Атыраудағы “Ұлттық қыздар мектебі” әлі жабылмаған. Облыс бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот аталған мектепті жабу туралы шешім шығарса да, мекеме қызмет етіп отыр екен. Бұл туралы Stan.kz тілшісіне Атырау облысы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев айтты.
“Жалпы бүгінгі таңда 2022 жылы арыз берген барлық заңды тұлғаларға мемлекеттік лицензиялар берілді. Тек бір жеке мектеп осы күнге дейін лицензиясыз қызмет атқарып отыр, бұл – “Ұлттық қыздар мектебі” ЖШС. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 13 шілдедегі шешімімен мектептің қызметі тоқтатылды. Алайда аталған мектеп сотқа аппеляциялық шағым бергендіктен қызметін тоқтатпай отыр. Күні бүгінге мектепте 117 қыз бала тіркелген”, – дейді департамент басшысы.
Ең алғаш рет бұл мектеп туралы айтқан блогер Нұргүл Мукушева еді. Ол діни мектепке атыраулық Жолмұханова Жұмазияның басшылыққа тағайындалғанын және оның туған інісі Жолмұханов Қанкерейдің қызы Жұлдыз Қанкерейқызы мен күйеу баласы Мұратбеков Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019 жылы екеуі де қаза тапқаны жайлы жазған болатын. Сондай-ақ сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары сәләфилік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович дейтін исламистер екенін айтқан еді.