ҚХА Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы, Дін мәселелерін зерттеу ассоциациясының исламтанушы-сарапшысы, Халықаралық сертификатталған кәсіби медиатор Шерзод Пулатовпен әңгімеміз қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы, этносаралық келісім саласындағы зерттеулер, еліміздегі діни ахуал, еріктілер жылы, медиация және еліміздің тарихындағы тұңғыш рет өткелі жатқан праймеризге қатысудағы басты мақсаты төңірегінде өрбіді.
Түрлі мемлекеттік қызметте істеген білікті маман
– Шерзод Аббозұлы, өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қайда білім алдыңыз, қызмет жолыңыз қашан басталды?
– Шығыстану (исламтану) және құқықтану мамандығы бойынша жоғары білімім бар. Пәкістан Ислам Республикасы, Исламабад қаласындағы Халықаралық ислам университеті «Шариғат және құқық» факультетінің «Ислам құқығы және құқықтану» мамандығы бойынша Ph.D докторантымын. Халықаралық тілдер институты «Ағылшын және араб тілдерінің аудармашысы» мамандығы бойынша білім алдым. 2015-2016 жылдары Нью-Йорктегі «Planning Change» орталығының және Нью-Йорк «Peace» институтының медиация бойынша магистр дәрежесіне ие болдым.
2019 жылы Сербияның Белград қаласында өткен курста Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) бағдарламасы бойынша ұзақ мерзімді сайлау бақылаушысы сертификатын және Халықаралық заңгерлер комиссиясы (ICJ), заң бойынша мигранттардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық сертификатына ие болдым.
Еңбек жолымды Жамбыл облысы Салық комитетінде бастадым. Кейінгі жылдары түрлі өндірістік және коммерциялық кәсіпорындарда басшылық қызметтерін атқардым. 2014-2015 жылдар аралығында ҚР Дін істер агенттігінің РММ «Ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» Исламды зерттеу бөлімінің басшысы және ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы лауазымдарын атқардым.
2017 жылдан 2018 жылға дейін «Діндерді зерттеу орталықтарының қауымдастығы» бас сарапшысы ретінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жобалары бойынша жұмыс істедім. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Согласие» (Келісім) халықаралық құқық және медиация орталығының атқарушы директоры, халықаралық медиатор-жаттықтырушы ретінде жұмыс істеп келемін.
2018-2020 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы Өзбекстан Республикасының «Андижонйуллойиха» жобалау институты филиалының директоры болдым. 2019 жылы «Eurasian Expert Council» қоғамдық қорының «QORGAU» жобасының адам құқықтарын қорғау бойынша кеңесшісі болып жұмыс істедім. Қазіргі күнде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық бөлімінің басшысы болып қызмет атқарудамын.
Мектептің мақсаты – отансүйгіштік рухында тәрбиелеу
– Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы және ҚР «Дустлик» республикалық өзбек қауымдастығы жастар қанатының жетекшісісіз. Орталықтарыңызда руханиятқа, бірлік пен патриотизмге байланысты қандай шаралар өтіп тұрады?
– Орталықта екі шығармашылық топ құрылған: «Пойтахт» вокалдық-аспаптық ансамблі және «Астана Ғунчалари» би ансамблі. Ансамбльдердің жұмыстары қалалық және республикалық ұйымдардың дипломдарымен және мадақтамаларымен марапатталған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық іс-шарасы мен фестивальдарына белсенді түрде қатысып келеді. Сондай-ақ, 2017, 2018, 2019 және 2020 жылдары шетелдік қонақтардың қатысуымен «Шығыс жұлдызы Науаи» атты халықаралық әдеби-рухани кеш ұйымдастырылды.
Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығы аясында 2015 жылдан бастап «Зиё» атты этнолингивистикалық өзбек жексенбілік мектебі жұмыс істеп келеді. «Зиё» мектебінің негізін қалаушысы – қоғам белсендісі Ихтиёра Ходжаева.
