Сұрақ: Рамазан айында сапарда болып, оразамның бірнеше күнін қаза етіп алдым. Оның қазасын қашаннан бастап өтеймін?
Жауап: Егер сапарда болып немесе ауырып қалып яки болмаса басқа да үзірлі себептердің бірімен оразаны қаза етіп алсаңыз, Рамазан айы біткеннен кейін оның қазасын өтеуіңіз керек. Қаза ораза Рамазан айының оразасы сияқты күндіз ішіп-жеуден, жаман сөздерден сақтану және т.б. шарттарды орындаумен өтеледі. Басқаша айтқанда жалпы оразаны бұзатын амалдар қаза оразаны да бұзады.
Сондай-ақ, Рамазан айында ораза ұсталмай қалған әрбір күннің қазасы тиісті деңгейде өтелуі қажет.
Кейбір адамдар Рамазан айынан соң, Айт күнін күтпей дереу қаза оразасын өтеуге кірісіп кетеді. Бұлай жасау дұрыс емес. Айт күні басқа адамдармен бірге атап өтіледі. Бұл күні Айттың құрметі үшін ораза ұсталмайды.
Егер адам «Оразамның қазасын дереу өтеуім қажет» деп тапса, онда оразаның қазасын Айттың екінші күнінен бастап өтеуіне рұқсат. Дегенмен, Айтты ел қатарлы тойлап, өзгелерден оқшауланбай ораза қазасын Айт күндерінен кейін өтегені жөн.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