ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі жариялаған «Таным» апталығы аясында Өскемен қаласындағы колледж студенттері Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде ашылған «Ислам мәдениеті» мұражайын аралап көрді. Бұл шара Өскемен қалалық Жастар орталығымен бірлесіп атқарылуда.
Жастар тобын осы мешітінің іс басқарушысы Берік Кәдіров қарсы алып, мұражайды аралатып, таныстырды. Ол әр жәдігерді толық түсіндіріп, мұражай Ислам тарихымен қатар сонау Сақ, Ғұн дәуірінен бастап ұлтымыздың тарихынан мол мағлұмат беретін мұраларға толы екенін жеткізді.
«Ислам мәдениеті» мұражайының мешітте ашылуы ұлтымыздың тарихи санасын жаңғыртып, діни ордалардың мәдени-ғылыми орталыққа айналуына өз ықпалын тигізетін тың бастама ретінде бағаланып отыр. Мұражайды жастар, оқушылар, әр мемлекеттен келген туристер, басқа облыстардан қонақтар келіп тамашалап, тарихымыздан мол мағлұмат алуда» деп атап өтті Берік Кәдіров.
Жастар бай тарихы және көне жазбалардан мол мағлұмат алып, мұражайды жоғары бағалады. Олар айрықша әсерге бөленіп, жәдігерлерді тамашалап, Құранның және көне жазбалардың замануи электронды нұсқасын көріп таңданысын жасыра алмады.