Мектептің мақсаты – өзбек ұлтының құндылықтарын, ана тілін және мәдениетін үйрету, жас ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеу. Мектеп 2017 жылдан бастап мемлекеттік қолдауға ие болды. Қазіргі күнде мектепте 60-тан астам бала білім алуда. Өзбек тілі мен әдебиеті, тарих, әдептану, қолөнер сабақтарында ұстаздар балалардың білімділік, шығармашылық, іскерлік және әдептілік қабілеттерін арттыру үшін жалықпай еңбек етеді.
Бұдан басқа, балалар мектепте вокал, хореография мен ұлттық аспап – доира қағудың қыр-сырларын үйреніп жатыр. Сабақтар қазақ, өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді.
Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді тұрақтандырушы орталық
– Орталықтың қоғам өміріндегі орны қандай?
– Орталығымыз этникалық тұтастықты сақтауды, өзбек ұлттық мәдениеті мен тілін сақтау мен дамытуды, өзбектердің Қазақстандағы этникалық топтардың бірі ретінде рухани жандануын, өзбектер бостандығы, саяси, әлеуметтік және басқа да құқықтарын жүзеге асыруды және қорғауды мақсат етеді. Осыған қоса ұлттық сананы, діннің, этникалық дәстүрлер мен кедендіктің дәстүрін және қазіргі заманғы нысандарын дамытуды да негізгі мақсатымызға айналдырдық.
Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді тұрақтандыру үшін республикалық және жергілікті бағдарламаларды жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық үкіметтік ұйымдар бірлесе отырып, шараларға белсене қатысып жүр.
Қазақстан халықтарының бейбітшілігі мен достығын насихаттауға, сонымен қатар қайырымдылық жұмыстарына атсалысады. Халықаралық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді.
Елімізде діни ахуал тұрақты
– Мемлекеттік қызметте дін саласында да жұмыс істедіңіз. Жалпы, еліміздің діни ахуалына көңіліңіз тола ма? Не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?
– Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, барлық діни бірлестіктер заң алдында тең, құқы бірдей. Сол секілді Қазақстан азаматтары да дін ұстану құқы жағынан тең.
Қазақстан халқы еліміздегі діни ахуалды тұрақты деп санайды. Еліміздегі діни ахуалға тоқталатын болсақ, бұл жағдай бізде тұрақты. Мемлекет пен конфессиялар арасындағы, сондай-ақ конфессиялар арасындағы өзара қатынастар сындарлы мәнге ие.
Бүгінде халқымыздың басым бөлігі діни жағдайды тұрақты деп бағалайды және осы салада мемлекеттің саясатын қолдайды. Еліміздегі түрлі діндер мен конфессиялар өкілдері арасында тиімді өзара іс-қимыл мен бейбіт қатар өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптасқан. Бұл өз кезегінде Қазақстанда діни жағдайдың тұрақтылығына ықпал етуде.
Этносаралық келісім саласында әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі
– «Қоғамдық келісім» РММ ғылыми-зерттеулерді үйлестіру жұмыстары қалай жүзеге асып келеді?
– Бүгінгі күнде «Қоғамдық келісім» РММ ҚР Ақпараттық және қоғам министрлігінің құрамына кіреді. Бұл республикалық деңгейде жұмыс жасайтын мемлекеттік мекеме. Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың республикалық конкурсы жыл сайын Тұңғыш Президент күніне орай өткізіліп келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы, сонымен қатар, этносаралық қатынастар саласындағы проблемалар, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік тақырыбы бойынша ғылыми зерттеулерді іске асырылуда. Қазіргі күнде ғылыми зерттеулерді үйлестіру үшін арнайы «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ашылып, осы бағытта жұмыс атқарып келеді.
2019-2021 жылдары қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың конкурсын ұйымдастырып, өткізу белгіленген. Соның аясында ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумы да өтпек.
