«Күріштің арқасында күрмек су ішеді…». Қазіргі таңда етек-жеңнен жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа тұсау болмай тұр. Жемқорлықты жоюға қарсы күрес біраз күшті талап етері сөзсіз. Себебі тамыры тереңге кеткен дерттің дауасы бар да, дәрісі жоқ. Бұл істің негізгі түп-тамыры имандылықпен ұштасатындығын айтқымыз келеді.

Ислам тарихында өткен оқиғаға зер салайық. Әбу Зарр (р.а.) пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп:

«Мені мансапқа тағайындамайсыз ба?» – дейді.  Сонда Алла Елшісі: (с.ғ.с.) оның иығынан қағып:

«Әбу Зарр! Расында, сен әлсізсің, ал билік – сенімділік. Әрбір адамның қиямет күніндегі қорлығы мен өкініші», – деген екен.  

Бұл оқиғадан адам баласының жаратылысы бөлек, қабілеті де әртүрлі екенін ұғуға болады.

Демек, «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!» деген аталы сөздің айтары бар. Әркім қабілетіне қарай қызмет жасағаны абзал.

Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов мәлімдеме жасады:

«Жалпы, қылмыстық жауапкершілікке 417 шенеунік тартылған, оның 11-і республикалық, 37-сі облыстық, 35-і қалалық және аудандық деңгейдегі жетекшілер… 

Орталық республикалық органдардағы жемқорлыққа келер болсақ, жемқорлықпен ұсталған адамдардың басым бөлігі, 57 пайызы – Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері.

Бұл органның 70 қызметкері жемқорлықпен ұсталды. Сондай-ақ, «көшбасшылардың» арасында Экология министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бар», – деді Н.Жақсымбетов. 

«Балық та басынан бастап шіриді…». Егер қарамағындағы қызметкерлері парақорлық бойынша ұсталып, жемқорлық туралы соттың айыптау үкімі болған жағдайда 11 мемлекеттік саяси басшы қызметінен өз еркімен кету керек екен.

Қазақ халқы «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деп, еңбек пен адал астың қадірін жете түсінген. Ақын Абай да малды адал жолмен табу арқылы берекетті болатындығын айта келе:

 «…Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар»,-деген.

Қасиетті Құранның «Бақара сүресінің» 188-аятында: «Араларыңдағы малдарыңды (дүниені) бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар»,- деп әмір етіледі.   Осы аяттан  жемқорлыққа қарсы ауыр жаза болатындығын байқауға болады.

Ислам дінінде жетпіс үлкен күнәнің бірі – жемқорлық. Демек жемқорлықтың қылмыс екендігі Құран аяттарында бекер айтылмаған.

Пара алушылар хақысында:  «Олар өтірікті тыңдаушылар, тыйым салынған нәрселерді жеушілер. Егер олар саған келсе, олардың арасына үкім айт немесе олардан бет бұр. Егер олардан бет бұрсаң, олар саған ешбір нәрседе зиян тигізе алмайды. Ал, егер үкім ететін болсаң, олардың арасына туралықпен үкім ет. Ақиқатында Алла туралық етушілерді жақсы көреді», – деген («Мәйда» сүресі 42- аят).

Атақты сахаба ибн Масғуд бұл аят туралы: «Аяттағы тыйым салынған нәрселер дегені – пара», – деп түсініктеме берген. Яғни, жемқорлық пен парақорлықтың түп төркіні – асыра жеу болса, түбі шыңырау, құз – қорлық. Екі жеп, биге шығам деп, шыңырауға құлама! Ақыры жақсы болмайтыны мәлім.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әзәд руынан болған ибн Ләтбияһ деген адамды садақа жинауға тағайындаса керек. Ол садақаны әкеліп: «Бұл сіздерге, ал мынау маған берілген сыйлық»,- деп бір бөлігін алып қалады.

