Жыл басталмай жатып елімізді ғана емес, әлемді дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасы күппеген және «күткен» қасірет әкелді. Себебі елдегі ахуал, кеңестік құрсаудан шығып 30 жылдық тұзаққа түскен тұрлаусыз тіршілікте күндердің күнінде әділетсіздік пен жемқорлық, басып-жаншудан ашыққан халықтың бір бас көтеретініне көпшілікте күмән жоқ еді.

Ал байлықтың үстінде отырып қымбатшылықпен қысқан билікке наразылығын көкейінде 2011 жылғы қанды қырғынның жарасы болса да Жаңаөзен халқы бейбіт түрде талап еткен еді. Бұл бүкіл елдің бойындағы сыздауықтың шиқанға айналған сәті болса да, халық бейбіт түрде Жаңаөзен халқын қолдап қана емес, өз мұң-мұқтажын қоса арқалап шықты. Бірақ бейбіт алаңның арандатушылардың айлаға асырып кетерін ешкім күтпеді. Халық та, қазіргі билік те.

Иә, оқиғаның өрбуі әлем назарында. Қантөгіске басты кінәлілер туралы ел ішінде де, сыртқы әлемде де түрлі болжамдар айтылуда. Шетелдік ақпарат көздерінде беріліп жатқан ақпарат, сұхбат, сараптама, талдаулар, спикерлер көп нәрсені ақтарып, астарлап жеткізуде. Көзіқарақты жұртшылық анық түсініп отырса да, ел назарын теріс жолға бұрмалауға бейім ақпараттар да өз миссияларын жасап қалуға әлек.

Біршама ақпарат көздерін, сараптамаларды салыстырсам да, өте нәзік те батыл, сатқындық пен адалдық, шындық пен өтірік, ақиқат пен жалғандық арпалысып, шынайы бетбейнелерді айқындай түскен оқиғаның саяси астарына кіру менің мүддем емес. Бірақ қаңтар қасіретінен оңалуға қатысты пікіріміз пайдаға тиер деген үміттеміз.

«Біз Тоқаевты қолдаймыз, ол жемқорлықты тоқтатсын!» деген жалаңаяқ аңғал жастар мен жұртшылық арасына мақсатты түрде кірігіп кеткендерді ешкім күтпеген. Сондықтан қолдарына таяқ ұстап, әскерилер мен полицияларды көрсе, бас салып біреуіне он шақты жабыла кететін қара киімді қаракөздердің, қаруланған жабайы топтың жай шерушілермен арасы жер мен көктей еді. Көзді ашып-жұмғанша бейбіт қаланы қирату бұзақылығынан асып, айуандық әрекеттермен қанға боялған қиын сәтте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр сөзі мен шешімінен үміт еткен халық пен айтылған сөздерді бұрмалаушылар қатар бой көтерді.

Әуелі шетелдік сарапшыларды елең еткізген мәлімдеме арасынан «Алматыға шабуыл жасаған 20 мың террорист» деген сөзді шығарып, талқыға салуда. Осыған орай ел ішінде де, сыртында да сөзді іліп әкетіп, ілік іздеушілер де, ұпай жинаушылар да көпшілікті шатастыруда. Билікті көздеген мақсатты топтың бүліктерін дінмен байланыстырып, жалпы мұсылман жамағатына топырақ шашуға ұмтылушылар да бар. Сондықтан маман ретінде ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді жаулап алған мәліметтердің ақ-қарасын ажырату үшін Президенттің сөздерін қайта-қайта тыңдап қарауға тура келді.

Біріншіден, «20 мың террорист» деген нақты сөз тіркесі болған жоқ, «Алматының өзіне 20 мың бұзақылар шабуыл жасады» деп айтылған. Сондай-ақ бұл арада террористердің тікелей қатыстылығы, шетелдік содырлардың бар екені мәлімделді. Себебі белгілі халықаралық террористердің тәжірибесіне сай бұзақылар мәйітханаларға шабуыл жасап, өз адамдарының мәйітін алып кеткендігі, алаңдағы қаруластарының мәйіттерін қалдырмай іздерін суытуы айтылды.

Осыған орай 20 мың бұзақының өзіне күмән келтіріп, митингіге қатысушылардың барлығы ары кетсе, 20 мыңға жуық дегендей күдіктерін келтірушілер бар. Алайда болған оқиғаларға сай ақпарат құралдарына сүйенсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «20 мың» деген санына күмән қалмайды. Сондықтан бір мезгілде маңызды нысандарға жасалған шабуылдардың қатарын саралайық:

Жаппай қиратып, өртеу қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні орын алған.