Қазақстан халқы Ассамблеясы шетелдік қонақтардың қатысуымен «Қазіргі ментальдықтағы этикалық және конфессиялық: әдіснама және зерттеу сұрақтары» халықаралық ғылыми-практикалық семинарын өткізуді жоспарлап отыр.
ҚХА жүйелі түрде қоғамның көңіл күйін зерттеу, этносаралық келісім саласында жыл сайын түрлі кешенді әлеуметтік (социологиялық) зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл жұмыс республикалық қаржыландырудың арқасында алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Әлемдегі әрбір сегізінші жан қазақстандық ерікті
– «2020 жыл – Еріктілер жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?
– Еріктілер жылы туралы айтпас бұрын, «ерікті» сөзінің мағынасын түсініп алайықшы. Еріктілер дегеніміз – өз еркімен, яғни, саналы түрде айналасындағыларға үздіксіз көмектесіп жүретін жандар. Олар жастар да, үлкен кісілер де болуы мүмкін. Шындығында, жас айырмашылығында ешқандай шектеу жоқ. Тек, жүрегімізде өзгеге көмектесуге ниет болса болғаны.
Тұңғыш Президент-Елбасының ресми сайтында өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келе жатқаны мәлім. Бұл өте қуантарлық жағдай.
Аймақтардағы Достық үйлерінде Еріктілер жылына орайластырылған Бірыңғай ашық есік күні өтті.
«Ел бірлігі – оның әралуандығында!»
– Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі үшін не қажет деп ойлайсыз, сондай-ақ бірлік пен ынтымақтастықты дамытуға байланысты не айтар едіңіз?
– Бір тілде сөйлемеген халық біріге алмайды. Сондықтан Қазақстан халқы, барлық этнос өкілдері мемлекеттік тіл төңірегінде ұйысуы қажет деп санаймын.
Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы татулық – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі маңызды рөлін айқындап, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет.
Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Біздің еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін сақтауға және дамытуға жақсы жағдай жасалған. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп ойлаймын. Мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз бірігіп жұмыс жүргізуіміз керек.
Қазақстанның берік ұстанымы – ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім.
Қазақстанда түрлі наным-сенімді ұстанатын көптеген этностар мен ондаған діни конфессиялар бейбіт қатар өмір сүріп, оның саяси тұрақтылығына, экономикасы мен мәдени дамуына жұмыла үлес қосып келеді.
Еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет болғаннан кейінгі негізгі мақсаттарының бірі – халқымыздың Тәуелсіздік туы астында өзара тату-тәтті әрі бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету болса, қазір Қазақстанда жасампаздық пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің әлемдік моделі қалыптасты.
Қазақстан қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың қасиетті ордасы екенін әйгілі етті. Дін еліміздегі бірліктің рухани тірегі болып, халықтың ынтымағы мен тыныштығы үшін қызмет ететін негізгі міндетін мінсіз атқарғанының нәтижесінде Қазақстан осындай биіктерге қол жеткізгені анық.
Медиация – дауларды бітімгершілік рәсімдермен шешу
– Халықаралық сертификатталған кәсіби медиатор ретінде медиация жайлы оқырмандарға кеңірек ақпарат беріп өтсеңіз…
– 2011 жылы ҚР «Медиация туралы» Заңы қабылданғаннан кейін, бұл институт прогрессивті дамып, түрлі алаңдарда қолданыла бастады. Бүгінгі күні медиация өзінің негізгі бағыттарынан басқа білім беру жүйесінде, медицинада және армия құрылымдарында дамып келеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі міндеттері қоғамдағы жанжалдарды соттан тыс шешу жолымен азайту, сондай-ақ еңбек және басқа да дауларды бітімгершілік рәсімдері, соның ішінде медиацияның қатысуымен шешу мүмкіндіктерін арттыру.
Қазақстан халқы Ассамблеясының инклюзивті медиация желісі – осы институтты дамытуға және қолдануға ықпал ететін маңызды буын.
