Елордадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде қазақ топырағындағы қайраткерлердің діни танымын саралап, абайтану жолында талаптанып жүрген журналист Оразбек Сапарханның жамағатпен кездесуі өтті.
Құптан намазынан кейін өткен жамағатпен жүздесуде Оразбек Сапархан діни ортаға қажетті іргелі екі еңбек жөнінде мағлұмат берді.
«Азаматтарды жат ағымнан сақтандыру, әсіредіншілдік пен теріс танымдарға жол бермеудегі қазақ халқының сан ғасырлық тарихи төл тәжірибесінің маңызы айрықша. Әсіресе таяу заманғы тарихымызда Абай мектебінен нәр алған ғұламалардың еңбегін елемей кетуге болмайды. Бүгінгі дін сан алуандық аясында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу мәселесінде Абай шәкірті, көрнекті Алаш қайраткері, ғұлама ғалым, ірі ойшыл, дін білгірі Шәкәрім қажы «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» еңбектерінің алатын орыны орасан» деді ол.
Оразбек Сапархан бұл еңбектердің қазақ қоғамында қалыптасқан күрделі діни ахуалдарды реттеудегі маңызына тоқталып, кітаптың танымдық, мазмұндық, стильдік ерекшеліктерін ашып айта отырып, «Мұсылмандық шарты» еңбегінің қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне байланысын, ой жүйріктігін, діни шаблондардан ада айырықша сипатын атап өтті. Басқа халықтардың мәдениеті мен ойлау жүйесінен ада қазақы таным мен ойлау жүйесі негізінде жазылған еңбектердің бүгінгі Қазақстандағы мұсылмандардың дінде шектен шықпауына, жат ағымның жетегінде кетпеуіне, тіпті түсінуге оңай, игеруге икемді мазмұндық ерекшеліктерін ескермеуге болмайтынын тілге тиек етіп, «Мұсылмандық шартының» мешіт-медреселерде оқулық болуға сұранып тұрған еңбек екенін жеткізді.
«Үш анық» – мұсылман әлеміндегі ХХ ғасырдың алдыңғы ширегінде жазылған ірі еңбек. Кеңестік кезеңдегі құдайсыздандыру саясаты тұсында бұл еңбек өз бағасын ала алмады. Ол кездегі жүйге керек болған жоқ. Енді біздің діни өмірімізді реттеуде дүниежүзіндегі ірі ағымдар мен көзқарастарды сараптау негізінде жазылған ірі еңбектің лайықты бағасы берілуі тиіс» дей келіп, кеңестік кезеңде лайықты бағасын ала алмаған екі еңбектің дінтану саласында тиісті тарихи бағасын алу керектігін айтты.
Рухани шарадан мол мағлұмат алған жамағат мешіт бастамасына дән ризашылығын білдірді.