Әзелден қазақ пен қырғыздың Алатауды тең жайлағаны мәлім. Бүгін де қанаттасып, бір-біріне тілеулес те демеу болып отыр. Екі ұлттың үркіншілік кезеңдердегі өзара көмек тарихы қандай-ды! Әсіресе, қырғыздың қазаққа жанкүйерлігіне Қаралы қаңтар оқиғасында кеңінен куә болдық. Бірақ қазақтың жүрегінде қырғызға қатысты қашаннан жазылмай, бітпей, қанталап келе жатқан бір жарасы бар. Ол жараның әңгімесін қырғыз тақырыбы көтерілген жерде айтып өтуді әр қазақ өзіне міндет санап алғандай, ыңғайсызданатын тұс көп-ақ.
Бірде Сәбит Мұқановты жұбайы Мәриям апаймен қосып қырғыз ағайындар құрметтеп қонаққа шақырады. Қолдан-қолға тигізбей ықылас көрсетіп, тамаша қонақжайлықпен сый-сияпат көрсетеді. Осы жолы бір бас қосуда есіп әңгіме айтып отырған Сәбең сөз арасында:
– Қырғыз ағайынға қарағанда мына біздер, қазақтар ақсүйектеу ғой, – десе керек. Бұл сөзді көңіліне алып қалған қырғыздың халық ақыны Қуанышбек Мәлібеков табан астында:
– Сәбе, рас айтасыз, сіздердің ақсүйектеу екендеріңізде күмән жоқ, себебі Кенесарының сөңке болып ағарып жатқан сүйегін күнде көріп жүрміз депті.
Екі үлкен адамның сөзбен шарпысып қалғанына отырғандар ыңғайсызданып, жүздерін бұрады. Сонда Мәриям апамыз сөз алып:
– Өткеннің шаңын шығарып, өлгеннің басын ауыртып қайтесіңдер. Онанда бүгінгі күй, ертеңгі жайымызды ойлайық. Басқаны қайдам, өз басым осында келгелі Наурызбайға тартқан бауырларымды көріп бір жасап қалдым! – деген екен. Сонда Қуанышбай Мәліков орнынан тұрып, Мәриям апамыздың жаулығының ұшынан сүйіпті. Ал, бауырлас ағайынның көңіліне келетін сөз айтып алғанына абдырып отырған Сәбең әрі толқып, әрі жадырап, суланған көзін орамалмен сүртіп:
– Әй, осы бар ғой, анау тапқыр, мынау тапқыр дейді, мен үшін Мәриямнан тапқыр ешкім жоқ! – ДЕГЕН ЕКЕН.
Иә, өткен өтті, кеткен кетті. Енді ғасырлар еншісіне кетіп, қатқан нәрсені жібітіп, сасытқаннан ешкім опа таппайды. Атам қазақ айтпақшы, қырық жылғы дау мен есені қуалай берсек, қиямет-қайымға дейін есептесіп болмаймыз. Ең дұрысы, бітісу мен ынтымақтасу, кешірімдесіп, ел болудың жайын ойлау. Мына қым-қуыт заманда ұйымдасқан ғана ұтады. Украинға әлімжеттік қылам деп одыраңдаған орекеңдердің қалай абыройсыз болғанын көрдік қой.
Қош, палуандар мен күрес әлемінен қазақ пен қырғыздың тарихтағы бауырластығын дәлелдей алатын мысалдар келтіре алады екенбіз. Құдайға шүкір, болған ғой… болған! Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын, өлімге қиса да, көңілден тыймайтын. Сол «көңілден тыймайтын» болғанның бірер көрінісін «Құз басындағы аңшының зары» кітабынан, яғни екі туысқан ұлттың ұлы ойшылдары – арқалы ақын Мұхтар Шаханов пен айтулы жазушы Шыңғыс Айтматовтың сұхбатынан таптық. Мұны бөліспей қалай тұра аларсың?
