Төлеби ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ана демеушілерге ризашылығын білдіріп көзіне жас алды.
Түркістан облысында Төлеби және Отырар ауданының пробация қызметі қызметкерлері қасиетті Рамазан айында көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін таратуда. Жыл басынан бері пробация есебінде тұратын сотталғандарға әртүрлі көмек түрлері көрсетіліп келеді. Енді «Жомарт жандар» марофоны аясында тағы да әлеуметтік аз қамтылған отбасыға азық-түлік себетін берді.
Қасиетті Рамазан айында жаны жомарт азаматтардың демеушілігімен Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімі есебінде тұрған аз қамтылған отбасында мүгедек баланы тәрбиелеп отырған және бас бостандығынан айыру орындарынан босап, қоғамға етене араласып кете қоймаған 10 отбасыға да азық-түлік таратылып, жүректеріне жылу сыйлады. Ал Отырар ауданыда екі отбасыға азық-түлік себеті берілді.
Атын атамауды сұранған бүгінгінің Атымтай Жомарты бұндай қайырымды іс адамзат баласының бір-біріне мейірімін оятып, қамкөңіл жандардың көңілін сергіткенінің өзі сауап дейді.
Төлеби аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және аудандық пробация қызметі бөлімі абзал азаматқа көпшілік атынан рахмет айтып, деніне саулық, ісіне береке және әрқашан абырой биігінен көріне беруін тіледі .
Сондай-ақ қасиетті Рамазан айында он отбасыға азық-түлік себетін таратуды бастаған. Азық-түлік жиынтықтарын жағдайы төмен отбасылар және олардың арасында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек жандар, зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы аналар және т.б алады. Азық-түлік жиынтығына күнделікті қолданыстағы ең қажетті тауарларды жинақтаған. Яғни, май, ұн, күріш, жарма, қарақұмық, қант, шай, томат пастасы. Бір азық-түлік себетінің салмағы шамамен 20-25 кг құрайды.