Сұрақ: Рамазанды не үшін «Құран айы» деп атайды?
Жауап: Себебі Рамазан айында қасиетті Құран түсті:
«Рамазан айы – адамдар үшін тура жол көрсететін, дұрыс пен бұрысты айыратын дәлел түрінде Құран түсірілген ай» (Бақара: 185).
Сол үшін Рамазан айы – Құран айы деп те аталады. Сонымен қатар бұл айда Құранды көп оқып, Аллаға арнап жасалатын тағат-ибадатты көбейту қажет. Әрине, барлығымыз Құранды араб тілінде оқи алмаймыз. Әйтсе де, ең болмаса Құранның қазақша аударма-мағынасын оқып, айтылған аят мазмұндарына ой жүгіртер болса, бұл да Алланың алдында құлшылық саналмақ.
Бұған қоса бұл айда Құран оқып үйренуге мүмкіндік туады. Құлшылық ниетімен Құранды арабша оқуға уақыт бөлсеңіз, оны арбаша оқып қалуыңыз да мүмкін. Пайғамбар (с.ғ.с.) Құранды үздіксіз үйренуге және үйретуге шақырған. Ондағы әрбір әріпке сауап жазылмақ:
«Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп және басқаға үйреткендерің»; «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін құрмет тұтуға және Құран оқуға. Шын мәнінде, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күнінде Алланың Аршысының көлеңкесінде тұрады». (Имам Табарани).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