Бір шаруаларымен ауылға барып қайтқан, жасы 80-ді алқымдаған көрші апай айтады: «Ана тәкси бала – Құдайға қараған жақса жан екен! Есіктің алдына дейін жеткізгені былай тұрсын, сөмкемді арқалап, үйге кіргізіп берді ғой, айналайын! Өркені өссін қарағымның!» Апам айтқан осы «Құдайға қараған жан» деген сөз – ауызекі қолданыста азайып, ұлттық санада көмескі тартып бара жатқан қастерлі ұғымның бірі.
«Құдайға қараған жан» деген қандай жан? Ол ешкімге қиянаты жоқ, қолдан келген жақсылығын аямайтын, елгезек, кішіпейіл, жомарт жан – бір сөзбен айтқанда: адамгершілігі мол жан! Анықтама – дұрыс. Бірақ, біз жете мән бермей тұрған дүние – оның Құдайға қараған жан екендігі. Яғни, қазағымның айтып тұрғаны – ол адамның басты ерекшелігі сол: ол не істесе де, ең әуелі Құдайға қарайтын, назары әуелі Жаратушы Иесіне түсетін жан!
Ол бір нәрсе туралы ойлап-ниеттенсе де, бір сөз айтқысы келсе де, бірдеңе істейін деп жатса да, әуелі Құдайына бір қарап алады! Оның Әлеммен (адамдармен, өзімен, барша жаратылыспен) қарым-қатынасы «Құдай» деген сүзгі арқылы жүзеге асады. Яғни, ол жан – «Менің осы ойыма, сөзіме, ісіме Тәңірім қалай баға береді? Мен Оның назарында-құзіретінде ғұмыр кешіп жатырмын ғой! Менің бүкіл ісім Оның назар-бақылауында емес пе? Сол себепті осы харекетім қаншалықты дұрыс, қаншалықты құнды? Алла Тағалам осы ісіме разы ма?» деген сергек көңіл, саналы сауалдың иесі!
Асыл дінімізде бұл күйді (ішкі ахуалды) – «ихсан хәлі» деп атайды және осы дәрежеге жетуге үндейді. Бүкіл ғұмырының Ұлы Раббысының назарында өтіп жатқанын сезіне білген мұсылман – нағыз мүмін болмақ! Өзінің бүкіл харекетін осы «сүзгіден» өткізе білген жан Кемелдікке бет түзейді. Міне, данышпан аталарымыз осы күйді дәріптеу үшін, иман кемелдігін насихаттау үшін һәм сол хәлге жеткен, сол асыл күйін сақтап өмір сүретін жандарды бір ауыз сөзбен осылай мақтапты! Оларға осылай сүйсініпті: «Құдайға қараған жан!»
Расында, қандай ғажап күй, қандай ғажап дәреже! Назары-фокусы Құдайында тұрған жан – қандай бақытты жан!
Бұл хәлде «қасиетті үштік» формуласы көрініс табады: «Құдай+мен+іс-амал». Яғни кез-келген істе Құдай бар, мен бармын және Іс-амал бар! Осы «үштіктен» Құдай тыс қалғанда – қателік орын алады, күнәға жол беріледі. Ал үшеуі түгел болғанда – Толықтық-Кемелдік ортаға шығады, ихсан жүзеге асады! Мысалы:
«Мен+Жұмыс+Құдай (назары) = КЕМЕЛДІК: шеберлік, шедевр, разылық!»
«Мен+Жұбайым+Құдай (назары) = НЕКЕ: махаббат, сыйластық, береке!»
«Мен+Досым+Құдай (назары) = ДОСТЫҚ: адалдық, құрмет, құт!»
«Мен+Байлық+Құдай (назары) = БАЙ: жомарттық, кеңдік, ырыс!»
«Мен+Мәнсап+Құдай (назары) = БИЛІК: жауапкершілік, қызмет, алғыс!»
Енді дәл осы жағдайларды «Құдайы (иманы) кем» түрде сараптап көрсек, мынандай нәтиже болуы әбден мүмкін:
«Мен+Жұмыс = КЕМШІЛІК: амал жоқтық, жалқаулық, реніш»;
«Мен+Жұбайым = ҚОСЫЛУ немесе АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ: пайдалану, келіспеушілік, берекесіздік»;
«Мен+Досым= ЖАЛҒАН ДОСТЫҚ: бақай есеп, реніш, өзімшілдік»;
«Мен+Байлық = ДҮНИЕҚОҢЫЗДЫҚ: сараңдық, көреалмау, қорқыныш»;
«Мен+Мәнсап = ТӘКАППАРЛЫҚ: өктемдік, мақтаншақтық, қиянат»…
«Құдайға қараған жан» – Сенімінің асыл Құндылықтарына, дінінің шариғатына, ар-ұжданының талабына сай харекет етуші жан деген сөз. Яғни, «Құдайы (назары) бар» іс – иманмен, ықыласпен, құлшыныспен, жауапкершілікпен, намыспен, ар-ұятпен атқарылатын іс!
«Құдайға қараған жандардың» қатарында болуды жазсын!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