Бұл пікір ақиқатқа сай келмейді. Себебі, Орталық Азия мен Шығыс Түркістан аумағындағы түркі халықтарының исламдануы ІХ ғ. аяғы мен Х ғ. бас кезінде етек алып, Қараханидтер мен Селжұқ мемлекеттік бірлестігі тұсында бұл процес негіздік дамуға ие болды. Қазақ халқы біріңғай көшпенді болмаған. Әйтпесе, қала мәдениетінің, қалалық өркениеттің нышандарына бай Тараз жеріндегі Баласағұн, Атырау өлкесіндегі Сарайшық қалалары құрылмас еді.

Ислам тарихына үңілген адам Құранның араб тілінде, әсіресе, бедеуи арабтарға түсінікті тілде түскенін байқайды. Бедеуи сөзінің терминдік мағынасы «көшпенді» дегенді білдіреді. Ол жөнінде Құранда көптеген дәлелдер бар, соның біреуімен шектелсек: «Бедеуилер «Біз мүмін болдық» деп айтты…» («Хужурат» сүресі, 14-аят),-деп, көшпенді арабтардың мұсылман болғандығын көрсетеді. Бұл аяттан Ислам діні тұрғылықты халықтарға да, көшпенді халықтарға да бірдей үйлесімді дін екені анықталады. Олай болса, бедеуи арабтар ислам құндылықтарын өз мәдениеттеріне қалай сіңірсе, көшпенді қазақтарға да оның шариғи құндылықтарын ұстану, салт-дәстүріне сіңіру дәл солай жеңіл, қолайлы болады деген тұжырым шығады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Өмірімді тек құлшылықпен өткізуге Ислам қалай қарайды?

Кеңес өкіметі атеизмді ту етіп, социялистік жүйені орнату арқылы қазақ даласын отарлау үшін, қазақ халқы Исламды толық орындамаған, шариғатқа енжар қараған деген сияқты пікірлерді таратты. Ондағы мақсаты қазақтың рухын әлсірету еді. Алайда, тарихымызға үңілсек қазақ мәдениеті исламның кемел қағидаларынан, рухани құндылықтарынан нәр алғанын оңай байқауымызға болады.

Ислам дінінің негізі Құран мен хадистерде Исламның адамзатты екі дүниенің бақыты мен рухани кемелдікке жетелейтін дін екенін баян етеді. Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с); «Ақиқатында Ислам діні – жеңіл дін. Кім оны өзіне қиын, күрделі етіп алатын болса, ол адам түбінде жеңіледі. Сондықтан, дінді жеңіл етіп жеткізіңдер, ауырлатпаңдар. Қуантып айтыңдар, қашырып жібермеңдер!» деген сөзі Ислам дінінің кез келген қауымның сұранысы мен кез келген заман талабына жауап беретін, кемел дін екендігін көрсетеді. 

Ершат Оңғаров

 

 

 

Пікір жазу