Күндердің күнінде бір шалғай ауылда күш қуаты тасыған бір жігіт болыпты. Ол қашанда жүрген жерінде:
– Әттең, шайтан малғұнның маған көрінбейтінін қарашы. Егер онымен кездесетін болсам сазайын беріп, әбден жұдырықтың астына алар едім, дейді екен. Содан бір күні дегеніне жетіп шайтан оған адам кейпінде көрінеді.
– Мен – шайтанмын. Сен бе менің сазайымды беремін деп жүрген? Қанекей, кел бері…
Сөйтіп, екеуі алысып, ақыры әлгі жігіт күш қайраты таусылып жеңіліп қалады. Сол сәтте шайтан оған:
– Алла саған 50 жыл бермегенде дәл қазір жермен-жексен етіп, күлге айналдырып жіберер едім, деп ғайып болған екен. Содан әлгі жігіт іштей:
– 50-ге дейін әлі талай уақытым бар екен. Ойнап-күліп, салтанат құрып қалайын. 50-ге жақындаған сәтімде құлшылық етіп, Алланың рақымына бөленетін шығармын,-дейді.
Содан ол өмірдің рахатына бөленіп, салтанат құрып жүргенде 35 жасында дүниеден өтіп кетеді. Осылайша шайтан өз дегеніне жетіп, тағы бір адамды тура жолдан тайдырған екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы