Қазіргі, ақпараттық соғыстың үдерген заманында, дін темасы саясат құралына айналған. Осыған орай, кейбір адамдар, сыртқы күштер, өз ниетіне байланысты бұрмалап, елге іріткі салып, мақсаттарына жетпек. Сондықтан, Муфтиятқа, имамдарға тарпа бас салып, мән-жайды толық ұғына бермейтін қарапайым халықты әуре-сарсаңға салу мақсатты трендке айналып бара жатыр.
Бір бауырымыз, дін исламды «әбден сойыпты». Ақылы сол, Кеңестер заманындағы материалистік дүниетанымды университетте әбден оқып, көгенеміз көгермеп еді, қайтадан сонда қарай тартпақтайды. Сондағысы, арабтарға еліктейміз деп артта қалып барамыз, жастарды несіне мешітке барасыңдар деп жан айқаймен жаны ашу.
Бауырымды «қуантып» қояйын, біз артта емеспіз. Біз – он миллион қазақ, әлемдегі 1,5 миллиард мұсылмандары тұрмақ, имансыздық пен моральдық нормаларды ұстанбаудан бүкіл адамзаттың алдына шығып алдық. Алкогольдік өнімдерді тұтынудан, маскүнемдіктен, суидцидтен, жемқорлықтан, жетімдер үйі мен аборт жасаудан, ажырасудан, түрмеде отырғандардың жалпы халық санына шаққандағы пайызы бойынша және де басқа батыл көрсеткіштерден, өзі айтып отырған 80% пайызы атеист елдерден анағұрлым алдамыз.
Қазақ жастары, ғылым мен білімде алдыңғы қатарда болсын деп ізгі ниетпен ашқан «Болашақ» бағдарламасымен, шет елдегі элитный оқу орындарын тәмамдаған, негізінде элитаның ұрпақтары, қайтіп оқып, не деңгейге жеткендерін бір Алла білсін. Елге келе салып, жалақысы мол, автокөлігі мен үлкен кабинеті бар жылы орын талап етіп, еліне маңдай тер қызмет жасауда. Қызып кеткендері соншама, министр деңгейіне дейін екі аттап жетіп, жемқорлықпен істі болып жатыр. Сонда, осы оқыған балаларымызға не жетпей тұр. Иман жетпей тұр.
«Болашаққа» ілінбей, мектепте әйтеуір әупірімдеп жүріп бітірген, бірақ ата-анасының жағдайы бар жастар да шет елді аңсап барып, еркін өмірге қолдары жетіп, клубтар мен шарапханаларды тоздырып жүр. Мұсылмандарды бақадай бақыртып жатқан Қытайда 20 000 қазақ жастары оқиды деп естіп едік. Дені сол, оқу үшін емес.
Балаларын, әсіресе қыздарын шет елге оқуға жіберіп отырған ата-аналарға әбден ойлануларына кеңес берер едім. Шет елге практикаға барған заң факультеті студенттерінің, қонақ үйде шарап ішіп шайқаған көріністерін әлеуметтік желіде көріп, қоғам шу көтеріп еді. Енді, тура осы жағдайдың, ол жақта сіздің үміт артқан ұрпағыңыз күніге жасап отырғанын ескеріңіз.
Имандылыққа қарсы болып отырған бауырларым, мәселе арабтардан келген дінде емес. Дін – сенім мен құлшылықтан тұрады және қоғамның моральдық тежегіші, рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы, елді азғындықтан сақтайды.
Тәңіршілер жөнінде, kazislam.kz сайтында 07.10.2019ж. Маңғыстау облысы өкіл имамы Смайыл Сейтбеков: «Тәңіршілік – дін емес, тек наным-сенім ғана»,- деп жақсы жауап берген екен. Осы қазірде, белгілі білікті маман Асқар Сабдиннің тәңіршілер туралы ескертуі «телеграм» желісіне шықты.