Сонымен, мұны «бір» дейік:
Циркте өнер көрсетіп, бетіне жан қаратпай жүрген Қажымұқан бір сапарында Бішкектің мал базарына соқса керек. Ойдан-қырдан жиналған ел-жұрт палуанды орталарына алып жібермей, серіппедей шиыршық атып тұрған бұлшықеттерін тамашалап, оңаша үй тігіп, бие сойып, қымыз сапырыпты. Африкада қара зәңгімен белдесіп жыққанын, жапон палуаны Сар-Ки-Киді қалай жеңгенін тыңдап, айыздары қанып, желпінген топ тыныш тұра ма, Қажымұқанды Қожамқұлмен күрестіріп, қызыққа батайық деседі. Орталарынан шығарып, үш тоғыз жүлде де тігеді. Ат шаптырып, ауылынан алдырылған Қожамқұл алдымен аға палуанға барып, ізетпен көріседі.
– Тамашаға жиналған көпшілік екі жаққа бөлініп, бұрын-соңды көз көрмеген үлкен күрестен дәмелі көңілмен қызыл өңеш болып жатады.
– Қажеке, – дейді осы кезде қырғыз палуаны. – Бір бастың екі көзіндей бауырлас егіз елдің азаматымыз. Сіз – аға, мен – інімін. Біріміз жығып, мақталып, екіншіміз жығылып, тапталып жатқанымыз жараспас. Әрі бізге меймансыз. Беліңізге жармассам, әруақ кешірмес. Жүлде сіздікі болсын!
Осыны айтып, Қожамқұл ұстаспай-ақ, кісілікпен жолын берген екен.
– Қайтер екен деп, сын көзіммен қарап тұр едім. Көрген-түйгенің көп, қырғыз елінің абыройына туған ұл екенсің. Жұлдызың жансын! – деп, Қажекең інісін құшақтап, бетінен сүйіпті. Жүлдеге алған үш тоғызын сол маңдағы жетім-жесірге түгелдей таратып беріпті.
Ал, екінші баян былай деп сыр шертеді:
1916 жылы маусым жарлығына ілініп, майданға қара жұмысқа кеткен Бөлтірік палуан Ресейдің алуан дүрбелеңіне араласып, ақыры тағдырдың айдауымен Семей топырағына өкше тигізеді.
Палуанның атағына сырттай қаныққан Абай ұрпақтары арнайы іздеп келіп:
– Заман тынышталған соң, сағынған Ыстықкөліңе ораларсың. Әзірге Жидебайды мекен ет, – десіп, палуанды ата қоныстарына алып барып, үстіне үй көтеріп, алдына мал салған. Бауырлас елдің сый-сияпатын көрген палуан да Абай аулының телқоңыр бір баласына айналыпты. Сол жердің Фатима есімді қызына үйленіп, отау көтерген. Мұхаң (Мұхтар Әуезов) Ленинградта аспирантурада оқып жүріп, елге келген бір сапарында Бөлтірікпен етене танысқан. «Абайдың баласы» деген атты Бөлтірікке Мұқаң беріпті деседі жұрт. Сол таныстық ақыры достыққа ұласып, Бөлтіріктер Ыстықкөлге қоныс аударғаннан кейін де, аралары суымапты.
Жалпы, Ш.Айтматовтың естелігіне қарағанда, Бөлтірік төртпақ келген мығым, көзі маздап жанып тұрған шырайлы адам болыпты. Мұхтар Әуезов қапияда қаза тапқанда Шыңғыс Айтматов та қырғыз делегациясымен Алматыға жетеді. «Сонда Мұқаңның табытының бір шетін көтерген Бөлтірік палуанның екі иығы бүлкілдеп, үнсіз жылап бара жатты» деп бұл сәтті кейіннен еске алған екен қырғыз жазушысы.
