Әлемде қазақ халқы секілді бір кездері алып империяның отары болып, ана тілінен айырылып қала жаздаған, бүгінде өз тілін қайта жандандыру үшін жанталасып жатқан ұлттар аз емес. Солардың бірі – ирланд халқы.

Ол қазіргі күні Еуропаның экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы елдерінің бірі саналғанымен, тарихына үңілсек, бірнеше ғасыр бойы Британ империясының қоластында құқай көріп, талай езгіні басынан кешкеніне көз жеткіземіз. Өткен ғасырларда мектептерде ирланд тілінде білім беруге тыйым салынып, ағылшын тілінің үстемдігі орнатылды. Нәтижесінде ана тілін білетін ирландықтардың қатары тым сиреп кетті.

ХХ ғасырдың басында ирландиялықтар тәуелсіздік үшін күресіп, аңсаған азаттыққа қол жеткізгенімен, аралдың солтүстік-шығысындағы бір бөлігі әлі күнге Ұлыбританияның қарамағында.

Қазіргі күні Ирландиядағы ирланд тілінің (екінші атауы – гаэль тілі) жағдайы Қазақстанның солтүстігіндегі кейбір өңірлердің ахуалына ұқсас. Оны төмендегі мақаладан анық аңғаруға болады. Манхан Маган ана Ирландияның біраз өлкесін аралап, тек ана тілінде сөйлеп, сапар нәтижесі бойынша «Ирланд тілі: өлі ме, тірі ме?» атты материал жариялаған болатын. Біз сол мақаланы қазақ тіліне аударып беріп отырмыз.

«Осы елдің тілін білгеніңе қарамастан, мұнда сізді ешкім түсінбейтінін ұғына отырып ел аралауға сапарға шығудың өзі бір абсурдтық жағдай әрі рухани трагедияға толы, – деп бастайды ол мақаласын. – Гаэль тілі – Ирландияның бірінші ресми тілі. Біз бұл тілде 2500 жыл бойына сөйлеп келдік, алайда британдықтар келді де, бізді оңай басқару үшін олардың, яғни өздерінің тілінде сөйлеуіміз керек деп шешті. Кейін біз өзіміз де ирланд тілінен бас тарттық.

ХХ ғасырдың басында Ирландияның тәуелсіздік үшін күресіне түрткі болған Кельт қайта өрлеуі басталмағанда тіліміз жоғалып кетер ме еді.

Қазіргі күні халықтың төрттен бірі бұл тілді үнемі қолданамыз дейді. Мен бұл санға қашан да күмәнмен қарайтынмын, енді соның ақиқатына жету үшін ел ішіне сапарға шықтым. Бұл жолы тек ирланд тілінде сөйлеп, халықтың оған көзқарасын тексеріп көрдім.

Ирландия астанасы ана тілін ұмытқан

Сапарымды Дублиннен бастадым. Өйткені, 1,2 млн адам тұратын астанадан мемлекеттік тілді білетін бірнеше адамды болса да табармын деп үміттеніп едім.

Алдымен еліміздің картасын сатып алу үшін Британ картографиялық басқармасының дүкеніне бас сұқтым (жартылай      мемлекеттік ұйым болғандықтан, ирланд тілінде қызмет көрсетуі тиіс қой).

«Ағылшын тілінде сөйлесеңіз бола ма?» – деді маған кеңесші. Мен ирланд тілінде жауап бердім. «Ағылшын тілінде сөйлеңізші», – деп сөзін қайталады ол. Мен тағы да оған өзіме керек нәрсені ана тілімде түсіндіруге тырысып бақтым.

«Сіз ағылшын тілінде сөйлеп тұрсыз ба?» – деді бұл жолы қатқыл дауыспен ашуын байқатып. «Sea» – дедім ирланд тілінде басымды шұлғып.

«Сіз менімен ағылшын тілінде сөйлескіңіз келе ме?». Мен оған ең қарапайым оңай сөздермен тек өзімнің ана тілімде сөйлегім келетінін ұғындыруға тырысып жатырмын. «Мен сізбен бұдан әрі сөйлеспеймін, – деді ол. – Кетіңіз!»