Наным-сенімде ең осал – Тәңірге сену ұстанымдағылар болып табылады. Сенім мәселесінде, белгілі бір бағыт беретін, Жаратушыдан уахи етіп келген қасиетті Кітап, нұсқау болу керек (Таурат, Забур, Інжіл, Құран тәрізді). Жоқ дегенде, мармондар – мармон кітабын тауып алыпты десе, «Нуршылар» – нұр кітабын тауып алды дегендей. Діни ілім (ақида) мен сенімдегі адамның өмір салтын, ғибадаттарын айқындайтын нұсқаулық, дәріс алатын мектеп, шәкірттер даярлайтын білімді ұстаздар қажет.
Тәңішілердің барар жерлері алыс болмағандықтан, өз ұстанымдарында тек Тәңірін айтып, ислам дінін қаралағаннан басқа айтар дәйектері, ғылыми ізденіс нәтижелері жоқ. Сондықтан, бұл көзқарастағы бауырларымызға аса көңіл аударып, назар аударатын топқа жатпайды. Десе де, мұсылман аталып отырған халқымыздың дені ислам негіздерінен ілімі саяздау болғандықтан, Шадырман Шуылдақ бауырымыздың «исламды әшкерелеу» курсына тоқталып кетейік.
Әлеуметтік желіге шуылдап шыққан Шадырман Шуылдақ бауырымыздың атына заты сай екен. Қазақта басты ауыртып жіберетін ұзақ сөзді «шадырман – шатпақ» дейді де, оған шуылдақты қоссаңыз, қаңғытатын оркестр болады екен. Екі дүниенің сардары, ардақты пайғамбарымыз с.а.с., ат қойғанда да ойланып, абайлап қоюға шақырған еді. Куня (лақап ат) болса да, ойланып барып аталуың керек еді, сиқымдағы шуылдақ Мұхтар бауырым.
Арабтарды жек көрсеңіз де, ата – анаңыз, ұлымыз «Алланың таңдаулы, сүйген құлдарының қатарында болсын, мақтаулы жанға айналсын деген ниетпен МҰХТАР – (арабтың «мақтаулы», «таңдаулы» деген мағына беретін «мухтарун» сөзінен шыққан) деп, ізгі ниетпен, азан шақырып атыңызды қойған болар.
Мына видеотаспаларыңды күні бойы тыңдап шықтым. Мұхтар бауырым 20 жыл дін исламды ұстанып, намазда болып, кім түрткенін бір Алла біледі, бәрін жоққа шығарып, жеріп кеткеніне таң қалып отырмын. Медресе тәмамдап, кейіннен теологиядан, қоғамтанудан, терең білім алып, ізденіп, ұстаздық етіп, ақылы тасып бара жатса бір жөн екен де. Тыңдап отырып, аяныш сезім бой алды.
Жақсы, дін исламды жоққа шығарып, араб болмаймыз деп, сынағаннан басқа айтарың не? Пайғамбарымыз с.а.с. тас атып, жынды, сиқыршы, билікке келгісі келеді дегендерден қай жерің артық? «Қытайға барсаң да ілім ал», ізден»,- деп кетпеді ме өзің айтып отырған «арабтардың ғана пайғамбары». Ақылың асып, ұлы Абайды да талқылап отыр екенсің, ол заманда діннен басқа ештеме болмады деп. Сол бабамыз, бүкіл ғұмырында айтып кетпеді ме, Алланы таны, иманға кел, онан соң ғылым ізден деген.
Кеңестер дәуірі басталғанда, қылышынан қан тамған қызыл Кеңес билігімен шыбын жандарын шүберекке түйіп әр шаршы метрге дауласқан, қазіргі сөйлесіп отырған ана тіліміздің граматикасын жасап, елдігіміздің фундаментін қалаған Алашорда азаматтарының алғашқы тәмамдағандары медресе болмап па еді. Қайсысы тәңір деп қол жайып табынып еді?
