Сұрақ: Шетінеген балаға жаназа оқыла ма?
Жауап: Ислам шариғатында балиғат жасына толмаған, яғни құлшылық міндеттелген жасқа жетпеген сәбилер күнәсіз, пәк саналады. Шариғатта сәби кезінде шетінеген бала ақыретте ата-анасы үшін шапағатшы болады. Пайғамбармыздың (с.а.у) хадисінде: «Қандай да бір мұсылман адамның үш баласы балиғатқа жетпей қайтыс болса, Алла оларға деген мейірімімен ол адамды жәннатқа кіргізеді», деген.
Шетінеген бала туылған кезде жыламаса, тіршілік белгісі байқалмай, өлі туылса, есімі қойылып, бір таза матаға орап жерленеді. Жаназа намазы оқылмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде: «Сәби дүниеге келген сәтте, шырыл білдірместен шетінесе, оған намаз оқылмайды….» деген.
Егер нәресте тірі туылып сосын қайтыс болса, даусы естілсе немесе тіріліктің белгісі байқалса, оған есім қойылып, жуындырылып кебінделеді. Жаназа намазы оқылып, жерленеді.
Икрам АЙТАЕВ