Сұрақ: Тағдыр иманның бір бөлігі екені рас па?
Жауап: Тағдыр – имандағы жеті парыздың бірі. Мұны Алланың елшісіне (с.ғ.с.) Ислам мен иманды үйрету үшін арнайы келген Жәбірейіл періштенің өзі айтқан. Бұған Омар ибн Хаттабтың:
«Бір күні біз Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, алыс жолдан келгендігі байқалмайтын және оны бізден ешкім танымайтын бір адам келді. Ол Алла елшісінің (с.ғ.с.) тізесіне тізелерін тиістіріп отырды да, қолдарын тізесіне үстіне қойып:
– О, Мұхаммед! Маған Ислам хақында хабар бер, – деді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Ислам – сенің Алла тағаладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі деп куәлік беруің, намаз оқуың, зекет беруің, рамазанда ораза ұстауың және жолына шамаң келсе, қағбаға қажылық жасауың, – деп жауап берді. Әлгі адам:
– Сен, рас айттың, – деді. Біз оның (Алла елшісіне (с.ғ.с.) сұрақ беріп және оның жауабын мақұлдап растағанына қайран қалдық. Кейін ол:
– Енді маған иман туралы хабар бер – деді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Ол, сенің Аллаға және Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, Қиямет күніне, сондай-ақ, тағдырға: Оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің, – деді. Әлгі адам тағы:
– Сен рас айттың, – деп айтты…», – деп келетін мәшһүр хадисі дәлел.
Сол үшін қазақ басына күн туғанда, қыстау замандарда бір-біріне «тағдырыңа жазылғанын көнесің», «жазмыштан озмыш жоқ» деген сияқты сөздер арқылы басу айтады. Алайда бұл «қол қусырып отыру» дегенді білдірмейді. Мұсылман қолынан келгенше амалын жасап, әрекет қылады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