Бауырым, қолымызда бірнеше диплом бар, сенсіз де білеміз, оқып білім алып, елге қызмет жасау керек екенін. Жоқ, сол үшін де тәңірші болу керек пе екен? Бүкіл айтып отырғаныңда, атеистен қай ерекшелігің бар? Жамандадың, даттадың, фитна жасадың, дау шығардың, ал, өз көрсетер бағытың қайсы, Тәңірім қолдай гөр дегеннен басқа не айтасың?
Елмен бір кездесуінде Абдығаппар ұстаз, өзің аңсап отырған қазақ бабаларымыздың жақсы бір сөзін айтып еді:
«Қанша сұлу болса да, арсызды қатын қылмаңыз,
Қанша батыр болса да, жалғызды жауға салмаңыз,
Қанша шешен болса да, ұл-қызды дауға салмаңыз!».
Осындайда ертеде, елге дау әкелген сен сияқтыны, сиқымдардың ақсақалдары жиналып, «ақымақтың сүйгені жаман, ақылсыздың түйгені жаман!» деп, би үкімімімен «тентек» атап, есекке теріс мінгізіп, елден қуып жіберер еді.
Енді, бейнетаспалардағы негізінен дін исламға шабуылдарыңа келетін болсақ, ахыретті жоққа шығаруың, садақаны күлкіге айналдыруың, намаз парыз емес деуің, миғражды ақымақтыққа апаруың, қажылықты арабтардың пайда табу көзіне апаруың, ләббәйкті Қазығұрт тауында айтайық деген сияқты көзің ашылып, жаңалық ашуларың өзің үшін бір керемет даналық шығар.
Барлығына тоқталсақ, тым ұзақ сонар болып кетер, кейіннен де ин ша Алла оралармыз. Садақаға келсек, бесінші ізгілікті халифа болып саналатын, Омар р.а. ұрпағы Абду Азиз тұсында, елде мұқтаж адам қалмаған. Садақа алатын адам қалмағандықтан, құстар да Алланың жаратылысы деп, жем алып соларға шашқан. Сонда, дін ислам байды байытады, кедейді езе береді дегенді қайдан алдың?
Қазығұртта ләббай айтып, Қазақстанға қажылық жасатайық деген ойыңды, Құрандағы «піл» сүресінде Эфиопияның билеушісі туралы айтылған. Елінде кереметтей мешіт салып, «Елдің барлығы бізге келмеді, қағбаны қиратамын»,- деген жорығында, Алланың әмірімен кішкене ғана құстар, әр әскердің аты жазылған қыштарды тастап, тесілген жапырақтай қылмап па еді оларды. Тыныш отырған елімізге Алланың қаһарын шақырып не қыласың, бауырым.
Дін ислам елді билеу үшін емес, қоғамды рухани азғындыққа бой алдырмауды ескертіп, тәрбиелеуші.
Мұхтар, арабтар және ислам дінін ұстанушылар қараңғы, мәдениет жоқ қауым деп айтуың ең кемі – сауатсыздық болар. Арабтардан алгебра, геометрия, тіпті «0» – сыфр, медицина мен астрономия да олардан. Авиценна, Бируни, әл-Фараби, Ұлықбек (жұлдыздарды бақылайтын ортағасырлық телескоп Самарқандта әлі тұр) және бұдан басқа көптеген есімдер, Галилео Галилей мен Николай Коперниктерге дейін болған.
