Имам Мәлік ибн Әнас (р.а) «Муатта» кітабынан сабақ беріп отырғанда Мәдинаға келген керуенмен бірге піл де келген екен. Мұндай хайуанды көрмеген жұрт оны көріп, тамашалауға ынтығады. Имам Мәліктің де (р.а) шәкірттері сабақты тастап, пілді көруге шығады. Тек бір шәкірті – Яхия ибн Яхия әл-Лейс (р.а.) қана бармай қалады.
Ұстазы одан: «Елмен бірге пілді көруге неге бармадың?» – деп сұрайды. Ол болса: «Ұстаз, мен Мәдинаға піл көру үшін келген жоқпын. Сізден дәріс алу үшін келдім», – деп жауап береді.
Расында, тарихта басқа шәкірттерінің аттары шықпаса да, Ислам әлеміне мәшһүр шәкірті – фақиһ, ғалым Яхия ибн Яхия әл-Лейстің (р.а.) аты қалады.
Құрметті жамағат, сол сияқты қасиетті Рамазан айы кіргенде, сол аймен бірге, бізді негізгі мақсатымыз – Алла ризашылығы үшін ораза ұстап, жақсы амалдар жасаудан адастыратын осындай сынақ «пілдер» де келері анық.
Алла Тағала адасудан сақтап, Өзінің ризалығына лайық ораза ұстауға жазсын!
Аударған Қуат ҚАБДОЛДА