Баратын жерлерімнің бағытын әркімнен сұрай бергенше карта сатып алуым керек-ақ еді. Мен кеңесшіге тағы да жақындап, олар мектепте 10 жыл оқыған уақытта үйреніп алуы тиіс ең қарапайым ирланд тіліндегі сөздерді қолданып, өзіме не керектігін ұқтыруға тырысып көріп едім. Бірақ, ол құлағын жауып алғаннан соң, маған бұл жерден кетуден басқа амал қалмады.

Сапарымның әлқиссасы осылай көңілсіз басталар деп кім ойлаған?! Таңғы уақыт болғанына қарамастан, мен Графтон Стритте орналасқан викториандық стильдегі таңдаулы барға бас сұғып, сусын ішіп алмақшы болдым.

«Кешіріңіз, досым, мен ирландша сөйлемеймін», – деп жауап қатты бармен менің «сусын беріңіз» деген сөзіме. Одан кейін өзімнің тапсырысымды барынша қарапайым сөздермен жеткізіп: «Мен шөлдеп тұрмын», – дедім. «Мен ирландша сөйлемеймін», – деп қайталады ол.

Камеруннан Қазақстанға дейін сапар шеккенімде кез келген барға кіріп, сусынға тапсырыс беруде ешбір қиналмап едім. Бірақ өз елімде мылқау адамша қолымды шошайтып сусындарды көрсетуге тура келді. Сол кезде барда тұрған жігіт: «Сіз менің не дегенімді естімедіңіз бе?» – деп ашу шақыра бастады.

Біздің әңгімемізді тыңдап тұрған бір жас жігіт маған жаны ашыды ма қайдам, қасыма жақындап, «Килдар Стриттегі кафеге барсаңыз дұрыс болар» деп жөн сілтеді.

«Кафе дейсіз бе? – деп сұрадым. – Мен жай ғана сусын ішейін деп едім». «Сол жаққа барғаныңыз дұрысырақ», – деген соң, оның сілтеуімен Ирланд тілін дамыту мәселелері жөніндегі агенттік кеңселерінің астындағы күңгірт жертөлеге бас сұқтым.

Бір кесе кофеге тапсырыс бергеннен кейін кафенің егесі құлаққа жағымды ирланд тілінде бұл жерге ирландтілді келушілер қатары толастамайтынын, тек бүгін күн жарқырап тұрғандықтан, ешкім жертөлеге тығылып отырғысы келмейтінін, сондықтан мен бүгін осында бас сұққан жалғаз адам екенімді жеткізді. Викториандық кәріздер шілденің аптап ыстығымен әрең күресіп жатқаны байқалады, содан да бөлменің ішінен жағымсыз иіс шығып тұр. Маған бұл жер құқығы тапталған азшылыққа арналған геттоға ұқсап кетті.

Мен бұл сапарымның қиын болатынын білдім, бірақ мұнша қиын болады деп ойламаппын. Тіпті ирландша сөйлегенім үшін адамдар маған дұшпандық танытады деген ой өңім түгіл, түсіме де кірмепті.

Тіл мамандарының пікірінше, халық санағы кезінде «Ирланд тілі» деген жерге тұрғындардың 25 пайызы белгі қоя салғанымен, шын мәнінде ирланд тілінде сөйлейтіндердің нақты саны халықтың 3 пайызын құрайды және олардың басым бөлігі елдің батысындағы адам аяғы жете бермейтін жалағауларды мекен етеді.

Мен Дублиндегі радиостанциямен байланысып, радио-шоу кезінде тіл мәселесіне қатысты тыңдармандардың пікірлерін білгім келді. Бірнеше адам хабарласып, менің нені сұрап тұрғанымды түсінбегенін жеткізді. «Ирланд тілі өлді ме?» – осы сұрақты мен бірнеше рет қайталаған болатынмын. «Кешіріңіз, не дедіңіз?» – деп қай      талай сұрады көпшілігі. Немесе: «Сіз ирланд тілінде сөйлейсіз бе?» – деп таңданыстарын жасырмады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Казан». «Гриналянд». Қазақстанды басқа халықтар қалай атайды?

