Қазақ жер бетін тоқсан тоғыз түрлі пәле
қаптағанда заманақыр болады деп жориды.
Бабалар сөзі
«Сұрапыл» сөзінің шығу тегі қазақтың түркі-исламдық діни-мифологиялық танымына барып тіреледі десек, не дер едіңіз?
Жә, ұзын-сонар сөзбұйдаға салмай, ең әуелі оның лексема ретінде қандай мән-мағына беретінін анықтап алайық. Қазақ сөздігінде (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі, Алматы: «Дəуір» баспасы, 2013) «Сұрапыл» сөзі сын есім ретінде беріліп, үш тұрғыда, бірінші, «алай-дүлей, ұйқы-тұйқы», екінші, ауыспалы мағынада «киянкескі, кескілескен», үшінші, тағы бір ауыспалы мағынасында «күшті, тегеурінді, сұрапыл боран, қаруы қатты боран» мәндерінде берілген. Олардан «сұрапылдан» етістігі, яғни, «ұйқы-тұйқысын шығару, астан-кестең болу» шыққан. Былайша айтқанда, сөздіктегі пайымға сәйкес «сұрапылдану» арқылы осы етістіктің қимыл атауын білдіріп тұр.
Әрине, бұл ұғымдардан ә дегенде «сұрапыл соғыс, сұрапыл мінез, сұрапыл ауа-райы», яки «жел» секілді жаңа сөздермен тіркесу мүмкіншілігі зор әлденеше қосымша мағыналар туындап тұрғаны да рас. Бұл жерде олардың бәріне ортақ бір семантикалық белгі бар. Ол – стихия немесе стихиялық: күтпеген апат, алай-дүлейлік, қырып кетер жойқындық, майдан, сойқандық, аласапыран, сұрапыл жағдай, кездейсоқ табиғат құбылысы. Ал бұған не себеп болуы мүмкін?
Айталық, керекулік ғалым қандасымыз А.Қ. Тұрышев «Мәшһүр – Жүсіптің лингвистикалық көзқарастары» атты еңбегінде «Діни сарында жазылған ақын өлеңдерінде Исрафил періште жайлы былайша тоқталған еді» дей келе:
«Періште төрт Муқарраб тірі қалар,
Әуелі Мекайлдің жанын алар.
Исрафил, Жебірейіл, Ғазірейіл,-
Нәубет бірлан берген жанын һәм олар, – деп төрт періштенің бірі – Исрафилді де атап өтеді. Қазақ тілінде «ысырапыл, сұрапыл, ысырап» түрінде фонетикалық өзгерістерге ұшыраған» деп түсінік береді. Өз кезегінде, «ысырабын» білмедік, дәл бұл күман туғызарлық, алайда «сұрапыл» сөзінің осы періште (тағы бір атау нұсқасы – Исраһил) атынан өрбігенін біз де даусыз деп ойлаймыз.
Дәлел дейсіз бе? Қазір!
Мәлім болғандай, адамзатқа аты мәшһүр тоғыз періштенің бірі саналатын Исрафил яки қазақы дыбыстаумен айтқанда Ысрапыл – қиямет күні сүр үрлеуші және адамдардың қайта тірілуін бақылайтын періште. Ол Аллаға жақын төрт ұлық періштенің бірі ретінде де аталады. Оның жанынан тастамайтын құралы – кернейі (сырнайы) деседі. Оны ол Р.Нұрғалиеваның жетекшілігімен шыққан «Ислам» атты энциклопедиядағы (Алматы, 1995 жыл) тұжырымға қарағанда, ақырзаманда Иерусалимдегі қасиетті жартасқа шығып ойнап, дүниенің астаң-кестеңі шығып, қарап болады, онымен бірге имансыз адам біткен де өледі екен. Ал ізгілері осы сұрапыл күн келмес бұрын Рахман Ие тарапынан жіберілген ғажайып хош иісті иіскеген бойда жан тапсырады. Екінші ойнағанда баршасы қайта тіріледі.
Діни ұғым бойынша адам баласы есеп беру үшін қайта тіріліп, жиналатын орын – Ғарасат майданы сұрапыл, сұмдық азапты оқиға, асқан үрей мен қорқыныш ортасы ретінде сипатталады. Сірә да, жоғарыда атап өткен жапсарлас ұғымдар мен түсініктер шоғыры осынау наным-сенімдерді өзек ете отырып кеңінен өрбісе керек. Яғни, Исрафил – Ысрапыл – Сұрапыл. Ал арғы жағындағы мәні «Исрафил кернейлеткен күні сұрапыл жағдай болады» дегенге келіп тұрғандай…
Мына жолдар да соған дәлел бола алады:
«Ең соңында Алла тағала Исрафил сұрына (сырнайына) кезек берер. Жер-дүниеде алапат дауыл, сұрапыл жел көтерiлiп, жан иесiнiң бәрi Исрафилдың соңынан ерер. Өмiржарық аяғы Ақырзаманға келiп тiрелер» (Мәлике сұлудың мың бiр сауалы. Өзбек тiлiнен аударған И.Сапарбай).