Бүгінгі таңда ҚХА жанында барлығы 1 411 медиатор тіркелген. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Ассамблея медиаторларына 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың ішінде 5 321 өтініш беруші кеңес алып, 4724 өтініш оң шешімін тапқан. Бұл ҚХА медиаторлары соттан тыс тараптарға жанжалдан келісімге дейінгі күрделі жолдан өтуге көмектескен даулар мен олардың арасында еңбек даулары да бар. Тек медиация көмегімен шешілген ақшалай талаптардың сомасы 20 миллион теңгеден асты.
Осы бағыттағы Ассамблеяның тиімді жұмысын ерекше атап өткім келеді. Елордада 3 медиация кабинеті жұмыс істейді. Олар Достық үйінде, «Есіл» ауданы әкімдігінде және «Nur Otan» партиясы филиалында. Сонымен қатар, астаналық Ассамблея білім берудегі жанжалдардың алдын алу мен шешуге ерекше назар аударатындығын атап өткен жөн. Бірнеше елордалық мектепте пилоттық негізде медиация кабинеттері құрылды.
Медиаторлардың үйлестіру орталығын құру қажет
– Кәсіби медиатор ретінде ұсыныстарыңыз бар ма?
– Жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, біз айтуға тиіс проблемалық мәселелер де бар. Мысалы, көптеген жылдар бойы кәсіби және қоғамдық медиаторлардың жұмысын үйлестіру үшін бірыңғай орталықтың (уәкілетті органның) жоқтығы туралы мәселені көтеріп келеміз.
Қоғамдық медиаторларды айтпағанда, кәсіби медиаторлардың жұмысын толық көлемде көрсету мен үйлестірудің мүмкіндігі жоқ. Тағы бір маңызды мәселе – елде медиаторларды дайындау мен сертификаттау (аттестаттау) бойынша орталықтандырылған оқыту орталығының болмауы. Медиаторлардың базалық курстары көптеген жерде өткізіледі және кәсіби медиаторлар сертификатын алу өте маңызды.
Мәселен, жалақысы әрі біліктілігі аз тренерден білім алып және ол тренер тек пайда табу мақсатында жұмыс істейтін болса, қоғамда сапасыз тренер көбейетіні белгілі. Нәтижесінде, қоғам алдындағы қызметіміз қоғамда сындарлы диалог дағдыларын қалыптастыруға және жанжал жағдайларына жәрдемдесуге бағытталған институт ретінде емес, ақша табу бойынша кезекті жаңалық ретінде көрінеміз. Мұндай тәсіл медиация қағидаларының құндылығын бұрмалайды әрі адал медиаторлар қызметінің беделін түсіретін факторы болып есептеледі.
Осыларды негізге ала отырып, медиация саласындағы қызметті жетілдіру мақсатында медиаторлар және медиативтік жұмысқа қатысы бар мемлекеттік құрылымдар жоғарыда аталған проблемалық мәселелерге назар аударуы қажет.
«Иман – адамның жадында жасырынып тұрады»
– Дін еліміздегі бірліктің рухани тірегі деп жатырсыз. Ал, имандылық пен адалдық дегенді қалай түсінесіз?
– Имандылық күллі тәрбиенің – атасы. Жаратушымызға жүректегі сенім, сонымен бірге адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені, адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты.
Халқымыз қайырымды, мейірімді жанды «адамгершілігі мол адам» деп дәріптеген. Қайырымды-мейірімді жан – өзгелерді, басқа адамдарды ойлап, соларға қол ұшын беруші жан. Ал, адамдардың қамын жеу дегеніміз адамгершілікке келіп саяды. Адамгершілік – адамның рухани арқауы.
Имандылық болса, адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, мейірімділікке тәрбиелеудің синонимі ретінде байқалады. Әрине, имандылық бұлардан алыс емес, керісінше осыларды жүзеге асырудың сара жолы деп қараған жөн.
