Қазіргі таңда қоғамда кеңінен танымал ұғым – талақ ету. Көптеген қаракөз қарлығаштарымыздың көз жасына себепші болған бұл үрдіс дұрыс па? Себепсіз әйелден бас тарту күнә мә? Ұялы телефонмен талақ етуге бола ма? Осы сұрақтар төңірегінде арнайы дін өкілдерінен жауап алған едік.
Қабылбек Әліпбайұлы – дінтанушы.
Қазір көбінесе талақ мәселесі қозғалады. Бұл туралы көп сұрақтар бар. Телефонмен қоңырау шалынса, талақ әдебіне жауап берілмейді. Шариғат әдебі орындалу үшін сен үйдегі әйеліңді ертіп кел. Беттесіп отырып үшеуі сөйлеседі. Екі тарап кезек-кезек молданың сұрақтарына жауап беру керек. Содан кейін пәтуа шығаратын адам олардың айтқан сөздеріне жүгіне отырып, үкім шығарады. Бір тарапты тыңдап, үкім шығара салмайды. Оның өз шарттары бар.
Пәтуа шығаруға лайықты емес өз бетінше ізденген адамдар үшін талақ жеңіл мәселе. Телефонмен сұрақ қойылса, сол мезетте жауап бере салады.
«Иә ондай қатынды жіберу керек, кетсін. Қатынсыз қалам деп қорықпа» деген сөзді тыңдап, орынсыз шешім қабылдайтындар қанша ма?! Ер адам мұндай әрекетімен әйеліне қандай зұлымдық қылғанын түсінбейді де.
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай
Алланың ең ұнатпаған істерінің бірі – талақ. Адамдар бір-біріне талақ деп айтса әлем дүр сілкінгендей әсер болады екен.
Алла үйлену арқылы ер адамға үлкен жауапкершілік артады. Үйленудегі мәселе – ләззат алу емес. Ондағы басты мақсат – кеңею, сапалы да саналы мұсылмандардың қатарын арттырып, ұрпақтың айналысына адал болуына жол көрсету.
Енді, аз ғана қиыншылық пен кемшілік үшін алған әйелді талақ ету – ер адамның қорқақтығы. Яғни ол адамның психологиясының қалыптаспағандығының белгісі.
Пағамбар с.а.у. хадисінде «Барлықтарың бақташысыңдар. Баққандарыңнан сұраққа тартыласыңдар. Әрбір ер адам өз отбасы үшін сұраққа жауап береді» дейді. Ер әрбір неке үшін жауапты.
Әйелді себепсіз талақ етіп тастау – күнә. Бір емес бірнеше рет некеге тұрып, әйелді зат ретінде қарауы қателік. Бізге жәннат ананың табанының астында деді. Ал барлық әйел ана емес пе?
Пікір алған – И.Тұрғалиұлы