Х -ХІІ ғғ. Испаниядағы Аль-Андалус халифаты құлағанда, европалықтардың қолына 400 000 кітап түседі. 70 аудармашыны бүкіл қолжазба, кітаптарды аударуға отырғызған сұлтан, елге бүкіл ғұламалар мен ғалымдарды жинап алады. Осы бүкіл ілімді игеріп, қорыта алғаннан кейін ғана ортағасырлық Европада «қайта өрлеу дәуірі» (эпоха возрождения) пайда болды. Соның өзінде, папа билігі, моншаны шайтани деп танығандықтан, ел, шешек (оспа) мен обадан (чума) миллиондап қырылып жатты. Кейіннен аңдап қараса, мұсылмандар ауырмайды екен. Себебі, дін исламның ең бірінші талабы – тазалық. Шіркеулеріндегі поптардың шынжырға байлап түтіндетіп жүрген ладандары да, шығыстан алған тәжірибе, себебі олар адам көп жиналатын жерде адыраспан сияқты микроб өлтіретін шөптерді түтіндететін.
Бір-бірінен кіна тағып, бөлінуді дін ислам қолдамайды. Үйдегі намаз бір сауап, мешітте -27, Мединедегі Пайғамбарымыз с.а.с. – 1000, Аль-Ахса мешітінде – 10000, ал аль-харам мешітінде – 100 000 сауап (мұны да мысқылдап өтіпсің). Шымкентше айтқанда, мұның гәбі – бірігуде, бауырмашылыққа тәрбиелеуде. Мешітке барып, бауырлармен жүздесіп, дұға жасағанда, араларыңда көзге түсе бермейтін бір тақуаның, не бір қиналыстағы мұсылманның дұғасы қабыл болатындықтан, қалғандарымыздың тәуба-тілктеріміз сол мүмин мұсылманның дұғасымен қабыл болады екен.
Тәңірші шуылдақ Мұхтар бауырым, балаққа жабысып шәуілдеп, ұстаздарға қарап үре бастаған Мейрам Мейрханов және де қолтықтарыңа су бүркіп отырғандар, «атың шықпаса жер өрте!»,-дейді атаң қазақ. Ливерпульдік «Битлз» квартетінің әншісі Джо Леннонды өлтірген, Шотландиядағы демалыстағы жастарды қырып салған есерсоқ, Австралиядағы мешіттегі жамағатты қырған қанішер, бұлардың барлығы өзіне назар аудару, қалай болғанда да атын шығару ниетімен жасады. Сендердің одан қай жерлерің артық? Кімнің диірменіне су құйып жүрсіңдер?
Крыловтың «Піл мен күшік» (слон и моська) деген шығармасындағыдай, қазірде белгілі бір жағдайда ауыздары байлаулы, тілдерін тістеп отырған имамдарға қанден күшіктей шәуілдеп, герой болып қажет емес. Муфтият пен министрлік тарапынан, үндемеу туралы имамдар ғана емес, ұстаздарымызға дейін қатаң нұсқаулардың барлығын ел біле бермейді. Бір жағы дұрыс та. «Жындымен жынды болма!»,- деп атаң қазақ ескертпеп пе еді.
Ал, Серікжан Біләш «Атажұрт» деп атап, қытайдағы қазақтың жоғын жоқтап, жыласа бірге жылап, қарлығаштай су тасып жүрген бауырларымызға жанашырмыз. Бірақ, жергілікті менталиттетті білмей, бас-көз жоқ, реніштен өтті жарғанша, айналаға байыптап қараған дұрыс болар.
Егер, заң тұрғысынан қарасаң, Қазақстанда дін мемлекеттен бөлек. Сонда, муфтият Қытайға нота жолдау керек пе екен? Имам анау, имам мынау деп, жамағат тартысып соңы не болды? Намазханалар жабылып, орамалдар шешіліп, имамдардың оқу орындары мен мекемелерге баруына шек қойылмап па еді. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыпты»,- дегендей, енді мешітке пропускімен кірмей тұрғанда, бұл мәселеде сабыр керек шығар.
Құрған мекемелеріңдегі талас-тартысты, елге шығармай, амалдарыңды Алла разылығы, елің үшін жасай берсеңдер абзал болар. Европа елдеріне, Түрік мемлекетіне, Америка штаттарына дабыл қағып, шырылдап жүрсіңдер, қуанбасақ қайғырмаймыз. Баршамыздың жанымызға батып, көзден моншақтаған жас ағады.