Ислам энциклопедиясындағы тағы бір пайымға сәйкес Исрафилдің тұлғасы космостық өлшеммен суреттеледі, аяғы жердің төменгі қабатында, басы Алланың тағы жанында. Оның төрт қанаты бар. Періште есімі таураттағы Серафимге саюы ықтимал, оның өзіне тән сипаттары яхудилік және христиандық діни аңыздарға ұқсас және сәйкес келеді.
Бұл періштенің жаралуына қатысты қиссаларда оны Тауыс бейнелі мүбәрәк нұрдың сол құлағынан үзіліп түскен екі тамшыдан Әзірейлімен бірге сомдалған деп дерек береді. Ал оң құлағынан тамған тамшылардан Жебірейіл мен Мәкәйіл періштеге айналып шыға келсе, самайынан аққан тамшыдан қалған миллиард-миллиондаған періштелер қалқып шығыпты. Ол ол ма, сол бір құдірет құсының сол қанатынан тамған бес тамшының соңғысынан осы Исрафилдің қиямет-қайымда үрлейтін айбынды сүрі де сомдалған көрінеді. Осыдан-ақ оның өзінің ғана емес, қуатты кернейінің де транцедентті-ғаламдық мәнін шамалай беруге болатындай. «Мыңнан бір мезет», мұны екі делік.
Енді Исрафилдің адамзаттың атасы – алғашқы Адамның жаралуына қатысты аңызды-әфсанада көрініс беруін зерделеп көрелік.
«Бабалар сөзі» жүзтомдығының 78 томындағы «Хақ Тағаланың Адам алайһи с-саламды жаратуы» баянында оның адамды сомдауға керек топырақты жерден дәті барып ала алмағаны туралы айтылады. Онда былай делінген:
«Хақ Тағаланың мәңгілік қалауы уақыты келгенде хазірет Адам алайһи с-саламды жаратуға деген сүйіспеншілікті туғызды. Топыраққа айтты: «Ей, қам көңілді, сырқат жер. Сенен бір халықты өмірге келтіргелі отырмын. Бағзылары маған мойын ұсынбайды, бағзылары сәлемімді орындайды, енді бір бөлігі қарсы келіп, асылық жасайды. Жақсыларын пейішке шығарамын, қыңырларын отқа саламын». Бейшара жер айтты: «Ей, бар Құдай-ау, бағзыларын әсем де көркем, жақсылыққа толы жаннатқа жіберіп, бақытқа бөлеймін дейсің. Оған қош уақыт, шат-шадыман болып тұрмын. Алайда, бағзыларын отқа салып, күйдіремін дейсің. Ол үшін қайғылымын», – деп зар-зар жылады.
Хақ Тағала Жебірейіл алайһи с-саламға бұйрық етті: «Жер бетінен бір шеңгел топырақ әкел». Жебірейіл алайһи с-салам заматында топырақ алуға келді. Жер нала болып, зарлап қоя берді. (…) Жебірейіл алайһи с-салам аяп, мейірім-шапағаты түсіп, топырақ алмай, қайтып кетті. (…)
Одан кейін Мекайілге бұйырды. (…) Жер: «(….) Ей, қасиетті ризық періштесі, мен бишараға рақым жасаңыз, маған тие көрмеңіз», – деп қапаланып, зар иледі. Мекайілдің мейірімі түсіп, рақым жасады да, қайтып кетті. (…)
Одан кейін Исрафил алайһи с-саламға бұйрық болды. Исрафил алайһи с-салам келіп айтты:
«Ей, дерт меңдеткен ойдым жер! Сенен топырақ алғалы келдім». Бұл Құдай аяғандай бейшара тағы да баяғы сылтаулары мен кемшіліктерін тілге тиек етті: «Ей, кернейдің иесі, бұл іске менің әсте де қабілетім жоқ. Заманымен күн туады: Кернейді тартасыз. Ол кернейдің әуезі менің құлағыма жетеді: ақыл-есімнен айырылып қалам. Тітіркену мен сілкіну мен сияқты әлжуаздың денесін жайлайды. Қаһарлы дауыс шығарасыз. Мен бойымда не нәрсе болса, сыртқа шығарып тастаймын. Ей, кернейдің иесі, ақуалым осындай сипатта болса, өзім баршадан әлсіз, әрі бейшара болсам, анттың қиын да ауыр шарттарын жауһар аманатты (Мұхамедтің нұрын) қайтіп сақтай алам», – деп, көзінің жасын бұлақтай ағызады.
Исрафил алайһи с-салам жердің бұл сылтауларын қабыл етіп, Алланың даргаһына қайтып келді. Хазірет Алладан әуез келді: «Ей, Исрафил не үшін топырақ алмай келдің?» Исрафил ‘алайһи с-салам айтты: «Ей, бар Құдайым! Құпия мен сырдың ғұлама ғалымысың. Бейшара жер әбден нала болып, зар иледі. Сенің қасиетті, шарапатты аттарыңды айтып, араша сұрады. Ант берді. Мені рақым-шапағатым билеп кетті. Топырақ алмай, қайтып келдім».