Біле білгенге, бұл ғасыр айрығындағы екі тұлғалар бейнесіндегі ұжымдық сырласу ғана емес, бұл мұңдасу және өзара арылу-ды. «Қырғыз ішіндегі Наурызбайдың тұқымдары» дегеннен де шығады, Абылайдың әмірімен тұтқынға түскен көп қырғыздың қазақ руларымен сіңісіп кеткенін қайда қоямыз? Осынау байтақ даламызда қаптаған «қырғыз» қайдан жүр?
«Бір бастың екі көзіндей бауырлас егіз ел» ескі жараның емін табу керек. Қажымұқан палуан да қың демей, тапқан ғой. Әйтпесе, оның атасы, Мұңайтпастың әкесі Ернақы (Ержан) да хан Кенеге еріп жеті жүз кісімен Алатаудан асып, Тоқпақ түбіндегі Майтөбе деген жерге шабуыл жасағанда, қолға түсіп мерт болған-дүр.
Үшіншіден, Қырғызстанның «қазаққа тән» жүлдесінен кім хабардар?
Сидней додасында Қырғызстан тұңғыш рет олимпиада жүлдесіне ие болды. Дзюдошы Айдын Смағұлов (60 келі) қола жүлде үшін белдесуде (…қарсыласын…) 2:28 минутта иппонмен жеңіп, жеңіс тұғырынан орын тапты. Айдын Өскеменде дүниеге келді, Қазақстан құрамасында да өнер көрсетті. Дегенмен оның салмағында сол кездері Б.Дөңбай бірінші нөмірлі балуан саналатындықтан, Смағұлов Қырғызстан атынан сынға түсуге бел буды. Қорыта келгенде, Сидней олимпиадасы жүлде саны жағынан басқа төртжылдық додаларынан аздау сый ұсынғанмен, қазақ спортының даму бағыты оң екенін нұсқады. Ең бастысы, 20 жыл үзілістен кейін қазақ ұлдары тағы да олимпиада чемпионы атанды (Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті).
«Қырғыз жарасы» бітуі керек. Емін табу үшін осындай мағлұматтарды көптеп айтып, көрсетіп, жазуымыз керек. Насихаттай беруіміз керек. Айт, айтпа, түркілігіміз өз алдына, ортақ мұсылмандығымызды басшылыққа алу керек. Онсыз екі халыққа да елдік пен теңдік жоқ. Қазақ-қырғыз бір анадан туып қана қоймай, шықса, төбесі бір, өлсе, моласы бір болған тұс есепсіз. Нағашылы-жиенді, бір туған ағайын ұлыстар екеніне де дау жоқ. Кенесары палуандыққа түсіп, кейін екеуара егесте жүрген інісі Наурызбай мен батыры Әжібайға бір жолы: «Е, жұрт, таршылықта жағаласқан жауды аңду керек еді, біздің батырлар бірін-бірі аңдиды, осымен жүріп ел бола аламыз ба?» деп кейіпті деген сөз бар. Белгілі бір дәрежеде бұл сөз осы таңдағы қазақ пен қырғызға да қатысты. Ата тарихтағы Ресей отаршыларына қарсы бірігіп соғысуға тиіс потенциалдың өзара итырғылжыңда қалай рәсуі болғанын көрдік. Келіссөздерде екі елдің қосылып, бір хандық құруына, әсіресе Абылай жұрағаттарына сенім білдіргеніне риза болса да, өз ойлағаны болмаса басқаның дегеніне көнбейтін бірбеткей, қыңыр ханның қырғыздардың ақырғы тілегі – «хан ордасы біздің ортамызда, Алатау қойнауында болсын!» деген тілегіне ғана наразы болды. Түптеп келгенде, Кенесары да ажыратушы емес, еңіретіп, жан күйгізіп табыстыратын, біріктіретін идеологияға айналады. Сол күн жақын. Сол күнді көруді жазсын! Сырт күштердің ықпалымен болған сол шайқастардың құрбандарына дұға тілеу де парыз. Олар бізге екінші рет қателікті қайталамасқа сабақ болмақ.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров