Құранда: «Алла тағала тәубе еткендерді жақсы көреді»,– деген. («Бақара» сүресі, 222-аят) Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Кімде-кім күн батыстан шықпас бұрын тәубе етсе, Алла тағала оның тәубесін қабыл етеді»,– деген. Олай болса, тәубе дегеніміз не? Тәубе дегеніміз – пенденің өз күнәлары үшін өкініп, Алла тағаладан кешірім сұрауы. Яғни, кісі күнә жасап, бұрыс жолға қарай аяғы тайған кезде, дер кезінде өзін тоқтатып, жасаған ісіне өкініп, соны жан дүниесімен сезініп, Алла тағаладан кешірім сұрағанда, қайта дұрыс жолға бұрылады. Ал Ұлы Жаратушы иеміз жолдан шығып бара жатқан құлының қайта жөнін тапқанына қуанады. Жоғарыдағы аятта да осы меңзеліп тұр. Алла тағала өзінің шексіз мейірімімен қиямет-қайымға дейін құлына осы дүниеде жасаған күнәларынан арылуы үшін тәубе жасауға мүмкіншілік береді. Тәубенің ең жақсысы, білместікпен немесе байқаусызда күнә жасап қойған кезде, кешіктірмей артынша тәубе ету. Себебі адамға өлім қай сәтте келетінін ешкім білмейді. Сондықтан тәубе етуге әрдайым асығу керек.
Күнәсына өкініп, сол үшін Алла тағаладан кешірім сұрағанда, сол тәубенің қабыл болып, күнәның кешірілетіні жайлы хадистерде баяндалған. Мысалы бір хадисінде: «Күнәларың көкке жететіндей көп болса да, артынан тәубе етсеңдер, күнәларың кешіріледі»,– деген.
Ал енді тәубенің қалай жасалатынына тоқталайық:
* Егер жасалған күнә кісі ақысына байланысты болса (Мысалы біреудің көңілін қалдырса, сыртынан ғайбаттаса, зиянын тигізсе, т.с.с.), онда алдымен сол кісіден кешірім сұрау керек.
* Қайтадан сол күнәні жасамауға белді бекем буу қажет.
* Жасалған күнәдан кейін мүмкіндігінше дереу тәубе жасауға талпынуы қажет.
* Тәубе жасау үшін сол күнәсына өкіне отырып, Жаратушы иеден кешірім сұрау қажет.