Әһли сунна уәл жамағат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың және сахабалардың жолын ұстанушылар, сондай-ақ амалдық және сенімдік мәселелерде осы жолға сәйкес амал етуді жөн көретін жамағатты білдіретін ұғым. Қазіргі таңда сүннет жолын ұстанушылар саны 1.8 миллиардқа жуық болып, негізгі 4 мектептен қалыптасып отыр.
Мәзһабтар тарихшыларының зерттеуіне қарағанда Әһли сунна уәл жамағат немесе хақ 4 мәзһаб түсінігі қалыптасу барысында бірнеше кезеңнен өткен.
1-кезең. 7-8 ғасыр «Жамағат – Фырқа кезеңі»
Бұл кезең әділетті 4 халифа заманынан (632-661) кейінгі басталған саяси және діни тартыстардың аяқталу және мұсылмандардың бір ту астына жамағат болып жиналуымен байланыстырылады. Бірінші үлкен фитна атымен тарихта қалған тұрақсыз 5 жылдан кейін, мұсылман қауымы ендігі бір тұтастықты қалап Хз. Мағауияның халифалығын (661-680) мойындау арқылы бірігуді алға тартқан еді. Бұл дәуірде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жолынан ерген қауым «жамағат» деп аталса, ал бұл жамағаттан бөлінген топтарға «фырқа» деген атау беріліп, ақ пен қараның ара жігі ажыратылып отырылды.
2-кезең. 8-9 ғасыр «Сүннет қауымы және Бидағат қауымы»
Бұл кезең Әмәуи халифасы Омар б. Абдулазиздің (717—720) билік еткен уақытынан бастау алады. Ислам тарихында 5-ші Әділ Халиф лақабымен танылған Омар халифа, әмәуилердің жүргізген ұлттық және діни саясатын сынап, радикалды харижи топтармен күресу үшін бірнеше маңызды қадам жасайды. Соның бірі Шихаб әз Зухри есімді табиғин ғалымға, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерін бір кітапқа жинауды бұйырады. Осылайша дұрыс жолды анықтау үшін, сүннет түсінігін ресми түрде қалыптастыруға көңіл аударды. Сүннет жолын ұстанбағандарға келер болсақ, бұл топқа «бидағатқа ерушілер» ретінде бағаланды. Бұл уақытта Пайғамбар мен сахабалардың жолынан ерушілерге «Әһли-сунна» ұғымы қолданылса, бұл топқа кірмейтіндерге «Әһлул-бидағат» деген ат тағылған еді.
3-кезең 9-13 ғасыр. Аббаси (750-1258) және Фатими халифаты (909-1171) арасындағы саяси және діни үстемдік үшін тартыс кезеңі.
Ислам дінінің негізгі екі бағытының бірі – шиалық Фатимилер, 10-шы ғасырда жеке мемлекет болып құрылған еді. Шииттік биліктің құрылып, күшті мемлекетке айналуы Ислам әлемінде жаңа өзгерістерге себеп болған еді. Солардың бірі, шиалық мемлекет құрылуымен, Сунни бағыттағы Аббасилердің саяси әрі діни бәсекелестеріне айналуы болды. Осылайша діни тартыстар ресми түрде саяси аренаға ығыса бастады.
Әлемнің түкпір-түкпіріне жорық жасаған моңғолдардың тарихи сахнаға шығуы жағдайды одан әрі күрделендірді. Моңғол шапқыншылығының нәтижесінде құлдыраған Аббаси халифатының орнына Мәмлүктер (1250-1517) келіп, олардың дәстүрін жалғастырды. Осы мәмлүктер заманында Әхли сунна уәл жамағат немесе 4 хақ мәзһаб түсінігі қалыптасуы үшін алғышарттары қалыптаса бастаған болатын. Әсіресе Мәмлүк сұлтаны Бейбарыс тұсында (1260-1277), қазылық қызмет үшін 4 мәзһабтан қазылар тағайындау шешімі қабылдануының орны ерекше еді. Осы үрдістің басталуымен 4 мәзһаб ғұламалары, Мұхаммед пайғамбар және сахабалардың жолын сақтаушы әрі қорғаушылары ретінде таныла бастады. Осылайша Қазақ жерінен шыққан Бейбарыс Сұлтанның Әхли сунна уәл жамағат немесе хақ 4 мәзһаб түсінігінің қалыптасуында маңызды орны болғанын көре аламыз.
Медет СӘДІБЕКОВ, дінтанушы