Имандылық үлкенді сыйлау, ұят, ар-ожданды білу, инабатты болу осы тәрбиеден басталады. Өйткені, ар-ұят, ождан – иманның кілті. Имандылыққа деген ұмтылыс адам бойындағы табиғи құбылыс.
Иман төрт жерде сақталады: көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят – көзде, бетте, санада сақталады. Осыған байланысты Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ислам – нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады» – деген.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі – жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
Ал адалдық жайында айтатын болсақ, ол – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті. «Адалдық» деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік секілді игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық – пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді т.б. асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады.
Адалдық турасында: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, ғибадат пен адалдық ар үшін жи» деп айтылған нақыл сөзде, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше көңіл бөлінеді.
Мақсатым – депутат болу емес, қоғамға пайда келтіру
– Елбасының тапсырмасы бойынша жақында «Nur Otan» партиясының саяси кеңесі бекіткен, партияішілік іріктеу өткізу басталғаны бәрімізге белгілі. Праймеризге қатысудағы басты мақсатыңыз не? Және алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Иә, «маған достарымнан, ұстаздарымнан, әріптестерімнен және туыстарымнан көптеген қоңыраулар түсті, олар мені бірауыздан «Нұр Отанның» ұйымдастырып жатқан праймериз бастамасына қатысуға шақырды. Шешім қабылдаған кезде мен әрқашан көптің пікірін ескеремін – бұл менің өмірдегі сенімдерімнің бірі.
2009 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының, 2010 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының, 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің және ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту дәстүрін жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Білім және ғылым министрлігі (уәзірлік) комиссиясының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы ғылыми-сараптамалық тобының құрамындағы жұмысым, жалпы түрлі тәжірибем барлық мәселелер бойынша оңай әрекет етуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Себебі, проблемаларды іштей білемін. Айтып өткен тәжірибелер біздің еліміздің дамуына үлкен үлес қосуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Мемлекеттік органдарда көп нәрсені өзгерткім келеді. Алайда, қоғам белсендісі ретінде бұл өте қиын, өйткені бізге жоғары лауазымдардағы өзекті мәселелерді болжауға мүмкіндік беретін нақты құзыреттер қажет. Менің талқылап, шешімін тапқым келетін алғашқы мәселелердің бірі – білім саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі.
Сонымен қатар, мен де осы индикаторлардың төмендеуіне қалай атсалысу туралы ұсынысым бар және өзім әзірлеген механизмнің іске асырылуын тікелей бақылауға дайынмын.
Партиядағы жастар мен әйелдерге квота белгілеу – өте жақсы бастама деп ойлаймын, бұл халықты сөзсіз шабыттандырады. Сонымен бірге, әртүрлі этностар өкілдерін ынталандыру және еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы үшін елдегі барлық этностарға квота бөлу қажет деп санаймын. Менің туыстарымның кеңестеріне сүйеніп, тәжірибем мен дағдыларымды ескере отырып, өзім үшін маңызды шешім қабылдадым – мен өз кандидатурамды «Нұр Отанға» ұсынуды шештім.
Менің шешімімнің мақсаты – депутат болу емес, қоғамға пайда келтіру. Сонымен қатар, менің қабілетіме, достарыма және пікірлестеріме арналған сынақ деп түсінемін. Сондай-ақ индикаторлардың нәтижелері менің туыстарым мен барлық жақын адамдарымның маған деген шынайы қарым-қатынасын айқын көрсетеді.
Біз тек бірлікте ғана өмірімізді жақсы жаққа өзгерте аламыз. Мен шын ниетпен елімізді күшті, біртұтас, барлық жағынан жақсы етіп жасағым келеді. Алланың көмегі мен Сіздердің қолдауларыңызбен міндетті түрде жетістікке жетемін деп ойлаймын!
– Әңгімеңізге рахмет. Еліміздің бірлігі жолындағы игі істеріңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Руслан БЕГЕН