Радиоға қоңырау шалған кейбір адамдар мені және менің кемтар тілімді  эфирден алып тастауды сұраса, енді біреулер сөздерімді түсінбегендері үшін ұятты екендіктерін, алайда эфирге шыққаным үшін қуанышты болғандарын айтып жатты.

Менің ирланд тілінде сөйлеуімнің жалғыз ғана себебі – 90 жыл бұрын әжем бұл тілді Ирланд Республикасы үшін күресте қару ретінде қолданған. Кейін мен достарымның бірде-біреуі ирландша сөйлемейтінін білгесін әжем маған ирланд тілінде сөйлеуді жалғастыруым үшін кәмпиттер мен тәттілер беретін.

Шын мәнінде кейін мен ирланд тілін өлі жүк ретінде көріп, одан бас тартуға шақ қалғам. Алайда, 1996 жылы TG4 ирланд телевизиялық станциясы ашылып, мен оған саяхаттар туралы деректі фильмдер дайындай бастадым.

Радиошоудан кейін мен туристік бюроға баруға шешім қабылдадым, өйткені, ол жердің қызметкерлері түрлі тілдерде жұмыс істеп үйренген шығар деп ойладым. Олардан қала ішіндегі экскурсия туралы сұрағанымда үстелдің арғы жағында отырған ер адам менің тұла-бойымды бір шолып өтіп, көзі шарасынан шыға: «Не дейсіз?» – деп қайталай сұрады. Мен сөзімді қайталадым.

«Сіз ағылшынша сөйлемейсіз бе?» – деді ол. Мен ирланд тілін естігенде адамдардың осылай үрейленіп, көңілдері түсіп кететін сәттерін жек көре бастадым. «Былай, достым, мен ирландша сөйлемеймін, сондықтан… – деп бір тоқтап, үрейлі үзіліс жасады анау адам. – Сондықтан егер сен ағылшынша сөйлесең ғана мен сені түсінемін».

«Béarla (ағылшынша), тек қана ағылшынша», – деді оның артында отырған бастығы түсін суытып. Мен олардан басқа қандай тілдерде қызмет көрсете алатындарын сұрап едім, қабырғадағы 7 елдің аты жазылған тізімді көрсетті. Оның ішінен 5 тілді жетік білемін, алайда қатты қажеттілік болмаса басқа ешбір тілде сөйлемеймін деп өзіме уәде бергендіктен, дегенімнен қайтпай тұрып алдым.

Ақыры олар ирланд тілінде жетік сөйлейтін сүйкімді қызды тауып, ол маған қажет ақпараттың бәрін айтып берді, алайда өзінің тіл байлығы үшін қатты қысылып, қобалжумен болды. Бірақ оның тіл байлығы керемет еді.

Біздің елімізде адамдарда ирландша сөйлесе, қате айтып тұрмын ба деп қысылып-қымтырылатын бір жаман әдет пайда болған. Бұл ирланд тілі кедейшілік пен сауатсыздықтың белгісі ретінде қаралған бұрынғы замандардан қалып қойған таптаурын түсініктің күрделі психологиялық салдары болса керек.

Бар үміт – жастарда

Егер радиошоу кезінде бір жағдай орын алмағанда мен бұл сапарымнан бас тартар ма едім. Бар үмітім үзілуге тақағанда бір балалар қоңырау шалды. Олардың заманауи қалалық диалектіде таза ирланд тілінде сөйлеп тұрғаны менің таңданысымды тудырды.

Олар маған өздерінің және достарының үнемі ирландша сөйлейтіндерін жеткізді. Ирланд тілін жақсы көретіндерін айтып, менің бұл тілді өлі ме деп сұрақ қойғаным көңілдеріне тигенін жасырмады.

Олар соңғы кездері Ирландияның барлық аймағында жаңа филиалдарын көптеп ашып жатқан «Gaelscoileanna» деп аталатын жаңа ирланд мектебінің оқушылары екен.

