Құранда айтылғандай егер адам өзінің жаман іс жасағанын білсе, онда артынша оны жуатын жақсы амал жасауға ұмтылуы тис.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