Ислам тарихында «үлкен күнә» және иман мен «амал» арақатынасы мәселесі ең алғаш харижиттер тарапынан көтерілді. Олар әубаста «күпірлік» ұғымын негізге ала отырып, осы ұғыммен байланысты әртүрлі теологиялық мәселелерді көтерді. Солардың ең маңыздысы «үлкен күнә» және иман-амал мәселесі-тін. Харижиттер адамға ішкі сенімінен гөрі, сыртқы іс-әрекеттеріне қарап баға беретін болған. Олардың түсінігі бойынша, адамның нағыз кәміл мұсылман болуы үшін жүректегі сенім/иман жеткіліксіз, жүректегі сеніммен бірге, соған лайық іс-әрекеттердің/амалдардың болуы және күнәлардан тыйылу міндетті. Осыған орай харижиттер діндегі амалдар мен үкімдерге, яғни діни практикаға ерекше мән берді. Бірақ олар бұл мәселеге де біржақты қарады. Нақтырақ айтқанда, теріс жағынан қарады деуге болады. Олар кемел мұсылман қоғамы қандай болу керек деген мәселеге келгенде, діндегі амалдар мен үкімдердің орындалуынан гөрі, олардың тәрк етілмеуі мәселесіне, сауапты істерден гөрі, күнәлі істердің орын алмауына баса назар аударды. Басқаша айтқанда, олар мұсылман қоғамын іс жүзінде жат элементтерден тазартуды ең үлкен міндет санап, «кім тақуа» дегеннен гөрі, «кім күнәһар», сондай-ақ «кім мүмін» дегеннен гөрі «кім кәпір» деген санамен және ұстаныммен әрекет етті. Осылайша олар шынайы мүмінге/мұсылманға қойылатын талаптарды тым күшейтіп әрі қиындатып жіберді. Олардың түсінігіндегі идеалды мұсылман ‒ діннің барлық талаптарын мүлтіксіз орындайтын, тыйғандарынан толық тыйылатын, күнә атаулыдан ада, іші де, сырты да кіршіксіз болуы керек-тін. Бұл түптеп келгенде, адамның жаратылысымен, табиғатымен және психологиясымен санаспау еді. Нәтижеде исламда «такфиризм» тенденциясы пайда болып, белең алды.
«Иман» және «күпірлік» немесе «мүмін/мұсылман» және «кәпір» сөздері Құрандағы ең негізгі ұғымдардың бірі, һәм де бүкіл Құран пәлсапасының өзегі болып табылады. Харижиттік сана негізінен Құрандағы осынау қос ұғымға негізделеді.
Алғашқы харижиттер көтерген мәселелер теориядан бұрын, негізінен практикалық мәнге ие болды. Кейін муғтазилиттердің тарих сахнасына шығумен иман мен амал және күнә ұғымдарына қатысты харижиттік ұстаным теориялық тұрғыдан негізделді. Өйткені мұғтазилиттер харижитерге қарағанда анағұрлым зейінді әрі талдау жасау қабілеті жоғары теоретиктер еді. Нәтижеде бұл құбылыс ислам теологиясының қарқынды дамуына және ондағы көптеген ұғымдар мен терминдердің қалыптасуына негіз болды.
Сунниттік бағыттағы мазхабтардың барлығы «үлкен күнә» жасаған мүмін мәселесінде ортақ ұстанымда. Ешбірі күнәһар мүмінді иманнан айырмайды. Араларында «иман» ұғымының түпкі мәні мен ақиқатына, иман мен амал арақатынасына және өзге де «иман» мәселелеріне қатысты әртүрлі, тіпті бір-біріне кереғар көзқарастар болса да, үлкен күнә жасаған мүмінді немесе дінде парыз болған қандай да бір амалды (жоққа шығармастан) орындамаған мұсылманды күпірлікпен айыптамау мәселесіне келгенде бәрінің ұстанымы бір. Бұл да өз кезегінде харижиттер мен мұғтазилиттердің ұстанымының қате әрі дәстүрлі исламның діни-идеологиялық тұғыры болған сунниттік доктринаға түбегейлі қайшы екенін көрсетеді.
Бүгінгі таңда әлемде және елімізде белгілі деңгейде белең ала бастаған «такфиризм» құбылысының діни-идеологиялық тұғыры дәстүрлі сунниттік исламға кереғар харижиттік және мұғтазилиттік сана және ілім екендігі даусыз. Бұл сунниттік доктринаға да, Қазақ елінің дәстүрлі діни дүниетанымына да түбегейлі қайшы келетін діни сана және ілім.