Сонда  пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қарай гөр, егер ол өзінің әкесінің үйінде не анасының үйінде отырса, оған осылай сыйлық беріле ме екен?! Жаным қолында болған Алламен ант етемін! Сендердің қайсыбіреуің бір нәрсе алып қойсаңдар, қиямет күні соны мойнына көтеріп келеді. Егер алғаны түйе болса боздайды, сиыр болса мөңірейді, қой болса маңырайды»,-деген.

Ақырғы пайғамбар осы сөзі арқылы көп ақиқатты меңзеді. Әрбір істің, әр нәрсенің ақыретте сұрауы болатынын жеткізді. Шынайы мұсылман құл хақысына абай болады.

Қазақ даласында би-шешендер көп болған. Аузы дуалы ақыны сол би-болыстарды жемқорлық пен парақорлықтан сақтау үшін өнегелі өлең арнап отырған.

Осылайша ақын жыры көп асқанға – бір тосқан болған. Өз заманының белді ақыны Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) жемқорлық туралы өлеңінде:

«Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Бізден бұрынғы Пайғамбар.

Сөз айтайын, үлкендер,

Құдайдан ғапіл өтпеңдер.

Әлің келсе, Мекке бар,

Артық дәулет біткендер!» –  деп, адалдықты, туралықты насихаттаған.

Имам Ағзам ұлы Хаммадқа айтқан өсиетінде былай деген: «Адамдар саған жек көріп қарайтындай іс жасама.Қажетіңнен артық дүниеге беріліп кетуден сақтан… Күмәнді істерден сақтанбаған кісі харамға өтіп кетуі айдан анық. Мұндай кісі рұқсат етілмеген қорық маңында малын жайып жүрген шопан іспетті. Яғни кез келген сәтте оның малы қорыққа өтіп кетуі мүмкін. Алланың тыйым салған үкімдері бар. Ол Алланың харам еткен істері».

Әрбір адам осылайша харамнан сақтану қажет.  Алланың берген ризығынан бөлек, арам жолмен келген дүниенің бәрі харам. Онда түбінде береке болмайды!

Пенде болған соң, түрлі пиғыл болады. Біреулер жерден табаны сәл көтерілсе, қызметін асыра сілтеп жатады. Сыйлық алып, ым-жымға көшеді.

Бірде Омар бин Абдулазиз халифа болған кезінде, бір адам оған сыйлық беріпті. Сонда халифа  оны қабылдамай қояды. Жаңағы  кісі  Алла Елшісі (с.ғ.с.) сыйлықты қабылдағанын  айтқанда: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) уақытында сыйлық болған, ал бүгінгі күнімізде ол пара», – деп жауап берген екен.

Жемқорлықтың да барар жолы осы парақорлықпен ұштасады. Әуелі пара алады, кейін көрсетпей жеуге ұмтылады. Қазір біз сыпайы түрде «конверт», «сыйлық», «құрмет» деп әдемі атау беріп, сыртын білдірмеуге тырыссақ та, бұл істің соңы бәрібір арамдыққа апаратынын ұмытпауымыз керек.

Қазір «Көш жүре түзеледі» деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ел көші түзелгелі қашан?!

Ел ішіндегі жемқорлық сияқты жымысқы әрекеттер қоғамның өркендеуіне тұсау болып тұр. Халықтың ауызына жетпей, жолдан желкесі үзіліп жатқан қаржыда есеп жоқ! Мұның бір сұрауы болуы тиіс. Жемқорлықты әшкерелейтін бір емес, бірнеше оқиғаның орын алуы бұл жүйеге әлі де «тазалау» керектігін түсіндіреді.

Олай болмаған күнде жүйе шіріп, жоғалары анық. Өскелең ұрпақтың болашағына жемқорлықпен балта шаппайық! Мұндай лас «ойындарды» көріп, естіп өскен ұрпаққа, ертеңгі күні адалдық туралы айтуға ұялатын боламыз.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір жазу