Сол мезетте хазірет Әзірейілге пәрмен болды. (…) Хазірет Әзірейіл кідірместен, тоқтамастан келіп, топырақ алуға әрекеттенді. Жер сонша нала болып, зарлады: тіпті шамадан асып, шектен шығып кетті. Хазірет Әзірейіл айтты: «Ей, көр топырақ, асы болдың. Мен Алланың үкімі қандай болса, дәл солай орындаймын. Хақбихана уа тағалаға үш мәрте қарсы келдің. Жазықты болдың. Сенен пайда болған зат тез арада күнаһар болады», – деп, жерді шыңғыртып отырып, оның бетінен бір уыс топырақ алды.
Әлқисса, ол топырақты Мекке менен Тайифтің арасындағы Дахна атты жерге қойды. Ол топыраққа Байт-ул ахиран дариясының суынан бірі кем қырық жыл жаңбыр жауды. Бір жыл шаттық жаңбыры жауды. Осы себепті адам перзентінде бейнет пен қайғы көп, қуаныш, шаттық аз. Қырық жылдан соң ол топырақ балшық болды. Одан кейін Хақ Тағала хазірет Адамның кейіп бейнесін (денесін) жасауға өзі мүсіншілік етті. Қырық таң бойы ол балшықты іске қосты. Қырық таң дегеніміз бұл – ғаламның мың жылы. Бірде-бір мақұлықты бұл іске араластырмады. Құдірет қолымен өзі жаратты.
Жебірейіл алайһи с-саламға әмір етті: «Біздің жақсы лебіз, махаббатымыз, мейірімділік, қайырымдылығымыз желінен самал әкел». Исрафилге: «Сен пәк рахметіміз суынан су әкел». Мекайілге: «Сен бәле мен апат көрігінен от әкел», – деді.
Әлқисса, әрқайсысы бұйырылған нәрселерді әкелді. Олардың барлығын әлгі балшыққа араластырды. (…) Адамды, ғаламды айнытпай бейнелейтін айна етіп жасады. Көздің жауын алғандай сұлу, жап-жас, жайнаған гүл шоғы сияқты кемеліне келген, түпкі тек етті. Жер бетіне қойды. Аспан халқының баршасы адамға қызметші болды».
Мәшһүр – Жүсіп діни өлеңдерінің бірінде бұл оқиғаны:
«Онан соң жіберіпті Исрафилды,
Бәрінен тимен жатқан жер пақыр-ды!
Жердің айтқанын естіген соң,
Тоқтатып, ала алмады, о да ақылды», – деп бейнелеген.
Айта кетейік, мұсылмандар түсінігіне сәйкес Исрафилдің Жәбірейіл, Әзірейіл, Мәкәйілмен бірге өзге періштелерден дәрежелерінің артық болуының да өз уәждемесі бар. Әлімсақта бүкіл періште ілім сайысынан жеңілген соң, Тәңірі тағала «Адамға сәжде етіңдер» дегенде, осы төртеуінің маңдайы сәждеге бірінші болып тигенінен мәртебелері өзгеге қарағанда биік болған көрінеді.
Кейбір аңыздарға қарағанда Исрафил Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алла рақымын тұңғыш жеткізген періште және оны бірнеше жыл желеп-жебеп жүрген, кейін оны Жәбірейілге тапсырған (Ислам эниклопедиясы. / Бас редактор Р.Нұрғалиева, Алматы. 1995).
Сонымен, «Сұрапыл» сөзі Исрафил періштенің есім-сойынан шыққан десек, болғандай-дүр. Артық жері жоқ. Көзіңіз де жеткен шығар.
Бұл орайда сөз соңын Отбасы хрестоматиясы кітаптары сериясының бірінде жарық көрген Мәлике деген Ұрым патшасы қызы мен Әбілда есімді оқымыстының арасындағы сұрақ-жауапқа құралған «Мың сұрақ» жинағымен түйіндеген жөн бе дейміз.
Мәлике: Қиямет Қайымда Ысрапыл сүр үрлегенде қанша тесіктен дыбыс шығады?
Әбілда: Алты тесіктен шығады. Біреуінен әнбилердің жаны, біреуінен періштелердің жаны, біреуінен жындардың жаны, біреуінен адамзаттың жаны, біреуінен шайтандардың жаны, біреуінен хайуандардың жаны шығады.
Мәлике: Қияметте он сегіз мың ғалам жойылып жоқ болады. Бүкіл жаратылыс пен мақұлық шаң-тозаңға айналып ғайып болады. Сол кезде нұрын шашып жалғыз нәрсе жарқырап көрінеді. Ол не?
Әбілда: Алланың дидары.
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист