Елімізде күн санап ауыр індетті жұқтырған науқастар мен қайтыс болғандардың саны артып барады. Оларға қол ұшын созу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет қоры» «Өмірге үміт сыйла» акциясын бастап отыр. Біз қайырымдылық шарасының мән-жайын білу үшін аталмыш қордың жетекшісі Талғат Омаровқа бірнеше сауалымызды қойған болатынбыз.
– Қазіргі ауыр жағдайда “Зекет” қорының “Өмірге үміт сыйла” акциясы қандай мақсатпен ұйымдастырылғаны жөнінде тоқталып кетсеңіз?
– Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда елімізде COVID-19 індетін жұқтырғандар саны артуы, емханаға ауыр халде түсіп жатқан науқастар қатарының көбеюі салдарынан өкпені жасанды жолмен тыныс алдыратын (ИВЛ) құрылғылар жетпей жатқандығы жанымызға қатты батты.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен аты жаман індетпен күресіп жатқан еліміздегі медициналық мекемелерге желдеткіш құралдарын алу мақсатында «Зекет қоры» «Өмірге үміт сыйла» акциясын бастады.
Акция аясында көптің көмегімен өкпені жасанды жолмен тыныс алдыратын құрылғыны алып, қатыгез індеттің салдарынан дем жетпей қиналып жатқан отандастарымызға қолдау көрсетіп, өмірін сақтап қалуға қол ұшын созу – біздің басты мақсатымыз!
– Бұл құрылғыны кімдер ала алады?
– Алдымен Алланың қалауымен еліміздегі осы құрылғыға қатты мұқтаж болып отырған емханаларға жеткізіледі. Сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлері қамтылатын болады. Қазіргі таңда науқастанып қалған әрбір жанның толық ем қабылдауы ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік береді.
– Ауыр халде жатқан жандардың арасынан сіздерге хабарласып, көмек сұрайтындар кездесті ме?
– Балалары ауырып, еміне дəрі-дəрмек ала алмай отырған, тіпті балаларына жеуге нан алуға қиналып отырған жалғыз басты аналар мен аз қамтылған отбасылар көмек сұрап, жиі хабарласып жатады. Әрине, елімізде мұндай қиын жағдайдың орын алуы кімді болмасын толғандырып отыр.
– Аталған қайырымдылық шараға кімдер қатысып, қол ұшын соза алады?
– “Көп түкірсе көл болар” демекші, “Өмірге үміт сыйла” жобасы аясында кез келген адам жағдайы көтергенше садақа бере алады. Алла ризалығы үшін берген садақалардан жиналған қаражат, қиын халде жатқан отандастарымыздың өмірін сақтап қалуға себепші болады.
Бұл шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық облыс, өңірлердегі өкіл имамдар мен “Зекет” қорының өкілдері ат салысып жатыр.
– Қаражат аудару үшін қордың жеке шотын айтып кетсеңіз?
-“Өмірге үміт сыйла” жобасына қатысам деуші азаматтар өз қаражаттарын “Зекет” корпоративтік қайырымдылық қорының бас маманы Салтанат Қалдыбекқызының төменде көрсетілген есепшотына аударулары тиіс:
Kaspi Gold:
5169 4971 9596 4915
Ұялы байланыс:
+ 7 775 140 7017
ЖСН: 980802400732
– Акцияға қанша қаражат жиналғанынан халықты ақпараттандыру жағы қарастырылған ба?
– Әрине, жиналған қаражатты әлеуметтік желілер арқылы халықты міндетті түрде ақпараттандыратын боламыз!
-Талғат аға, қажетті аппаратты қай жерден алатындарыңыз жайлы айтып бере аласыз ба?
– Дәл қазіргі сәтте біз құрылғыны іздестіру үстіндеміз, ұсыныстарды қарастырып жатырмыз.
Жиналған қаражатқа Ресейден, Түркиядан немесе Қытай мемлекеттерінен қолайлы құрылғыларды алатын боламыз!
– Дүрліккен халыққа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Бұл өмір – сынақ мекені. Кез келген сынақты бір Алланың берері хақ. Ол сынақтан бізді алып шығатын адам емес, жалғыз Алла ғана. Ал мұсылманның мұраты – сынақты сауапқа айналдыратындай амал жасау.
Бір Алладан еліміз, отбасымыз, жақындарымыз үшін амандық тілейік. “Алла шын сұраған пендесінің қолын бос қайтаруға ұялады” делінген. Осынау сындарлы сəттерде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеп, Алланың мейірімінен күдер үзбей, дұға жасайық.
Алла Тағала: “Менен сұраңдар, тілектеріңді қабылдаймын” деп уəде еткен. Ендеше, күллі адамзат пен еліміздің амандығы үшін əрдайым дұға жасағанымыз абзал! Біз әрбір жанның өміріне үміт сыйлағымыз келеді.
– Бастамаларыңыз оңынан болсын. Пайдалы ақпарат бергеніңізге рақмет!
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