Құран Кәрімде адам деген ұғымды білдіретін «инсан» деген сөз – 56 аятта, жалпы 58 мәрте айтылады. 58 рет барлығы 39 сүреде жазылған және олардың 6-сы Мәдиналық, қалғандары Меккелік болып табылады.
Сонымен қатар, «инсан» сөзімен мағыналас келетін «бәшар» сөзі де 23 аятта кездеседі. Осы аяттардың түгелінің жуығында адамның табиғаттағы басқа да тіршілік иелері секілді жаратылысына, яғни «материалдық бар болу» жағына қатысты екпін беріледі.
Бұдан бөлек осы сөз кездесетін аяттардың бірқатарында пайғамбарлардың да басқа адамдармен бірдей қасиеттерге ие «бәшар» екендіктеріне назар аударылады. Алайда, пайғамбарлардың адам болуымен қатар, олардың «уахи» берілетін ерекшеліктері атап көрсетіледі. Бұл туралы «Ясин» сүресінде келесі аяттарда баяндалады: «Сендер біз сияқты ғана адамсыңдар. Сендерге Рахман, еш нәрсе жіберген жоқ. Сендер мүлде өтірік айтасыңдар” деді» (15 аят). Нәбилердің «бәшар» екендігін терістеушілерге де Кәхф сүресіндегі келесі аятпен жауап беріледі: «Шынында мен де сендер сияқты адаммын. Дегенмен маған Тәңірлерің бір-ақ Тәңір екендігі уәһи етілуде. Сондай-ақ кім Раббына жолығуды үміт етсе, сонда түзу іс істеп, Раббына істеген құлшылығында; Оған ешкімді ортақ етпесін” де» (110 аят).
Балғабек Мырзаев