– Смайыл аға, барша мұсылман халқын сағындырған қасиетті Рамазан айы да келді. Рамазан айының мән-маңызы туралы айтып берсеңіз.
– Иә, Рамазан айында ораза ұстау – мұсылмандық бес парыздың бірі. Рамазан айының қасиетті болуының өзіндік себептері бар. Біріншіден, Алла Тағала осы рамазан айында Құранның алғашқы аятын ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) нәзіл етті. Ол 610 жылы 17 рамазан күні болатын. Хира үңгірінде Пайғамбарымызға (с.а.у.) пайғамбарлық келді. Құранда: «Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай…» (Бақара сүресі, 185 аят). Екіншіден, Алла мұсылмандарға бес парыздың бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті. Ораза ұстау 624 жылы шағбан айының 10 жұлдызында әмір етілді. Үшіншіден, Алла өзге үмметтерге нәсіп етпеген, сауабы мың айға татырлық қадыр түнін осы айда біздерге тарту етті. Міне, осындай артықшылыққа ие болған рамазан айы біз үшін қасиетті.
– Шариғатымызда Рамазаннан тыс ораза ұстауға болатын да уақыттар бар екен. Осы турасында тоқтала өтсеңіз. Жалпы ораза ұстаудың маңызы мен сауабы қандай?
– Пайғамбар (с.а.у.) сүннетіне сәйкес әрбір айда нәпіл ораза ұстауға болады. Тіпті, әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері де нәпіл ораза ұстау сүннет. Дегенмен, Пайғамбар сүннетіне сәйкес біздер Ережеп пен Шағбан айында көбірек нәпіл ораза ұстаймыз. Сол секілді Зулхижжа айының алғашқы тоғыз күнінде де нәпіл ораза ұстауға болады. Жалпы алғанда ораза ұстау – ұлық ғибадат. Өйткені, оразаны шынайы сенген адам ғана ұстайды. Бір хадисте АллаТағала былай деген: «Адамбаласының әрбір амалы үшін есе-есе сауап беріледі. Бір жақсылық жасаған болса он еседен жеті жүзге дейін сауап беріледі. Бірақ ораза бұдан бөлек. Өйткені ораза мен үшін ұсталады және оның сауабын мен берем. Себебі аузы берік кісі ішіп-жеуін, нәпсісінің қалауын мен үшін тоқтатады» (Муслим, Сиям).
Ораза ұстаған пенделеріне о дүниеде Алланың тағы бір берер сыйы, жәннәтқа кіретін Райян атты есіктен тек қана ораза ұстаушылар ғана кіретін болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай дейді: «Жәннатта Райян атты бір есік бар. Қиямет күні осы есіктен текқана ораза ұстағандар ғана кіреді. Олардан басқалар кіре алмайды. Ораза ұстағандар қайда? деп шақырылады. Олар да тұрып, сол есіктен кіреді. Ораза ұстағандар есіктен кіріп болған соң есік жабылады және ол жерден басқа ешкім кірмейтін болады» (Бухари, Саум).
Ораза ұстауға ниет білдірген адам бір Алланың разылығын ойлап қана ұстауы керек. Кімде-кім оразаның сауабын шын көңілімен сезініп, ешқандай күмәнға жол берместен ұстаса, шексіз сауапқа кенелетіндей әрі өткен күнәларының да кешірілуіне себеп болары сөзсіз. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім Рамазанның артықшылығына шын көңілден сеніп, ықыласпен ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Саум; Муслим). Ораза ұстаған кісінің өткен күнәлары кешірілгендей әрі денсаулығы да мықты болатындығы мына бір хадисте баян етіледі: «Ораза ұстаңыздар, денсаулықтарыңыз жақсы болсын»(Кәшфул хафа). Бірақ, ораза ұстаған кезде диета ниетімен ұсталатын болса, оның сауабы болмайды. Себебі, ораза денсаулық мықты болсын деп емес, бір Алланың разылығы үшін ғана ұсталатын амал.
– Жыл өткен сайын елімізде Рамазан айында ораза ұстаушылар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Оқыған намазы болмаса да, олардың да ораза ұстауына бола ма, сауабы қаншалықты?