Осынау харижиттік және мұғтазилиттік санадан бастау алған діни радикализм мен экстремизм ислам тарихында мұсылмандар арасында алауыздық туғызумен қатар, көптеген қақтығыстар мен қанды оқиғалардың орын алуына түрткі болғаны белгілі. Сонымен қатар мұндай аса қауіпті тенденцияның кейінгі буын мұсылмандарға да аздыкөпті әсер еткені сөзсіз. Бүгінгі таңда кейбір діни топтар мен ұйымдарға «неохарижиттер» деген ат қойылып, айдар тағылуының өзі соның айғағы. Мұның ең басты себебі олардың сенім мәселесіне келгенде алғашқы харижиттер сынды «кім кәпір?» деген ұстаныммен әрекет етіп, исламдағы парыз амалдарды орындамаған, тіпті, исламның бес парызын орындап жүрсе де, өздерімен пікірлес, сенімдес болмаған мұсылмандардың бәрін жаппай кәпір санауы, сондайақ оларды өз беттерінше мұсылмандық құқықтан айырып, қаны мен малдүниесін өздеріне адал санап, оларға қарсы жиһад жариялауы еді. Өкінішке орай бүгінгі таңда санасы харижиттік идеологиямен уланып, өздерін ғана кәміл мұсылман, өзгелерді жаппай кәпір санайтын радикалды ұстанымдағы жекелеген тұлғалар мен топтардың әр жерде лаң салып, бұзғыншылық жасап жүргеніне куә болудамыз. Тіпті олардың кейбір геосаяси күштердің қолшоқпары мен ойыншығы болып жүргенін де айтып жүрген діни-саяси сарапшылар баршылық.
Ислам тарихының алғашқы кезеңдерінде пайда болған діни радикализм мен экстремизм негізінен бірқатар діни-саяси факторлар негізінде туындаса, бүгінгі таңда бұл тенденцияның қайта жанданып, белең алуына сеп болған саяси факторлардан басқа да бірқатар діни-әлеуметтік себепсалдар бар. Атап айтсақ олардың ең негізгілері:
- Мұсылман елдеріндегі жалпы және діни сауатсыздық;
- Көптеген мұсылман елдеріндегі әулеуметтік теңсіздік және кедейлік;
- Мұсылмандар арасында ауызбіршіліктің болмауы;
- Мұсылман елдеріндегі өскелең ұрпақтың тәлімтәрбиесінің ақсауы және әлеуметтік әрі қоғамдық институттардың өз функцияларын тиісті деңгейде атқармауы;
- Батыс елдерінде, соның ішінде батыстық Бұқаралық ақпарат құралдарында антиисламизм мен исламофобия құбылысының белең алуы және исламның басты рәміздері мен құндықтарының көпе-көрінеу аяқ асты етілуі;
- Мұсылман емес елдерді айтпағанда, көптеген мұсылман елдерінің өзінде діни радикализм мен экстремизмге төтеп беретін бірыңғай діни идеология мен механизмдердің болмауы.
Сондықтан, бүгінгі таңда қайта бас көтеріп, белең алған діни радикализм және экстремизммен күресудің ең тиімді жолы соған түрткі болып отырған аталмыш факторлармен күресу болып табылады. Сонымен қатар бұл мәселеде діни радикализмнің ғылыми-идеологиялық платформасы болған теологиялық мәселелерге қатысты радикалды көзқарастарды қатаң сынға алып, терістеген әрі дәстүрлі сунниттік доктринаны ғылыми-теологиялық тұрғыдан негіздеп, қуаттаған имам Матуридидің ілімі мен теологиялық тұжырымдарының маңызы зор екені сөзсіз.
Харижиттер мен муғтазилиттер «үлкен күнә» және иман мен діндегі амалдар мәселесіне қатысты радикалды пікірлерін алға тарқанда көбінекөп соғыс жағдайында немесе белгілі себептерге қатысты түскен Құранның әр жеріндегі жекелеген аяттарына жүгінетін еді. Сол себепті Матуриди де аталмыш екі топтың көзқарастарын терістегенде солардың әдісін қолданып, негізінен Құран аяттарына жүгінді. Алайда Матуридидің олардан ең айқын ерекшелігі ‒ Құранды сүрелері мен аяттары арасында тығыз байланыс болған бір тұтас иләһи кітап ретінде қолға алып, Құранды Құранмен пайымдауы, яғни Құран аяттарын Құран пәлсапасына сай интерпритациялауы еді.
Ислам тарихында ең алғаш харижиттер тарапынан көтерілген үлкен күнә және күнәһар мүмін мәселесі негізінде туындаған «иман» мен діндегі амалдардың арақатынасы мәселесі әрі «иман» ұғымына қатысты өзге де мәселелер ислам теологиясының өзекті тақырыптарына айналды. Бұған дейін де айтылғандай, харижиттер мен мұғтазилиттер адамға ішкі сенімінен гөрі, сыртқы іс-әрекеттеріне қарап баға беретін болған. Олардың түсінігі бойынша адамның нағыз кәміл мұсылман болуы үшін жүректегі сенім/иман жеткіліксіз, жүректегі иманмен бірге, соған лайық іс-әрекеттердің/амалдардың болуы және күнәлардан тыйылу міндетті. Сондықтан да олар діндегі амалдар мен үкімдерге, яғни діни практикаға ерекше мән берді. Бұл әрине сунниттік сенімге негізделген дәстүрлі ислам/дәстүрлі дін түсінігіне түбегейлі қайшы келеді. Осы құбылыстың нәтижесінде ғалымдар теологиялық тұрғыдан «иман» мен «амал» ұғымдарының арақатынасын айқындауға кірісті.