Дінтанушы, қоғамтанушы, әлеуметтанушы, саясаттанушы тәрізді арнайы білім алмай, қоғамдағы құбылыстарға «мен ойлаймын» деп талдау жасап, лағып кетпеген дұрыс. Әйтпесе, байқасам, Қазақстанды қойып, Америка, Ресей мен Европа экономикасын, сыртқы саясатына талдау жасап кетіп, кейбірі атына мініп түсе алмай қалған тәрізді. Онан да, Елге келген жұртқа кәсіпкерлік курстарын ашып, Қазақстан тарихын, әдеуметтік-экономикалық дүниетанымын кеңейтіп, жастарды жергілікті құрдастарымен түрлі жаздық демалыс лагерлерін ашып, тәрбиемен айналысқан дұрыс ау. Осы нәубетті көріп отырған ұрпақтарымызды, айтыс-тартысқа емес, отансүйгіштікке, бауырмашылдыққа, адамгершілікке, имандылыққа, рухани тәрбиелемейміз бе.
Әркім білетін жағында жүрсін. Араб тілін оқып білгенің дінтанушы емессің, ағылшын тілін меңгерсең – саясаттанушы емессің. Филология мен басқа логияларды шатастыра бермейік,
Елімізде 18 млн халықтың 12 миллионы мұсылман екен, соның 2-3 пайызы ғана Жаратушы үкім еткен парыздарын орындаушылар. Жұма намазына ғана қатысатын, арасында тек қана Құран оқытып қоятындар жетерлік. Солар иманға келуден қиналып отырғанда, имамдарды, дін исламды, ұстаздарымызды сынағыштарды осы жағын ескерейік деп ұзағынан жазып отырмын.
Ат төбеліндей қазақ пен басқа да Кеңестер билеген елдерде неге түрлі кері кеткен ағымдар орын алып отыр? Себеп: қызыл билеу дәуірі иманды әлсіретіп, тілі мен мәдениетін, салт-санасын кепкен қамырдай етіп, елді меңіреу деңгейге жеткізген. Сондықтан, «Сенікі дұрыс емес, менің жолым дұрыс»,- деушілер қаптап кеткені. Екіншіден, Коммунистік тәрбиеден бірден капиталистік әлеуметтік-экономикалық формацияға ауысудың зардабы болып отыр. Экономикасын түзеймін деп адымдайын десе шаты айырылып, идеологиясы жоқтығынан етегі далбаңдап есі кетіп тұрған елге, «ақылшы данышпандар» бірінен кейін бірі ақылшы болуда.
Тағы бір айтыла бермейтін жағдай: мүмин мұсылман пара бермейді және алмайды, пайызға ақша алмайды, шарап ішпейді, темекі шекпейді, ресторандарда ысырап той жасамайды, жарқыраған қымбатқа, модаға еліктемейді. Егер, бұлар көбейіп кетсе қып-қызыл зиян деп, артыңнан бағып, пайымдаушылар бар екенін ұмытпа!.
Онан да бізге нені ұсынап отыр, қара: күнде концерт, телевизордан жырқ-жырқ бір күлейк деген жыртың, мәні жоқ әншілер, қатынның көйлегін киіп салпылдаған еркектер және тағы басқа нәпсіңді әлпештейтін қызықтар. Бесіктегі балаң «маша и медведьке» кіріп алған, мектептегі балаңнан бастап, әжелерге дейін телефонда отыр. Қыздарыңда шешілмеген ішкиім ғана қалып, алды Африкада негр байымен крокодил жайып жүр.
Иә, қазағым, бауырым, кеңінен ойлан…
Мадияров Мирхат – тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам және дін мәселеріндегі эксперт