Бұл күндері барша мұсылман Рамазан айының соңғы он күндігін өткеріп жатыр. Уақыт қалай тез зымырап өтуде десеңші. Кеше ғана «Рамазанға қош келдің» десек, енді бүгін «Қош бол» деуге дайындалып жатырмыз.
Біздің де өміріміз осындай. Оқиғаларды басынан өткеру барысында көп уақыт болған сияқты. Алайда артымызға қарасақ, көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткендей…
Мен әрқашан өмірімізді көлеңкеге ұқсатамын. Көлеңке тоқырау, тұрақсыз болып көрінеді, бірақ біраз уақыттан кейін күннің шығып, көлеңкенің әп-сәтте жоғалып кеткенін көресің. Уақыт өткенде, ол жерде көлеңке жоқ сияқты болып көрінуінде…
Бұл Рамазанның он күні өте маңызды… Өйткені, онда өмір бойына тұрарлық түн бар. Ғаламның тағдырын өзгертетін қасиетті түн. Бұл түнді жақсы, дұрыс бағалай білсек, тағдырымызды белгілейтін түн. Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қадір түнін Рамазанның соңғы он түнінен іздеңдер», – деген (Бұхари, «Салату’т-тарауих», 4-хадис).
Рамазан айының соңғы он күні кірген кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.) уақыттың қадірін біліп, бағалауға шақыратын. Былайша айтқанда, соңғы он күнінде барын салуға тырысып, бізді де солай етуге шақыратын. (Бұхари, «Салату’т-тарауих», 4)
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Өткен және келешектегі барлық күнәлары кешірілген» (әл-Фатх сүресі 2-аят) елші болса да, әр Рамазанның соңғы он күнін ғибадатқа арнайтын.
Ал енді біздің өткен күнәларымыз кешірілді ме, жоқ па, білмейміз. Сондай-ақ болашақта қандай күнә жасайтынымызды білмейміз. Бірақ біз білетін бір нәрсе бар: өзімізге пана іздеп, тәубе етіп, кешірім тілесек, бізді мейірімімен, кешірімімен қорғайтын Раббымыз бар.
Қолымызды жайып дұға еткенімізде, кері қайтармайтын, сәжде еткен сайын рухымызды асқақтататын Раббымыз бар!
Соңғы онкүндікке кіргенде келесі Рамазанға жетуімізге кепілдік жоқ болғандықтан барынша ғибадатпен өткізуіміз керек.
Ал енді бұл он күндікте не істеу керек?
Дұғамызда шын жүректен Аллаға тәубе ету керек. Күн сайын жалықпай Раббымыздан өткен қателіктеріміз үшін кешірім сұрау керек.
Біз иманымыздың тұрақты болуы үшін үнемі дұға етуіміз керек. Өзіміздің, бауырларымыздың, мемлекетіміздің, дін басшыларының әділдігі мен өркендеуі үшін дұға етуіміз керек.
Әлемде әділдіктің орын алуы үшін Раббымыздан қол жайып жалбарынып, дұға жасауымыз керек.
Намазымызды ықыласпен оқуға тырысуымыз керек.
Қолымыздан келгенше қайырымдылық жасауымыз керек.
Ең жақын туыстарымыздан бастап, материалдық жағдайы бізден де нашар адамдарды ескерсек, жақсылыққа деген құлшынысымызды сәл де болса арттыруымыз керек.
Осы уақытқа дейінгі өмірімізге шолу жасап, ненің жетіспейтінін, ненің қисық, ненің кем екенін анықтап, келесі өмірімізде соларға нүкте қойып, жақсырақ, сапалы иманды болуына дұға етуіміз керек.
Раббымыз осы соңғы он күнді осыдай түсінігімізді бағалап, өмір бойы қадірлі болған «Қадір» түнін пайдалы өткізуді, айт мерекесінде өткен күнәлардан тазарып, саулықта, амандықпен жетуді нәсіп етсін.
Исатай БЕРДАЛИЕВ