Алматы Орталық алаңына шоғырланған маңызды нысандарға тоқталсақ, Алматы әкімдігі мен Қазақстан Ұлттық арнасының түк қалмай өртенуі, одан өзге Президент резиденциясы жалынның астында қалып, «Еуразия» арнасының Алматы филиалы, «Европа плюс», «Русское радио» тоналып, өртелген.

«31 арна» хабарлағандай, Алматы Полиция департаменті қару сақталған бас кеңсесі мен 3 бірдей әкімшілік ғимаратына, түнгі 24:30-тен таңға дейін Алматы полициясы департамент, бөлімдеріне 27 шабуыл жасалған. Сондай-ақ Әуезов, Медеу, Бостандық, Алмалы, Түркісіб, Наурызбай, Алатау аудандық полиция бөлімдерін,  одан өзге көптеген дүкендер, бизнес орталықтары қиратылып, тоналған. Ескеретін нәрсе барлығы бір түнде бір сәтте жасалған. Сол түні бірқатар офицерлері мен курсанттарынанан айрылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі академиясына да шабуыл жасалып, зардап шекті.

Бір түнде болған осынша оқиғаны санаулы топ жасауы мүмкін емес, нақты мақсатты дайындалған қалың қарулы топтардан келген қасірет. Оған келесі оқиғаларды қосайық.

5 қаңтарда Фейсбук желісінде Жандос Құрманбаев деген азаматтың Сейфуллин мен Шевченко көшелерінің қиылысында көпқабатты үйден сағат  14:40-та түсірген  15:47  минуттық бейнематериалынан көп нәрсені байқауға болады. Автор Орталық Алаңға ағылғандар арасында қарусыз шамамен  1200-дей Ұлттық гвардия жауынгері мен 500-дей ОМОН сарбаздарын байқаған. Бірақ олардан өзге шамамен 15 мыңдай адам өтсе, оның басым бөлігі  агрессивті, қолдарында таяқ, арматуралар, әскери қалқандар мен каска кигендер екенін айтқан.

Түсірілімнен байқағанымыз, көбісі қара киінген, арасында қызыл курткалар қылаңдайды. Әскерилерге тап беріп, жабылап тепкілеп, киімдерін тартып алып жатыр, бір кезде жедел жәрдем көлігін көріп шабуылдап жүгіре бастады. Ақпарат құралдарында сол кезге дейін «300-дей нысан қиратылып, оның ішінде 120 дүкен тоналып, дәмханаларға баса-көктеп тамақ пен ішімдік талап еткен адамдар жайлы ақпаратқа  сенбеу мүмкін емес» деген автор, «агрессивті қаруланған қара киімді  адамдардың ешқандай  бейбіт шеруші емес, олармен диалог жасау мүмкін емес» деген ойын да ашық айтқан.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ислам терроризмді қолдай ма?

Дәл сол күні Алматы қалалық әкімшілігі мен Президент резиденциясына жақын ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайындағы шабуыл әрекеті оқиғаны айқындай түседі. Музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызының айтуынша, шамамен сағат 16:00 кезінде 200-дей шабуыл жасаушы жастар мұражайға ентелеп кірген.

Қиратуды көздеген топты тоқтатқан Бибігүл Дәндіқарақызынан олар «Алтын адамның» түпнұсқасы мен қылыштар, алтыннан жасалған бұйымдарды талап еткен. «Шабуылдаушылар бес сағаттай музейде болған кезде бункерде құқық қорғау органдарының 15 адамы жаралы жатқанын білмеді. Барынша білдірмеуге тырыстық. Араларында біреуі барынша тіміскілеп, сақтық танытып, бірдеңеге сезіктеніп жүргенін байқадым. Оны да сөзге тартып, көңілін аулауға тырыстық», – деді Б.Дәндіқарақызы.

Бұл басбұзарлар жайлы kazmuseum.kz: «Бір кезде арасындағы 20 шақтысы діни рәсімдерін жасап, музейде тыныштық орнады. Құлшылықтарын жасаған соң, барлығы сөзге тоқтады. Арасындағы біреуіне бағына бастады. Шамамен 5 сағаттай уақыт өткен соң, сырттан қара пальто киген екі жігіт келді. Жақсы киінген, түзу адамдар сияқты көрінді. Ол екеуі топты басқарып жүргендермен сөйлесіп, Алматы әуежайына кететінін, біраз уақыттан соң қайтып келетінін және музей ғимараты олардың штабына айналатынын айтты»,-деген.

