АСТАНА. 22 сәуір. E-ISLAM.KZ – ҚР Дін істері агенттігінің мұрындық болуымен «Орта Азиядағы исламның рөлі» тақырыбында өткен конференцияға Түркиядан арнайы келген Анкара университетінің профессоры, доктор Сөнмез Кутлу мырзамен сұқбат

Атеизм дегеніміз не? Зайырлылық деген ше? Осы екі ұғымның айырмашылығын айтып берсеңіз?

-Атеизм – Құдай жоқ, деген ұстаным. Былайша айтқанда, ешбір дінді мойындамайтын жүйе. Ал зайырлылық дегеніміз, бүкіл дінге түсіністікпен қараймын. Барлық діннің құқығы да, міндеті де тең дегенге келеді. Зайырлылық дінсіздік емес. Осыны нақты білу керек. Мәселен, бір мемлекет өзін зайырлы елмін деп жариялады делік. Тиісінше, бұл ел, ендігіде ел аумағындағы барлық діндерге қысымшылық көрсетпеуге міндеттенеді. Зайырлы елде дін саясатқа араласпайды. Тиісінше, поп тағайындау, мешіт имамын таңдау деген сынды шаруаға мемлекет те араласпауы керек. Бірақ, мемлекеттің тұтастығы, тыныштық деген мәселелер қозғалып жатқанда, ел Үкіметі, кез-келген діни құрылымды тексеруге, бақылауға алуына құқылы. 

Түркияға келсек. Мәселен соңғы кездері естіп жатырмыз, қайсібір діни күштер, діни топтар саясатқа араласа бастады дегенді. Бұл қаншалықты дұрыс нәрсе?

-Мен былай айтар ем. Түріктің 70 пайызы дін ұстанады. Ал дін ұстанатын әрбір түрік, түрлі жамағаттың немесе тариқаттың өкілі. Бұл қалыпты нәрсе. Мұндай жағдай 500 жылдан бері жалғасып келеді. Десек те, иә, қазіргі таңда қайсібір жамағаттар, ағымдар саясатқа араласа бастады. Соңғы жағдайлардан хабардар боларсыздар?! Діни топтар ел саясатына араласып, мемлекеттік құрылымдарға өз адамдарын қойса, қандай қауіп болады дейсіз бе?! Ең алдымен бұл мемлекеттік бір орталықтан басқаруына үлкен зиянын тигізеді. Билік мынадай дүние істеу керек десе, әлгі лаузаымды кісі бұйрықты бірден орындаудың орнына, өзінің шейхынан немесе пірден рұқсат сұрауға көшеді. Бұл үй ішінен үй тігу. Бұл мемлекеттің тұтастығына зиян. Біз қазір осыны көріп отырмыз. Олардың саясатқа араласуы мемлекетке едәуір зиян алып келуде. Бұл мәселенің шешімі мынау, дін жамағаты мемлекет саясатына араласпағаны абзал. Оған берілген миссия – дін тарату, оны түсіндіру, насихатын дұрыс жасау болса, ол сонымен ғана айналысып, мемлекет саясатына мұрнын сұқпағаны абзал. Мемлекет те өз кезегінде дін саласындағы жамағаттың ісіне тікелей араласпауы керек. Қазір Түркияда арнайы басқарма жұмыс істеп отыр. Олар осы діни бірлестіктермен жұмыс жасайды. Бір нәрсені айта кету керек. Діни жамағаттар дін тақырыбындағы әлдебір мәселелеге тікелей тұжырым бере алмайды. Нақтыланған ғылыми тұжырымды академиялар мен ірі білім ошақтары береді. Ислам жамағаттары санаулы әдебиеттің айналасынан шықпайды, ал ислам ғалымдары бүкіл әлемдегі ислами адебиеттердің дәмдісін алады. 

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Есім қоярда естісін таңда

-Діни басқарма деп қалдыңыз ғой. Бұл құрылым қалай Түркияда діни біртұтастыққа қол жеткізіп отыр? Осының сырын айтып беріңізші?

-Түркияда дін істер басқармасы қандай да бір мазхабқа қызмет етпейді, барлық мәзхабтар дінге қызмет етеді. Бұл басқарманың құрылуында үш мақсат бар. Біріншісі ислами жамағаттарды, діни бірлестіктердің жұмысын бақылау, екіншісі исламды танытатын, құлшылыққа дұрыс бағыт көрсететін діни оқулықтар жазу, үшіншісі дінге қызмет етуші ғалым мен жұртшылықты табыстыру. Дінді осы үш бағыт арқылы ұстауға болады. Діннің өзгеше ұстыны болмайды. Айта кету керек, діни басылым болсын тұжырым болсын, қазір осынау дінге қатысты мәселелерді толықтай қарастыратын жеке-жеке институттар құрылған Түркияда. Олардың жұмысы жемісті жүзеге асса діннен келетін қауіптің де болуы мүмкін емес.

-Уақыт бөліп келгеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан: Нұрбек Бекбау.

 

 

 

Пікір жазу