Бұл мектептер жағары санатты зиялы қауым өкілдері арасында да, қарапайым халық арасында да танымал. Оның себебі – жоғары сапалы білім беруінде. Қазір ирландтілді мектептер мемлекеттік емтихандарда көптеген элиталық ақылы мектептерге қарағанда ең жоғары баллдарды алып жүр.

Бұл мектептерді бітірген шәкірттер сонау заманда британдықтар ирланд тіліне дамуда артта қалған деген айдарды тағып бергелі бері бірнеше ұрпақтың санасына сіңіп қалған «дамымағандық» түсінігін жоққа шығарып, өздерінің заманауи адам екендерін көрсетуде.

Олар TG4 телеарнасы арқылы берілетін «Губка Боб Шаршы шалбар» және «Скуби-Ду» мультсериалдарының ирланд тіліндегі нұсқаларын көріп тәрбие алып жатыр. Бұлар X-box, хип-хоп, «Әпенділер» сериалының ирландша баламаларын ойлап табуда. Олар ирланд тілінде SMS-терді еркін жазып, жастар қолданатын заманауи сленгтермен қатар ежелгі фонетика мен синтаксисті оқып үйренуде.

Бұл балалар ирланд тілінің болашағына деген үміт отын қайта жағып, Дублиннен көтеріңкі сезіммен аттанып, сапарымды әрі қарай жалғадым.

Шын мәнінде, астанадан шығып 1000 миля жүргенде жолай кездескен адамдар дублиндіктерге қарағанда сыпайы және қайырымды бола түсті. Олардың бәрі ирландша еркін сөйлейді деп айта алмаймын, бірақ менімен өзіме түсінікті тілде сөйлеуге тырысып, мектеп кезіндегі үйренгенінен есте қалған ирландша сөздерін еске түсіріп, бірдеңе ұғындыруға тырысып жатты.

Дегенмен, сапарымның көп бөлігі қиындықпен өтті. Жол сұрасам, түсінбей басқа жақты көрсетіп жіберді, ресторанда басқа тамақты алып келді, шаштаразда басқа шаш үлгісін жасап берді, бірақ Дублиндегі секілді сес көрсетіп, мені ақымаққа шығарған жоқ.

Сапар соңында мен бір қорытынды жасауым керек болатын, алайда сапарымды қалай қорытындылайтынымды білмей басым қатты. Солтүстік Ирландияның 1990-жылдарға дейін ирланд тіліне тыйым салынған аймақтарында қайта жандану процессі жүріп жатыр. Белфаст келісімі ирланд тіліне мәртебе берді, қазіргі күні Солтүстік Ирландияда күнделікті газет шығып тұрады, BBC радиосында ирланд тілінде күн сайын бағдарлама жүріп жатыр және ирландша радио жұмыс істейді.

Голуэде мен ирланд тілін дамытумен айналысатын арнайы қоғам құрған ирландтілді иммигранттарды кезіктірдім. Жыл сайын ирландша проза және поэзия кітаптарын көптеп шығарып жатқан баспаханашылармен таныстым.

Заңдық тұрғыда ирланд тілі соңғы уақыттарда өте маңызды жеңістерге қол жеткізді: тілдер туралы заң ирланд тілін мемлекеттік және жартылай мемлекеттік ұйымдарда қолдануға құқық береді (бірақ, сапар кезінде менің үкіметтік мекемелерге ирланд тілінде жіберген хаттарымның біріне де жауап келген жоқ).

Ал ирланд тілінің соңғы бірнеше жүзжылдықтағы ең үлкен жеңісі – Еуропалық Одақтың ресми жұмыс тілдерінің бірі ретінде танылуы. Бұл еуропалық көршілердің бізге білдірген орасан зор сенімі, енді тек ирланд халқы ана тілін қалай пайдалану керектігін шешуі тиіс.

Оған «өлуі керек» деген белгі қойып, қорек көзінен ажыратып тастаймыз ба әлде арттақалушылық комплексін жеңіп, өз тілімізде сөйлей бастаймыз ба?

«Gaelscoileanna» мектебінің шәкірттері айтқандай: «Athbhreith agus cuir diot e!» (Қайта туып, қиындықты жеңу керек!)

Мұхаммед ӘЛИ

Пікір жазу