Ертіс өңірінде Құрбан айт мерекесі қарсаңында жаңа мешіт бой көтерді. Алла үйі облыс орталығынан шалғай жатқан Аққулы ауданының Шақа ауылында ашылды.
Ал Құрбан айт күні тағы екі ауылда ғибадат орындары қолданысқа беріледі.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мешіт көп жылдар бойы ескі жер үйде орналасқан. Жаңа ғимараттың салынуын мұсылман жамағат көп күтіпті. Жұртшылықтың арманы биыл орындалды. Енді ауылдықтар әр таңды жаңа мешіттен шақырылған азамен қарсы алмақ.
– Мешіттің ашылуына ауылымыз бір адамдай атсалысты. Демеушілер қаражат бөліп, құрылыс жұмыстарына атсалысты. Қуанышымызда шек жоқ. Енді ауылдастар осы жерге келіп, намаз оқиды. Аралас-құралас болып, діни мерекелерді бірлесіп атап өтеміз. Алғысымыз шексіз. Көптен күткен арманымыз орындалды, – дейді Шақа мешітінің имамы Әли Жұмашұлы.
Бұл ауыл бағзы заманнан дінге берік халқы бар киелі жер. Кеңес заманында бұл ауылдан тоғыз молда шығып, халық арасында рухани жұмыс атқарғаны тарихтан белгілі. Мереке қарсаңында ауылда сәйгүлектер бәйгесі және құнан жарысы өтті. Ал мешіттің ашылуына үлес қосқан бір топ азамат Алғыс хаттарммен марапаттылды.
Айта кетейік, Құрбан айт күні Қызылжар және Жетекші ауылдарында да мешіттер есіктерін айқара ашады. Ал «Құлагер» ипподромында құрбан шалу рәсімі өткізіліде. Діни мейрам аясында қаланың түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Ақмаржан ӘДІЛБЕК
Фото: автордан