Сұрақ: Сахабалардың Исламдағы орны қандай?
Жауап: Сахабалар Алланың елшісінен (с.ғ.с.) естіген сөздерін, көрген амалдарын кейінгілерге жеткізіп отырды. Олардың бұлай жасауларына Алланың елшісі де (с.ғ.с.) жігерлендіретін: «Менің айтқанымды естіп, ұғынып, түсініп және (басқаларға дұрыс) жеткізген адамның Алла Тағала жүзін нұрландырсын» (Әбу Дәуіт, Термези, Ибн Мәжәһ).
Қандай да бір белгілі сахабаның басқалардан ерекшелігін айтқан уақытта өзге сахабаларға да құрметтің ерекше екенін естен шығармаған жөн. Өйткені Алланың елшісі (с.ғ.с.) хадисінде сахабаларды қауіпсіздіктің кепілі деп атаған:
«Жұлдыздар – аспан қауіпсіздігінің кепілі. Олар жоғалған кезде аспанға уәде етілген нәрселер келеді. Ал мен болсам, сахабаларымның қауіпсіздігінің кепілімін. Мен кеткен кезде сахабаларыма уәде етілген (қауіпті) нәрселер келеді. Сахабаларым да үмбетім үшін қауіпсіздік кепілі, олар кеткен уақытта үмбетіме уәде қылынған (бидғат) нәрселер келеді» (Мүслим).
Ал Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) риуаят қылған хадисте: «Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер, өйткені сендерден бірің Ұхұд тауындай алтын садақа қылса да, олардың біреуінің жұмсаған бір уысына да, тіпті оның жартысына да жетпейді» (Бұхари).
Сондықтан да сахабалардың мәртебесі асқақ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