Сұрақ: Рамазан айы аяқталды. Енді алдымызда тағы бір ұлы құлшылық – қажылық парызы келеді. Ол кімдерге парыз?
Жауап: Қажылық – исламдағы бес парыздың бірі. Қажылық жасауға қатысты арнайы аят та бар. Ал енді Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Уа, адамдар, Алла Тағала сендерге қажылықты парыз қылды, қажылық жасаңдар», – деген (Мүслим).
Алайда, қажылық барлық адамға тең міндет емес. Алла Тағала оны шамасы келетін пенделері үшін парыз қылған. Дін ғалымдары аят пен хадистерді негізге ала отырып, қажылықтың кімге парыз болатынын айтқан. Ол үшін арнайы шарттар бар. Егер адам осы талаптарға сәйкес келсе, онда оған қажылық парыз болмақ.
Бұлардың кейбірін төмендегі реттікпен атауға болады:
– мұсылман болу;
– балиғат жасына толу;
– ақыл-есі дұрыс болу; Себебі Ислам ақылсыз адамға құлшылық жасауды міндеттемейді.
– қаражатты болуы. Бала-шағасынан артылған, қажылыққа барып-қайтуы үшін қаражатының жеткілікті болуы; әл-ауқаты төмен немесе қажылыққа барып-қайтуына ақшасы жетпейтін адам үшін қажылық міндетті емес.
– қажылық рәсімін орындауы үшін денсаулығының жақсы болуы. Себебі ол адам ұзақ сапар шегеді, сапар барысында және қажылық кезінде күш-қуат қажет. Ауру адамға қажылық міндетті болмайды.
– жолдың қандайда бір қауіп-қатерден аман болуы. Сапар барысында оның жаны мен малы (ақшасы) аман болуы шарт. Егер сапар қауіпті болса, онда қажылық сапарын уақытша шегере тұрады. Алла Тағала пенделері үшін аман-саулықты қалайды.
– Қажылыққа шыққан әйел адамның қорғанышы һәм серігі ретінде қасында әкесі, күйеуі, ұлы немесе бауырының болуы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