Ал белгісіз де белгілі жағдайда күзет, тәртіп сақшылары қалмаған Алматы әуежайына шамамен 800-дей адам шабуыл жасаған.  Бұған көшеде өртелген көліктер, қиратылған  ғимараттар, әскерилер мен полицияларға жасалған шабуылдарды қосыңыз.  Міне, бұл алғашқы тәуліктегі көріністен кейін бұзақылар мен содырлардың қатары 20 мыңнан кем деу ақылға сыймайды.

Сондықтан Мемлекет басшысының сеніммен айтқан сөздеріне күмән келтіру мүмкін емес. Ал 30 жыл бойы қысымға ұшырап, бос уәдемен алданған елдің күпті көңілін сан-саққа аудыруды көздеген ақпарат көздерінің нені көксейтіні белгілі. Сол сияқты «Нұр-Отан» кеңселері секілді нысандардың қатар қиратылуы негізгі пиғылды жасыруға жасалған қосымша әрекеттер екеніне күдік қалмайды.

Мұражайға жасалған шабуылдан байқағанымыздай, өзара белгісі бар 200-ге жуық адам араларындағы белсендіге бағынса, оны сырттан жүйелеп отырған қара пальтолы тағы да басқарушы топ бар. Сондай-ақ алаңға шыққан бүлікшілерді қызыл курткалы адамдар тобы басқарғандығы жиі айтылуда.

Қаңтар қасіреті қанша шаңырақты ортасына түсіріп, қанша адамның өмірін жалмағанын дәл қазір ешкім айта алмайды. Себебі алғашқы күндері-ақ мәйітхана мен қақтығыс орнындағы мәйіттерінің өзін жоқ қылу жәй бұзақылардың емес, нағыз әккі содырлардың әрекеті болса, олардың қолға түсе қоюы екіталай. Сондықтан бүлікшілердің қайта соққы жасамасына кім кепіл? Өйткені 30 жылдық билікке бағынышты топтардың санасы бірден өзгере қоймасы анық. Ал жылан қырық жерден кесілсе де кесірткедей күші болатындықтан, «биліктен айрылған кектің қайталануы мүмкін бе?» деген күдік бар. Тіпті біршама тынышталса да комендант сағаттарында бейбіт тұрғындарға оқ атып, мерт қылып жүргендер әскери киімге жасырылған «содырлар» емес пе деген күдік тудырады. Оған қос желтоқсаншы ардагердің атылып, көлігімен қоса өртелген өлімдеріне ұқсас оқиғалардың аз болмауы ой салады. Осынша опасыздықтың ылаңы біраз уақыт қарапайым халық пен билік тарапына босаңсымауға сабақ екені анық.

Ел аман болса, қираған ғимарат қалпына келіп, тоналған мүлік орны толар. Қаңтар оқиғасының бір сабағы халықтың құқық қорғаушыларға деген ашу-ызасы да бекер емес. Сондықтан ескі әуенмен  «20 мың бұзақы» санын толтыру үшін бейбіт адамдар «бұзақы, террорист» болып айыпталып кетпейді ме деген алаңдаушылық басым. Халық ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлын шынайы қолдайды, сол үмітті нығайту үшін нақты батыл қадамдар аса маңызды. Соның бірі арнайы қоғамдық өкілдерден құралған құрамды комиссия жасақталуы мемлекет тарапынан қолдау көрсе, әділеттілікті жақындатар еді деген үмітіміз бар.

Сөз соңында бірқатар ұсынысымызды да айта кетуді жөн көрдік:

1.Бейбіт адамдар әділетсіздік құрбанына айналып, жазалануына жол бермеу;

  1. Биліктен айрылушылардың сес көрсетіп, содырлық кекті соққысы қайталануы мүмкіндігінен сақтану;
  2. Құқық қорғау орындарына қатысты халық арасында әлеуметтік зерттеу арқылы негізгі өзекті түйткілдерді анықтау;
  3. Қақтығыста асыраушысы, ұрпағынан айрылған отбасыларға көмек;

5. Қақтығыста денсаулығынан айрылған курсант, әскерилер мен полицейлердің денсаулығының оңалуына қолдау;

6. Қанды қасірет себептері мен салдарына қатысты әлеуметтік зерттеулер арқылы арнайы бағдарламалар жасау.    

Айша КЕҢЕСБАЙ,

дінтанушы-журналист, Нұр-Мүбарак университеті

Пікір жазу