Сұрақ: Тамақты суыту үшін үрлеп ішуге бола ма?

Жауап: Расында бала кезімізде әжелерімізден «Балам, тамаққа үрлеме, жаман болады» деген сөзді жиі естіп өстік. Сөйтсек бұл исламда анық көрсетілген «ас ішу әдебінің» бірі екен. Шын мәнінде пайғамбардан (с.ғ.с.): «Ыдысқа демалуға не үрлеуге тыйым салған», – деген риуаят жеткен (Термези, Әбу Дәуіт және Ибн Мәлик).

Тамақтану барысында ыдыстағы тамақты не сусынды суыту мақсатында ыдысқа үрлеуге болмайды. Мұның бірнеше себебі бар, солардың кейбірін айтып өтсек.

Біріншіден, тамақты үрлеп жеп отырған адам ауа немесе түкірік арқылы жұғатын тұмау, тамақ ауруы сияқты т.б. түрлі аурумен ауырған адам болуы әбден мүмкін. Ол үрлеу арқылы қасындағы адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ислам терроризмді қолдай ма?

Екіншіден, дастархан басында отырған адамдар оның үрлеген уақытта шашырауы мүмкін түкіріктерінен жиіркенеді. Тамаққа үрлеуші әдейі түкірік шашпасы анық, бірақ көзге көріне бермейтін майда түкіріктер бар. Сол сияқты түкірік тамаққа үрлеушінің тістері түгел болмауы себепті ұшуы мүмкін.

Үшіншіден, тамақты үрлеп жеп отырған адамның ауызынан жағымсыз иіс шығуы бек мүмкін. Бұл оның қасындағы адамның тәбетін жоғалтады. Осы сияқты т.б. себептер болғандықтан пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылман адамға тамақты үрлеп жемеуге кеңес берген.

Дегенмен, ыстық тамақты суыту мақсатында қасықпен сапыру немесе салқын жерге қою сияқты істерді жасауға болады. Себебі тамақты суытып жеген жөн. Алланың елшісі (с.ғ.с.) тамақты қатты ыстық күйінде ішудің берекесі болмайтыны жайында айтқан.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу