Сұрақ. Мен офисте жұмыс жасаймын, қарным аша қоймайды. Бірақ, әріптестерім «оразада сәресі қажет» деп айтады. Сол рас па?
Жауап: Ораза күндері белгіленген уақытқа құрылған кесте бойынша сәресін ішуге, ұйқыны қиып уақытылы ауыз бекітуге дағдылану керек. Сәресін ішу мен ауыз бекітуде міндетті түрде арнайы кестені пайдаланған дұрыс.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресін ішіңіздер, өйткені сәресінде береке бар», – деген (Әнас ибн Маликтен имам Бұхари және имам Мүслим риуаят қылған).
Сәресінде адам шама-шарқына қарай тамақтанып, оразасын тек Алла разылығы үшін тұтып сабыр етсе, оразаны баға жетпес ғибадат деп білсе, тұтқан оразасы жеңіл болады. Сәресін ішіп болған соң, таң намазына біршама уақыт қалғанда мына дұғаны айтып ауыз бекітеді:
«Науайту ән асума фи шәһри рамадан минәл фәджри иләл мағриб халисәл лилләһи Тағала»
Мағынасы:
«Рамазан айында тек Алла үшін таңертеңнен кешке шейін ауыз бекітуге ниет еттім».
Егер сәресіне ұйықтап қалып, іше алмай қалған жағдайда оянған соң тамақ ішпей сол күннің оразасына ниет қылады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