ЗК-169/1 тергеу изоляторында қасиетті Рамазан айының келуіне байланысты, мекемедегі ішкі тәртіп ережелерін сақтай отырып, қамаудағы азаматтар арасында ауыз бекітіп, ораза тұтқандар да бар. Осыған орай, облыстық әкімдік пен мешіт имамдары тарапынан, оразадағы жандарға бір күндік ауызашар пакеттері таратылды. Жинақталған қалтаның ішінде ыстық палау мен құрма, қатық және сусын бар.
– Бүгін біз істі болып, қылмысқа тартылған жандарға ауызашар азық-түліктерін әкелдік. Ауыз бекітерден бір күн бұрын осында келіп, Рамазан айының ерекшеліктері мен ораза ұстау тәртібі жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Бүгін де асыл дініміздің адамгершілік тұрғыдағы артықшылықтары жайында әңгімелеп бердік. Жалпы мекеменің тәрбие бөлімімен бірлесе отырып өткізілетін іс-шараларымыздың басты мақсаты: адасқан жандардың өз қателіктерін түсініп, дұрыс жолға түсуіне себепкер болу. Сондай-ақ, айтылатын имани насихаттарымыз арқылы, олардың рухани иммунитетін көтеру, – дейді Қызылорда облыстық орталық Ақмешіт мешітінің наиб имамы Ислам Маратұлы.
– Мен бұл уақытқа дейін ораза ұстап көрмедім. Бостандықта жүргенде шыдамсыз, қызба көңіл адам едім. Сол қызуқандылықпен жасаған қадамымның нәтежиесінде, міне, темір торда отырмын. Ораза ұстаумен пенде бойындағы құмарлық пен нәпсісін тежеуді үйренеді екен. Ал бұл өз кезегінде сауаптың мол болып, күнәлардың кешірілуіне және шайтанға қарсы тұра білуге себеп. Ауызашар алдында жасаған қылмысыма өкініп, Алла алдағы уақытта дұрыс жолға бастасын деп дұға тілеймін. Сонымен қатар, бүгін ауыз аштырған жандарға алғысымды білдіремін, – дейді Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігі бойынша айып тағылған азамат.