– Расында да, бұл – қуантарлық жағдай. Өйткені, имандылыққа бет бұрған жан жамандық атаулыдан мейлінше алыс тұрады, ешкімнің ала жібін аттаумауға тырысады. Отанын, елін сүйетін, ел үшін аянбай еңбек ететін азамат болады. Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінейік. Исламның бес парызы бар: Алланың бар және бір екеніне сену, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару. Аллаға иман еткен мұсылман пенде аталған парыз амалдың бірін орандаса, соның сауабын алады, орындамаса, күнәсін алады. Сондықтан намаза оқымағанның оразасы пайда бермейді деу қателік. Пенденің ұстаған оразасына Алла сауап жазса, оқымаған намазы үшін күнә жазады.
– Оразашы адам осы айда ең алдымен не нәрселерді ерекше ескеруі тиіс?
– Аузы берік адам ең алдымен тіліне ие болуы тиіс. Бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстауы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаға қажет емес» (Ахмед ибн Ханбал). Келесі бір хадистерінде: «Небір ораза ұстағандар бар. олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай табысы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай табыс таппайды» (Ибн Мажә). «Кімде кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: Мен оразамын десін»(Бухари) деп өсиет етеді.
– Ауызашар мен сәресі кезінде қандай ас-тағам түрлерін тұтынған дұрыс?
– Сәресіне тұру – сүннет амал. Себебі, сәресінде береке бар. Ең болмаса, бір жұтым су болса да ішкен жөн. Оразаның мақсаты – аштық пен сусыздыққа төзу. Олай болса, сәресінде тойып алу шарт емес. Жеңіл ас ішу жеткілікті. Ауызашар сәтінде мүмкіндік болса, сүннетке сәйкес құрмамен ашқан дұрыс. Ал асқа келер болсақ, бұл енді әркімнің қалауы мен жағдайына сәйкес болады.
– Ал ораза ұстауға шамасы келмейтін, сырқат адамдардың жағдайы қалай болмақ?
– Созылмалы ауруларға шалдыққан азаматтар бар, айталық, инсультпен, қан диабеті, өкпе ауруымен немесе онкологиялық аурулармен ауыратын жандар үнемі емделіп, дәрі қабылдап, режиммен отыруға мәжбүр. Немесе айықпас дертке ұшыраған адамдар болады. Сол секілді қарт кісілердің бәрі бірдей ораза ұстауға шамалары келе бермейді. Ондай кісілер не істейді? Бұл тұста Алла Тағала адамдарға тағы бір жеңілдікті береді. Ол «фидия» деп аталады. Алла Тағала ондай жандарға: «Таңертең және кешке бір жарлыны, кедейді тойдырсын» дейді. Немесе таңғы ас пен кешкі асқа кететін ақшаны жарлы адамға беруге болады. Егер ораза тұта алмайтын болса, жарлыны тамақтандыруға да жағдайы келмесе, Алладан кешірім сұрайды. Алла Тағала кешірімді. Өйткені Құранда: «Сендердің шамаларың келмейтін нәрседен жауапты етпеймін» дейді.
Ораза уақытында тағы бір мынадай мәселе болуы мүмкін. Мәселен, ауыр жұмыста істейтін азаматтар бар. Басқа табыс көзі жоқ, амалсыз күннің ыстығында, қырда, далада ауыр еңбекпен айналысатын. Олар күннің ыстығы мен ауыр жұмысқа қиналып, шыдамауы мүмкін. Шариғат өзін қинап жасайтындай құлшылықты талап етпейді. Ондай жандарға ауыз ашуға рұқсат береді. Бірақ кейін оның қазасын өтейтін болады.
– Қасиетті айдың құрметіне қандай игі шаралар жоспарлап отырсыздар?
– Рамазанда ең әуелі мешіт ауласында отыз күн ораза ұстаған жамағаттың ауыз ашатын мүмкіндігін жасау. Осы мақсатта қала мен аудан орталықтарында ауызашар ұйымдастырылады. Өңірдегі 15 мешітте тарауих намазында Құранды хатыммен оқитын боламыз. Бұдан бөлек, қалыптасқан игі дәстүрге сай мұқтаж жандарға қайырымдылық шарасын өткізу жоспарда бар.
– Алла игілікті істеріңізге мол сауаптан жазғай! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