Сұрақ: Құранның басты тақырыбы не?
Жауап: Құран адам баласына түскендіктен мұндағы негізгі тақырып – адам. Алла адамды барлық жаратылыстан асқақ, абзал етіп жаратқан. Сондай-ақ, жер бетіндегі барлық жаратылысты адамзаттың бақытты да баянды өмір сүруі үшін қызметіне ұсынған:
«Біз, расында адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем қылдық» (Исра: 70).
Құдай адамды сұлу, кемел, парасатты етіп жаратқан: «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық» (Тин: 4).
Адамның бойына рухани құндылықтарды махаббат, мейірім, рақым, жұмсақтық, әділдік, шынайылық сияқты т.б. көптеген қасиеттерді берді.
Ал енді өмір сынағынан өтуі үшін сол сипаттарға қарама-қарсы қасиеттерді де жаратты. Құран осының барлығын баяндап, адамға бағыт-бағдар береді.
Ертеде өткен қауымдардың тарихын, олардың жіберген қателіктерін түсіндіреді және т.б. Бұл дүниеде һәм ақыретте бақытқа жету жолын нұсқайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