Ханафи мәзһабы бойынша құрбандық Құрбан айт намазынан кейін мерекенің үш күнінде шалынуы тиіс. Бірақ, Құрбан айттың алғашқы күні шалынса құба-құп. Сондай-ақ, құрбандықты Құрбан иесі шалса нұр үстіне нұр. Құрбан шалу қолынан келмесе, басқа мұсылман бауырына аманаттауына болады. Құрбандық малды жүзін құбылаға қаратып, Құрбандық шалушы мұсылман: «Аллаһумма һаза минка уам илайка» (Аллаһым бұл сенен және саған арналады) дегеннен кейін, «Инни уажаһтү уажһиа лилази фатарассамавати уал арда ханифан уама ана минал мүшрикин» (Күмәнсіз мен тауһидшіл ретінде жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаһқа бұрдым. Мен мүшірік емеспін) және «Инна салати уа нусуки уа маһиайа уа мамати лиллаһи Раббил аламин ла шарика лаһ» (Намазым, ғибадаттарым, өмірім мен өлімім, әлемдердің Раббысы болған Аллаһ үшін) деген аяттар оқылып, «Биссмиллаһ Аллаһу Акбар» деп құрбан шалынады. Басқа бір мұсылман адамға құрбанды шалдыратын болса, екеуі бірге «Биссмиллаһ Аллаһу Акбарды» бірге айтады. Жоғарыдағы аяттарды білмегендер жүрекпен шын ниетімен «Биссмиллаһ Аллаһу Акбар» деп құрбанды шалуы керек.
Құрбан шалу барысында құрбандық малға көрсетіп пышақ қайрауға, құрбандық малға езгілеуге болмайды. Құрбан шалынар жердің таза болғаны жөн. Құрбан шалар адамның бұл шарттардан хабары болуы керек. Құрбан шалынып болғаннан соң, қан шыққан жер тазалануы тиіс.
Жабир (р.а): «Алла Елшісі (с.ғ.с) Құрбан айт күні мүйізді, семіз екі қошқарды құрбандыққа шалды. Құрбанды шаларда: «Мен жүзімді көктер мен жерді Жаратушыға бұрдым. Мен Аллаһқа серік қосқандардан емеспін. Намазым, өзгеде ғибадаттарым, саулығым және өлімімді бүкіл әлемнің Раббысы болған Аллаһқа арнаймын. Оның серігі жоқ. Және мен мұсылманмын. Уа Раббым! Құрбан Сенен. Сен үшін шалынады. Мұхаммед (с.ғ.с) және үмбетінің атынан Биссмиллаһ Аллаһу Акбар» деп құрбанды шалды» деп Хақ Елшісінің (с.ғ.с) қалай құрбан шалғанын жеткізеді.
Құрбандық малдың терісін илетіп намаз оқитын жайнамаз ретінде қолдануға немесе сатып ақшасын ғарып-міскінге садақа етіп беруге болады. Яғни, құрбандық малдың терісін сатып ақшасын өзіне жұмсауына болмайды. Сондай-ақ, құрбан шалған мұсылман екі рәкат намаз оқып, Ұлы Жаратушыға мадақ айтып, құрбандықтың қабыл болуына дұға жасағаны абзал.
Мұхан Исахан