Матуриди «Китәб әт-тә’уиләт» атты Құран тәпсірінде иман мен діндегі амалдардың арақатынасы мәселесін қозғағанда өзінің басты оппоненттері мұғтазилиттер мен харижиттердің, сонымен қатар хашуиялардың немесе асхаб әл-хадистің ұстанымын терістеп, дәстүрлі ханафиттік доктринаны қуаттаған. Ол иманның түпкі мәні мен хақиқи болмысының Алланы жүрекпен растау (тасдиқ би-л-қалб) екенін, оның негізгі орнының жүрек екенін, ал сол жүректегі иман негізінде жүзеге асатын парыз және нәпіл амалдар мен өзге де игілікті істердің иман емес, иманның талаптары (шара’и‛) немесе жемісі екенін тиісті аяттарға жүгіне отырып дәлелдеген. Осыған орай Матуриди Ибраһим сүресінің 24-25 аяттардағы жемісті ағашқа ұқсатылған «жақсы сөз» (әл-кәлима ат-тайибә) сөзін кейбір ғалымдардың иман/таухид сенімі деп тәпсірлегенін айта келе, иман мен таухид сенімінің бейне бір жемісті ағаш сынды жемісі болатынын, оның жемісінің игі істер мен ізгі амалдар екенін айтқан [Тәуиләт, т. 6, б. 387-388]. Демек Матуридидің ұстанымы бойынша діннің негізі жүректегі иман/сенім. Сондықтан да Аллаға және Алладан келгеннің бәріне шын жүректен иман келтірген адам діннің талаптары бойынша амал етпеген жағдайда иманнан айырылмайды. Өйткені ол Алланы және Оның дінін толық мойындауда [Тәуиләт, т. 9, б. 636].
Матуриди иман мен діндегі амалдардың арақатынасына қатысты ханафиттік доктринаны бәрінен бұрын Құран аяттарына жүгіну арқылы дәйектеген. Матуридидің Құранға негізделген тұжырымы бойынша, иман мен діндегі амалдар арақатынасындағы басты мәселе амалдардың іс жүзінде орындалуынан бұрын, амалдарға иман келтіру (әл-и‛тиқад) және оларды мойындау/қабылдау (әл-қабул). Яғни мүмін болудың бірден-бір талабы Құранда парыз екендігі нақты білдірілген амалдарға иман келтіру, олардың Алла тарапынан бекітілген парыз амалдар екенін мойындап, қабылдау [Тәуиләт, т. 5, б. 153]. Матуриди бұл тұжырымын негізінен Құрандағы иман мен діндегі амалдар қатар аталған аяттарға жүгіне отырып алға тартқан.
Ханафи-матуридилер діндегі ізгі амалдарды иманға жатқызбағаны үшін әсіресе, хашуиялар оларды діндегі амалдарға немқұрайлы қарайтындар деп жазғырған, тіпті муржия деп атаған. Алайда иман мен діндегі амалдарды бір-бірінен бөліп қарастыру амалдарға немқұрайлы қараушылықты білдірмейді. Мұндағы басты мақсат ‒ мүмін/мұсылман болудың негізгі талабы «амал» ету немесе жамандық атаулыдан толық тыйылу емес, жүрекпен иман келтіру екенін алға тарту арқылы діндегі міндетті амалдарды тәрк еткендерді немесе үлкен күнә жасағандарды жаппай күпірлікпен айыптайтын такфириттік санаға және тенденцияға тоқтау салу. Осы мақсатқа орай Матуриди иманның діндегі амалдарға емес, керісінше діндегі амалдардың иманға негізделетінін, сәйкесінше діндегі амалдардың иманның өзі емес, жемісі екендігін алға тартты. Бұл ханафи-матуридилік доктринаның ең басты принциптерінің бірі болып табылады. Сондықтан да ислам тарихының алғашқы ғасырларында пайда болған такфириттік санаға және тенденцияға тоқтау салуда осы ханафи-матуридилік ілімнің рөлі үлкен болған деп айтуға толық негіз бар. Ендеше бүгінгі таңда да қайтадан бой көтеріп, белең ала бастаған тәкфириттік санаға тоқтау салып, дәстүрлі исламның принциптерін кеңінен насихаттауда Матуриди ілімінің алар орны ерекше екені даусыз.
Дайындаған А.Алтынбекұлы